- Advertisement -

Жоғары оқу орындарындағы жаңалық

36

- Advertisement -

Өркениет үдерісінде болашағының жарқын, өрісінің кемел болғанын қалайтын әрбір зайырлы мемлекет болашақ ұрпақтың терең білімі мен тәрбиесіне, олардың толыққанды тұлға болып қалыптасуына жіті көңіл бөліп, мол мүмкіндіктер жасауға тырысады.

Табысты болудың алғы шарты – терең білім. «Білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры» десек, «Ғылым – арнайы даярланған адамдардың шынайы өмірдің әртүрлі қырларын танып-білуге бағытталған ерекше рухани қызметі». Ғылымның негізгі міндеті – өмірге инновацияларды енгізу болса, осы орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетіне қарасты «Педагогика» кафедрасында кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Бұзаубақова ғұмырын терең ізденіске жұмсай отырып, Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық гранттық қаржыландыру бойынша АР19680242 «Қазақстан Республикасында педагогикалық білім беру жүйесін жаңғырту аясында жоғары оқу орындарының коллаборативті цифрлы білім беру ортасын құру» атты тақырыпта ғылыми жобасын жеңіп алды.

Клара Жайдарбекқызы – жаңалыққа жаны құмар жан. Сондықтан да болар, ғалым басқаратын кафедрада дүниеге келген инновациялық ғылыми жоба аясында қажырлы жұмыстар атқарылуда.

Жобаның мақсаты – жаңа жағдайдағы Қазақстанда инновациялық ғылыми-зерттеулер жасай алатын, цифрлы-креативті құзыреттіліктері қалыптасқан, жаһандық бәсекеге қабілетті болашақ педагогтерді дайындау үшін педагогикалық білім беру жүйесін жаңғырту аясында қазақстандық жоғары оқу орындарының өзара ықпалдастығы негізінде коллаборативті цифрлы білім беру ортасын қалыптастыру моделін әзірлеу.

Қандай істің болсын ғылыми дәлелді болғаны – нәтижеге апаратын жол. Ғылымға негізделген жұмыс әрқашан жемісті. Осы тұрғыда, жаңа жағдайдағы Қазақстанда педагогикалық білім беру жүйесін, жоғары оқу орындарының коллаборативті цифрлы білім беру ортасын қалыптастыруда цифрлық оқыту ресурстарын ұтымды пайдалану, іс-тәжірибені үйрену, пайдалану, зерттеу, насихаттау және педагогикалық білім беру әлеуетін күшейтуде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті арасында бірыңғай ортақ бірлескен желілік-әдістемелік байланысын орнатып, коллаборативті педагогикалық консорциум құру туралы келісімшарт жасалды. Консорциумдарды құрудың негізгі мақсаты – бірнеше ұйымдардың ресурстары мен құзыреттерін біріктіруді талап ететін ауқымды жобаларды жүзеге асыру.

Жоба аясында Дулати университеті мен Мармара университеті ғалымдарының арасында коллаборативті ғылыми зерттеулер бастау алды. Жоба жетекшісі профессор Клара Бұзаубакова және жоба мүшесі Әсел Беделбаева былтырғы қараша-желтоқсан аралығында Түркия мемлекетінің Стамбул қаласындағы ең көне және ең ірі университеттердің бірі, Түркиядағы әлемге танымал ең көптілді, атап айтқанда, түрік, ағылшын, неміс және француз тілдерінде оқыту жүргізілетін Мармара университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.

Ғылыми жобаның алғашқы бастауы ретінде «edu-collaboration.kz» деген доменмен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жұмыс істейтін педагогикалық портал іске қосылды.

Жалпы, жоба нәтижесінде Қазақстандық ЖОО-ның ішкі академиялық ұтқырлықтары артады. Өзге ЖОО-ның цифрлы білім беру ресурстарын пайдалануға кеңінен жол ашылады және онлайн курстар, онлайн сабақтар, онлайн байқаулар, вебинарлар өткізу арқылы оқу орнының профессор-оқытушылары мен болашақ педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік туады. Жаңа Қазақстанның бүгінгі сұранысын қанағаттандыратын жаһандық бәсекеге қабілетті, цифрлы құзыреттілігі қалыптасқан білікті педагогтар даярланады.

Аталмыш жоба аясында қазақстандық жоғары оқу орындарының зияткерлік ресурстарын бір арнаға шоғырландыру және олардың беделді ғалымдары мен әдіскерлері қолда бар пәндердің цифрлы оқыту контенттерін сапалы дайындауға күш біріктіреді.

 

Миршат ЕЛУБАЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы,

педагогика ғылымдарының кандидаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support