- Advertisement -

Біртуар қайраткерге тағзым

18

- Advertisement -

Тау алыстаған сайын биіктей береді. Жылдар жылжып, ғасыр ауысып, белгілі бір кезеңдер тарих түкпіріне ене түскенімен, халық жадында қадірлі есімі сақталған тұлғалардың беделі асқақтап, санамызда саралана түседі. Дәл осындай тұлғалардың бірі – Дінмұхамед Қонаев еді.

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері халқы үшін қалай аянбай еңбек етсе, елі де оны дәл солай ұлықтап, төбесіне көтерді, елеулі еңбектерін ескерді. Дінмұхамед Ахметұлының өмір жолының тақтайдай тегіс болмағаны белгілі. Өзі де бірқатар өсиет-естеліктерінде ғұмырында қуаныш пен қайғының қатар жүргені туралы айтып кеткен-ді.

Дінмұхаммед Ахметұлы жарты ғасырға жуық ел тағдырына араласқан абыройлы ұл, көреген саясаткер ретінде есте қалды. Ұлт мүддесін қорғап қалуға келгенде ешкімге есе жібермеуге тырысып, «Жаны – арының садағасы» екенін де дәлелдей білді. Өзбекстанға өтіп кеткен Қазақстан аудандарын қайтару, тың жерлерді игеру, Ерейментау топырағынан неміс автономиясын ашуға жол бермеу және Шардараға атом электр станциясын салдырмау мәселесіне келгенде барынша табандылық таныта білді. Осы қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан одақ бойынша екінші астықты алқапқа және көпсалалы өнеркәсіп аймағына айналды. Дінмұхамед Ахметұлы Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өрісі биік жан екенін көрсетті. Оның еңбек жетістіктері, экономика негіздерін құруға қосқан үлестері тәуелсіз Қазақстанның кейінгі дамуына негіз болды.

Жалпы, бар ғұмырын туған Отанының гүлденуі мен халқының жағдайын жақсартуға, жігерлі жастарына қамқор болуға арнаған, байлық жинамай, ақ жағасына дақ түсірмей, қарапайымдылықты ту етіп өмірден өткен еңбек сіңірген дарабоз тұлғаны қалай мақтасақ та жарасымды. Өйткені, профессор С.Әубәкіров айтқандай, «ол көзі тірісінде қандай абырой мен атаққа, бақ пен даңққа ие болса, дүниеден өткен соң да сондай құрметін жоғалтпаған, тарихта сирек кездесетін ұлы тұлғалардың бірі».

Оның өнегелі өмірін бір мақалада толық айтып жеткізу мүмкін емес. Ол үшін Дінмұхамед Қонаевтың есімін ұлықтау, оны дәріптеу және оның халыққа жасаған еңбектерін халыққа насихаттау жұмыстарын жүргізу ісін кеңінен іске асыру қажет. Бұл ретте Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 2022 жылы туғанына 110 жыл толуына орай, Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің ғимаратында ашылған Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Д.А.Қонаев орталығының» қызметкерлері мектеп оқушыларымен, зиялы қауым өкілдерімен түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, өткізуде. Биыл көрнекті қайраткердің туғанына 112 жыл толуына орай, бірқатар іс-шаралар өткізілді. Жыл басынан бері «Ұлыны ұлықтау», «Ғасырдың дара перзенті», «Мақтан тұтар ұлы тұлға», «Дәуір данасы» атты тақырыптық экскурсиялар, «Ұлт көсемі» атты жылжымалы фотокөрме өткізілді.

…Уақыт өткен сайын қазақ халқының аяулы перзенті, заңғар таудай ардақты ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі де асқақтай түсері сөзсіз. Оның жарқын істері мен ұлтына деген ақ пейіл, адал қасиеттері кеңінен насихатталуы керек деп ойлаймын. Өйткені, Дінмұхамед Ахметұлының есіл есімі халқының жүрек төрінен орын алған, ұлт тарихының тереңінде тұрған қайраткер тұлға, тарихи тұлға!

 

 

Эра ЕЛТҮЗЕРОВА,

«Д.А.Қонаев орталығының» маманы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support