- Advertisement -

Ізгілік шамшырағы

305

- Advertisement -

Сынаптай сырғыған уақыт. Сыныптағы күні кеше бұлғақтап жүрген бұрымды қыздар бүгінде байсал тартқан бәйбішеге айналды. Сонда да көңілдің көк дөнені баяғы көзінен іңкәрлік шуағы төгіліп тұратын көк көйлекті көрікті қыздарды іздейді. Алыстағы ақ сағымдар арасында жүрген Ғазиза, Фарида, Анарларды «Ақ көйлек киген, көк көйлек киген құрбыларым да бар…» деп бозбала күндегідей биге шақырғың келеді. Әттең, ән бүгінгі, сән кешегі. Сондықтан болар бәрі үнсіз. Анда-санда той-жиынға тояты басылмаған Гүлдархан ғана сыныптың чаты арқылы «Ей, жігіттер, қайдасыңдар? Бізді вечерге қашан шақырасыңдар?», – деп қалжыңдап қояды. Құрдастар да үнсіз. Бәрінің тай кезінде тасыраңдап жүретін баяғы арындары басылған. Бір кездердегі иірсең алшы тұрар сайғақтың сақасындай жігіттер бүгінде самай шаштары ағара бастаған бір-бір үйдің отағасы. Әлеуметтік желіде көптен көрінбей кеткен Мақсат бүгін чатқа жазды.

«Құрдастар, қалайсыңдар? Жақында Нұрша әпкей жетпіс жасқа толады. Бәріміз сынып болып құттықтап қайтайық. Мектеп бітірерде ол кісі сырқаттанып, ауруханада ұзақ жатып қалғанын білесіңдер. Сол кезде туған әпкеміздей бізге бірнеше жыл класс жетекші болған ұстазымызға дұрыстап рақмет те айта алмағанымызға әлі күнге дейін өкінемін. Төрт көзіміз түгел, аман- есен жүргенімізде енді соның орнын толтырайық».

Кенет, біраздан қараусыз қалған үйдей қаңырап бос тұрған сыныптастар чатына жан бітіп, үрлеген шоқтай жалындап сала берді. Екі кештің арасында мектеп бітіргендеріне отыз бес жыл болған «бозбала мен бойжеткендер» бой түзеп, естеліктер еліне бет бұрды. Теміржан Нұрша әпкейдің сол кезде ерекше әдемі болғанын айтты. Жазира «қазір де жаман емес», – деді әдемі әпкейімізді қартайтқысы келмей. Гүлдархан мен Шынар мектептің дискотекасы кезінде ұстазымыз сыныптың қыздарына желіккен жігіттер тиісіп қоймасын деп би кеші аяқталғанға дейін бір бұрышта тапжылмай отырып, соңында бәрін балапан санағандай түгендеп, үйлеріне шығарып салатын әпкелік қамқорлығын еске алды. Қоғамдық жұмысқа белсене араласқан Жандос сынып сағатында әпкейдің оқушылардың тәртіпсіз қылықтарын қызықты мысалмен тәптіштеп жеткізетін тапқырлығына таңданыс білдірді. Беделхан Қайырбек сабақтан қашқанда Нұрша әпкей қалай ұстап алғанын айтып бәрін күлдірді. Махмұд соңында мұғаліміміздің толық аты-жөні Нұрша емес, Нұршагүл Мирсабирова деп түзетті. Бәрін айт та, бірін айт, ұстаздары туралы тақырып сыныптастар чатын түннің бір уағына дейін шаттыққа бөлеп тұрды.

Өмірдің өрлі-құзды ағысымен түрлі қызметтерде жүргенде тапқан еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған достармен анда-санда бас қоса қалған кездері араларында менен «сендер мұғалімдеріңді әлі де әпкей» дейсіңдер ме? – деп сұрайтындары бар. Енді ше, деймін масаттана бас изеп. Кейбірі «біртүрлі естіледі ғой» дейді таңқалғанын жасырмай. Неге «апай» емес? Неге «мұғалім» емес?, Неге «Пәленше Түгеншеқызы емес?» деп есті алып қазбалап қоймайтындары тағы бар. Кейіннен білсем, кең-байтақ Қазақстанда мектептегі әйел ұстазды «әпкей» деп аялап, ардақтап атау Жамбылда ғана екен. Білмеймін, әйтеуір өзіме әпкей деген тіпті ерсі көрінбейді керісінше, ерекше ұнайды. Біртүрлі ыстық көрінеді. Мақсат құрдасым айтқандай, әпкей сөзінің астарында «әпке» деген жып-жылы, бауырмал сезім жатқанын жүрекпен сеземін. Өйткені, әпкейлердің әрқайсысы бізге әпкеміздей жанашыр болды, балалық тентектігімізге төзді, бірдеңе үйренсін деп жүйкесін тоздырды, үлгілі болсаң үбектеп, мейірімін төкті.

Бізді мектеп бітіргенше қолымыздан жетектеп жүріп оқытқан Нұрша әпкейдің жас кезін есіме алдым. Шынында да әдемі етін. Қабағы түйілгенде қаталдау көрінгенімен әншейінде жүзінен мейірім лебі есіп тұрады. Әсіресе, күлген кезде екі бетіндегі қос шұңқыры тереңдей түсіп, ерекше сұлуланып кетеді. Әпкейді әлемдік деңгейдегі бір актрисаға ұқсаттым. Кім еді? Енді есіме түсті. Анжелина Джоли. Иә-иә, сол. Шоқтай жанған танадай көздері, сүйірлеу келген сүйкімді жақ, оймақ ауыз. Дәлме-дәл. Қоя тұр, Анжелина Джоли 74-і жылғы емес пе? Біздің әпкей 54-і жылғы. Аралары бақандай жиырма жыл. Олай болса, Анжелина Джоли біздің Нұрша әпкейге ұқсайды. Солай. Біздің әпкей Анжелинадан бұрын сұлулығымен танылған. Әлі де әдемі! Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді деген осы.

