- Advertisement -

Дара тұлға

27

- Advertisement -

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, ел-жұрт қашанда кемел парасат иелерін, әйгілі қайраткерлерді есінен шығарған емес. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері қаратай Тұрысов та биыл көзі тірі болғанда 90 жасқа толатын еді. қайраткердің 90 жылдығына орай м.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәжіліс залында облыстық ардагерлер кеңесінің, облыстық билер алқасының ұйымдастыруымен еске алу іс-шарасы өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде қайраткер Қаратай Тұрысовтың еңбегін атап өтті. Қаратай Тұрысов – еліне адал қызмет еткен, үлкен лауазымдағы қызметін елдің тұтастығы мен бірлігіне арнаған тұлға. Жамбылдықтар оны мақтаныш санайды», – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев. Ал, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев: «Қаратай Тұрысов Одақ көлеміндегі мәртебелі мінберінен сөйлеп, парасаттың шырқау биігіне көтеріліп кеткен дара қайраткер. Еңбек жолын геология саласында қатардағы инженерден бастап, Үкімет басшысының орынбасары, Парламенттің құзырлы комиссия төрағасы дәрежесіне жеткен тарлан тұлға. Ол Біріккен Ұлттар ұйымына Қазақстан делегациясын бастап барған азамат» деп көрнекті қайраткердің Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесін атап өтті. Облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев өз сөзінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің рухына қандай құрмет көрсетсе де лайық екенін айта келіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Лесбек Құралбайұлы қайраткердің атына мектеп, көше аттары берілгенін, тұлғаны еске алуға арналған спорттық іс-шаралар да жиі өте беретінін жеткізді. Жиында негізгі баяндаманы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вицепрезиденті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков жасады.

«Қаратай Тұрысов алдымен – экономист, экономика ғылымдарының докторы. Өмірін ел экономикасының дамуына арнады. Еліміздің саясат саласында мұндай білімді адам кемде-кем. Мемлекетімізге қолайлы талай шешімдердің шығуына себепкер болды. Оның ішінде Ядролық қарудан бас тарту туралы ұсынысын ерекше айтамын. Таулар алыстаған сайын биіктен көріне беретіндей, Тұрысов та уақыт өткен сайын асқақтай береді. Ол үнемі пенделіктен биік тұрған парасат иесі. Бірақ, пенделік деңгейден биіктегендер қашанда аз. Қаратай Тұрысов Мәскеуге төрт рет үлкен мақсатпен барған адам. Үшеуінде білім алу үшін, төртіншісінде Бүкілодақтық кәсіподақтары орталық комитетінің хатшысы қызметін атқару үшін барды.

Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, еліміздің туризм, дене шынықтыру және спорт министрі болғанын білесіздер. Біріккен Ұлттар ұйымы мінберінен Төлеген Тәжібаевтан кейінгі сөйлеген екінші қазақ. Осы орайда замандасы әрі сыныптасы Шерхан Мұртазаның жазбасына тоқталып өткім келеді. Әйгілі жазушы: «Оқушы күнімізде Жамбыл қаласындағы Жамбыл орта мектебінің жанынан 100 орындық интернат ашылды. Сол интернатқа қабылданған балалардың ішінде ең кішісі Қаратай еді. Бәрімізден күштісі де Қаратай болды. Әсіресе, алгебра, химия, геометрия, физика сабақтарынан үздік болды. Мектепті медальмен бітірді. Әрине, өзге де озат оқушылар бар еді. Бірақ, Қаратайдың алғырлығы ерекше болды», деп толғаныпты. Шер-ағаң толғанса, бекер толғанбайды. Кейіннен екі сыныптас Парламент Мәжілісінің қабырғасында депутат болып, қатар қызмет етті. Қаратай Тұрысовтың еңбегі болашақта да жас ғалымдар тарапынан зерттеліп, өзінің биік бағасын ала береді деген ойдамын», – деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Мұнан соң 92 жастағы ақсақал, Қазақстанның Құрметті теміржолшысы, Қаратай Тұрысовтың сыныптасы Әбдуәлі Данаев сөйлеп, естеліктер айтты. «Қаратай мектепті күміс медальмен бітірді. Мәскеуге тау кен институтына оқуға түсіп, геолог мамандығын меңгерді. Кейіннен қайраткер деңгейіне көтерілді. Қаратайдың жүріп өткен жолы – жастарға үлгі», – деді ол. Мұнан соң сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы Бақыт Мырзабеков биік тұлғаның адамгершілік, отаншылдық қасиеттеріне тоқталды.

Еңбек ардагері Сәрсенбай Мыңбаев қайраткер Қаратай Тұрысовты Мәскеу қаласында көрген сәттерінен әсерлі естеліктер айтты. «Дара тұлғаның сол кездегі айтқан ақылы мен өсиеті, жанашырлығы есімнен ешқашан кетпейді. Әйгілі қайраткердің өнегесін тыңдаған сәттерім үшін өте қуанамын. Тұрысов тағылымдарын жас ұрпаққа алдағы уақытта да үлгі еткен жөн», – деді. Ал, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов дара тұлғаның республикалық Орталық сайлау комиссиясының төрағасы ретінде жемісті еңбек еткенін айтып өтті. Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support