- Advertisement -

Орталықта оңды іс көп

19

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев атқарған жұмыстары және алдағы жоспарлары бойынша есеп берді.

Баяндамашының айтуынша, аталған орталық 2019 жылы 25 желтоқсанда облыстың 80 жылдық мерейтойы аясында салтанатты түрде ашылған. Бұл жылы «Шынның жүзі – Шераға» тақырыбымен онлайн форматта алғаш облыстық жас ақындардың жыр мүшәйрасы мен бейнероликтер байқауы ұйымдастырылған. Жыр додасының жеңімпазы, ақын Нұржан Қадірәлінің алғашқы жыр жинағы «Жүрек өрті» баспадан шығып, оның тұсаукесер рәсімі де орталықта өткен.

Жыр дүлдүлі, айтыс өнерінің дарабозы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Ақыл-ойдың алғыры» атты облыстық жабық ақындар мүшәйрасы, өзге ұлт өкілдері арасында облыстық, республикалық «Жамбыл жырлары» байқауы болған. Ұлттық дәстүрді ұлықтаудың жалғасы ретінде Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Тараз қаласындағы мекемелері арасында ұмытылған салт-дәстүрлер мен тағам түрлерін насихаттау мақсатында «Дәстүрім – қазынам» байқауы да ұйымдастырылыпты.

Нар тұлғалы ақын Нарша Қашағанұлының туғанына 70 жыл толуына орай, «Наршаның сөзі – баршаның сөзі», өлең-жырдың ақ гүлі Күләш Ахметованың 75 жасқа толуына орай, «Жапырақ – жаздың жүрегі», ақын Арғынбай Бекбосынның туған күні қарсаңында «Елінің салқындамас сағынышы» іс-шаралары көпшілікке ұсынылған.

Орталықта «Өлкеңді таны» танымдық ойыны, «Туған жердің тасы да ыстық» ғылыми мақалалар байқауы, «Тәуелсіз елдің жүрегімін» шығармалар байқауы дәстүрлі өткізіліп келе жатыр.

2024 жыл аталған орталық үшін елеулі, мерейлі жыл болып отыр. Өйткені орталықтың ашылғанына биыл тура 5 жыл.

Жазушы Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына орай біршама кешенді іс-шаралар да жүзеге асқан. Шерхан Мұртазаның Жуалы ауданы, Талапты ауылындағы үйін мұрагерлері мемлекет меншігіне сыйға беріп, бүгінде ол үй Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалды үйі ретінде ашылыпты. Шер-аға тойы сол үйдің маңында дүркіреп өткені де тарих. Аталмыш үй, тек музей функциясын ғана емес, сондай-ақ облыс бойынша жас жеткіншектерге әдебиет сабақтарын саяхат арқылы тану орталығы ретінде де қызмет көрсетіп жатыр. Соның негізінде 2022-2023 жылдары «Түсіме жиі Мыңбұлақ кіреді» әдеби сағаттар легі циклді форматта үздіксіз ұйымдастырылған. 2024 жылы да бұл үрдіс өз жалғасын таппақ.

Бір жыл ішінде Шераға үйіне 1000-ға жуық қонақ арнайы ат басын бұрып, рухани тәлім алды. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер көп.

Бұл үйден Шерхан Мұртазаның елуден аса қойын дәптері, жүзден аса хаттары, қолжазбалары анықталды. Ол құжаттар бүгінде Руханият және тарихтану орталығында сақталған. Күнделік жазбалары негізінде 2022-2023 жылдары «Ауылды, сені сағынам» атымен төрт томдық жинағы жарық көріп, бүгінде облыстық кітапханаға беріліпті.

Сонымен қатар, жазушының мерейтойына орай республикалық «Шынның жүзі – Шераға» мүшәйрасы ұйымдастырылып, оның жеңімпаздары Жуалы жеріндегі салтанатты шарада марапатталған.

2023 жылы Шерхан Мұртазаның: «Театр көбейген елде, түрме азаяды» деген сөзін ілгері тартып, мектеп жасындағы оқушылардың арасында драма үйірмелерінің жемісін ортаға салуды жөн көріп, «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» фестивалі ұйымдастырылыпты.

Фестивальде облыс аумағынан барлығы мектеп жасындағы балалар арасынан 7 ұжым өнер көрсетіпті.

Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына арналған «Ақын от, лаулап жанған аспанға өрлей» жыр сайысы да ерекше форматта мектеп оқушылары арасында өткен жайы бар.

Әр жылдары орталықтың қызметкерлері облыс әкімінің «Әулиеата үміті» сыйлығын «Үздік жас айтыскер» номинациясы бойынша ақын Дидар Апбасов, «Үздік баспасөз хатшысы» номинациясы бойынша Ғалия Аблай, «Үздік мобилограф» номинациясы бойынша, Берік Жолшан иеленіпті.

Жалпы, орталық 5 жылда 70-ке жуық дөңгелек үстел мен кездесулер, сұхбаттар, 10-нан аса әдеби сазды кеш, 5 кітаптың тұсаукесер рәсімін, 20-ға жуық түрлі форматтағы байқаулар мен мерекелік шаралар, 1000-ға жуық экскурсия, ауқымды 2 конференция өткізген.

Биыл аталмыш іс-шаралар «Мың бір мақал», «Дәстүр» фестивалі, «Өлкеңді таны» танымдық ойыны, Үміт Битенова, Хамит Есаман, Қайырбек Асанов, Мейрамбек Төлепберген сынды тұлғалармен кездесу форматында және «Жас археологтар» клубын ашумен өз жалғасын таппақ.

Жиын соңында Сауран Қалиев журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support