Осы жасыма келгенше Қазақстанның қай бұрышы болмасын ілуде бірі болмаса алгебра мен геометрияға аңсары қатты ауған ауыл баласын көп кездестіре қоймаппын. Бұл қазақты есепке шорқақ деп кемсіту емес. Уағында аталарымыз миллиграмм, киллограмм, тонна деп бас қатырмай-ақ, «қос уыс-бір килә» деп бидайды далалық долбармен есептеп жүргенде де ешкімге есесін жіберген жоқ қой. Қайта, қазақы пейілге салып «алған да мәз, сатқан да мәз» болып, көңіл көңілден су ішіп жүре беретін. Біздікі де сол «алма – алма ағашынан алысқа түспейдінің сиқы болса керек. Бірақ, бізге Нұрша әпкей математиканың майын ішкізбесе де, ақ қаймағын аямай ұсынды. Талапшылдығының арқасында тангенс, котангенсті сабақтан қаша беретін Қайырбек те, аптаның екі күнінде ғана сабаққа қатысатын Құрманғазы да жатқа соғатын. Әлбетте, бізден әлемді аузына қаратқан Архимедтер мен Пифагорлар, Софья Ковалевскаялар шыға қойған жоқ. Бірақ, Алматыдағы атақты Жәутіков атындағы республикалық физика- математика мектебінен арнайы комиссия келіп, біздің қатарластар арасында іріктеу өткізгенде Нұрша әпкейдің үш бірдей оқушысы, яғни Алтай Пірімбетов, Анар Дәулетқұлова және осы жолдардың авторы оқ бойы озық көрінген. Алайда, Алатаудың бөктерінен арнайы келген ағайдың бізді Алматыға ап кетемін деген уағдасына үшеуміздің де ата-анамыз «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген сыңайда жауап беріп, әке-көкелеп ауылда қалдырғандары әлі есімде.

Сыныптың қыздары шетінен сымбатты еді. Он екі де бір гүлі жаңа ашылып келе жатқан жауқазын қыздарды Нұрша әпкей сырт көзден қызғыштай қорғап жүретін. Сабақтан кейін қыздарды жеке алып қалып сырласады. Қазақтың қызына тән әдепті үйретеді. Жүзіктің көзінен өткендей жас сұлуларға көз тастап, сөз салып жүрген жігіттерге баға береді. Байқап жүруді еске салып, ата-ананың, мектептің, ауылдың алдында абыройлы болу керек деп ақылын айтады. Ұлдармен де інілеріндей ұғысады. Бұзық болсаң ұрсады, түзік болсаң түсінеді. «Жігіт болсаң шоқ бол» деп жігеріңді жанып, намысыңды қайрайды, бірақ намысқа тиетін сөз айтпайды. Сөз демекші, құрдастар бүгінде сабақтан көп қала беретін Құрманғазы туралы естеліктерді жиі айтады. Әлі есімде, Нұрша әпкей классқа кірген бойда «кезекші кім, сабақта кім жоқ?», – деп сұрайтын. Кезекші қыздар оқушыларды тез түгендеп үлгермегенде, Құрманғазының қашанда сабаққа қатыспайтын дағдысын ескеріп, едел-жедел «сабақта Имашовтан басқаның бәрі түгел» дей салатын. Бір күні кезекші Салтанат Шыңғысбекова сол әдісті кезекті рет қолданды. Сөйтсек, Құрманғазы сабазымыз сабақта отыр екен. Артқы партадан «Шыңғысбекова өтірік айтпа, мен бармын» деген дауыс шықты. Сыныптастар ду күлді. Нұрша әпкейдің де жүзіне күлкі үйіріліп: «Е, айналайын, Құрманғазы тұқымың өссін, тұқымың өскір. Өстіп арамызда қарайып отырғаныңның өзі бізге бір қуаныш қой» деді жайдарылана. Арада жылдар өткенде осы оқиғаны еске алып тағы күлеміз. Әпкейдің айтқаны айдай келген екен. Бүгінде Құрманғазы алты баланың әкесі. «Жақсы сөз -жарым ырыс» деген осы.

…Мақсат бүгін тағы да сыныптастар чатына шықты. Дауыс жазбасын тыңдағанда алдағы ізгі ниетті абыроймен іске асырсақ деген жауапкершілікті сезініп, дегбірі қашып тұрғаны байқалады. Көз алдыма ұстазының жоталы белесін елудегі шәкірті сол баяғы кіршіксіз бала көңілмен құттықтап тұрған сәті көрініс берді. Боямасыз шынайы сурет. Ұстаз бен шәкірт арасындағы мұндай алтын арқауды жылдардың жауыны мен дауылы да үзе алмайды деген ойға келдім. Әлбетте, бұл әрбір шәкіртінің жүрегіне ізгіліктің шамшырағын жаққан ұлағатты ұстаздың ерен еңбегінің жемісі екені анық.

 

Қуат БОРАШ, ақын,

қоғам қайраткері,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Астана қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support