- Advertisement -

Жамбылдың ақындық мектебі

19

- Advertisement -

Арғы тарихқа бармай-ақ, әйгілі Жамбыл Жабаевтан бері қарай ой толғайтын болсақ та, айтыс төңірегінде көп нәрсені айтуға болады. Жамбыл жырау қазақ айтысындағы айтулы құбылыс. Ұлы жырау айтыс өнерінде өзінен кейінгі буынға ұстаз болды. Жамбылдың тікелей шәкірті – әйгілі ақын Кенен Әзірбаев. Кененнен қалған мұраның өте мол екені өз алдына, оның дайындаған шәкірттері де аз емес.

Ал, Кененнің төл шәкірті – айтыс ақыны, танымал термеші Аяз Бетбаев. Ол кісі де қазақ айтысына біршама еңбек сіңірді. Қазіргі облыс аумағында қолына домбыра ұстап сахнаға шығып жүргендердің бірқатары Аяз Бетбаевтың әуендеріне ден қойып жүр. Аяз ақын айтысқа Әзімбек Жанқұлиев, Алтынкүл Қасымбекова секілді шәкірттерді өнерге баулыды. Әзімбек те, Алтынкүл де қазақ айтысында жарқырап көрінген жүйріктер екені көпшілікке белгілі. Меркілік Шырын Мамасерікованың сол жылдары айтыс сахнасынан көрініп, бірнеше сәтті айтыстар жасағанын білеміз. Айтысқа қордайлық Күмісай Сәрсенбаеваның шыққан сәті де – бір тарих. Кененнің ауылынан шыққан ақынды жұртшылық «Кененнің ақын қызы» деп те атап кетті.

Әзімбек Жанқұлиевтің алғаш айтысқа келуіне, облыстық кезеңдерде топ жаруына байзақтық ақын Қасқырбай Нарбатыровтың ықпалы үлкен болғанын да көпшіліктің білгені дұрыс.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында өңірімізде үш айтыскер жарқырап көрінді. Олар – таластық Шорабек Айдаров, Жамбыл ауданының айтыскерлері Серік Қалиев пен Айтмұханбет Исақов. Міне, осы үш ақынның бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктері де болды. Мәселен, Шорабек Айдаров адалдығымен және ешкімге ұқсамайтын мақамымен, ешкімге ұқсамайтын стилімен ерекшеленді. Сонымен қатар, халық ақындарымен айтысқанда Айдаровтың айдарынан жел есіп, асығы алшысынан түсті. Серік Қалиев қыз бен жігіт айтысына үнемі көрік берсе, терең жырлау, теңдессіз тамаша теңеулерді табу жағынан Айтмұханбеттің мерейі үстем болатын.

Сол жылдары өңірімізде Шорабек, Серік, Айтмұханбеттің ақындық мектептері қалыптасты. Мұның барлығы да Жамбыл Жабаев салып кеткен сара жолдың жалғасуы еді. Мәселен, шоқ тілді Шорабектің шекпенінен Ербол Қамбатыр, Үміт Битенова, Асқарбек Айдаров, Олжас Отар, Біржан Сөктай, Шырынбек Қойлыбаев, Бақытжан Мақашев, Мәдина Сәбденбекова, Райхан Мәселбекова бастаған жиырмаға жуық шәкірт шықса, Серік Қалиев баптаған Ахметжан Өзбеков пен Айнұр Тұрсынбаева елімізге танымал айтыскерлерге айналды. Ал, Айтмұханбет Исақов бар өмірін айтысқа арнаған адам. Айтмұханбеттің мектебінен әйгілі Мұхамеджан Тазабеков және Нұрқанат Қасымов, Алик Бекмұсаев, Нұрлыбек Құрманов секілді айтыскерлер шықты. Ол қазіргі таңда Шапағат Сәбитқызы, Елібек Нұрмағанбет, Аят Бәтей секілді шәкірттерді тәрбиелеуде. Міне, осынау әулиеаталық алдыңғы толқын айтыскерлер бір-бір мектеп болып, қырық жылдан бері айтыстың ғасырлардан жалғасқан алтын жібін үзбей келеді. Жамбылдың жырларының жалғасып жатқанын да осы үздік шәкірттерге қарап тануға болады. Әулиеатада жанданып тұрған айтысқа ерекше үлес қосқан кейінгі буын айтыскерлер қатарына Асхат Қылышбекті, Қанат Мырзаханды, Айтбек Тұрсынбаевты қосуға болады.

Қазіргі таңда Байзақ ауданында жақсы жас айтыскерлер шоғыры қалыптасқанын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Олардың басы-қасында әйгілі айтыс ақыны Алтынкүл Қасымбекова жүр. Алтынкүлдің айналасынан Әсет Дүйсебаев, Дархан Әбдіманат, Рай Дөңбай, Дидар Басықараев, Төлеби Тәңірберген, Ернұр Бейсенов, Сәбит Ысқақов секілді жас жүйріктер жүр.

Сондай-ақ, кезінде Аңсар Жұмабеков жарқырап шыққан Шу ауданынан да бірқатар айтыскерлер жақсы өнер көрсетіп келеді. Олардың қатарында Бақытбек Жұмабеков, Нұрлан Жұмабеков, Ғабит Есдәулет, Айым Көшербай, Әділет Медетқұл бар.

Кейінгі отыз жылда біздің өңірде оқушылар айтысын дәстүрлі түрде өткізу қолға алынды. Бұл өте сәтті жобаның бірі болды деп білеміз. Мәселен, ең алғаш 1991 жылы облыстық оқушылар айтысы өткізілген кезде бас жүлдені Мұхамеджан Тазабеков, бірінші орынды Мәдина Сәбденбекова иеленген. Бұл да – тарих. Ал, тұңғыш рет 1993 жылы Семей қаласында Абай Құнанбаевтың атымен өткізілген республикалық оқушылар айтысының бас жүлдесін жерлесіміз Айнұр Тұрсынбаева иеленген. Оны бұл күнде біреу білсе, біреу білмейді. Ол уақытта Айнұр Мойынқұм ауданының орталығындағы мектепте 11-сыныпта оқитын. Айнұр Тұрсынбаевадан кейін де республикалық оқушылар айтысында біздің жамбылдық жас буын әр жылдары 7-8 рет бас жүлдемен оралды. Атап айтқанда, Айым Көшербай, Дидар Апбасов, Аруна Керімбек, Шалқар Кеңесбек, Ернұр Бейсеновтер еліміз бойынша үздік шығып қуантты. Дәл осы жеңімпаздық жолды таластық Айсұлу Жүнісбек пен Жамбыл ауданының жас ақыны Алина Айдаралы жалғастырды.

«Жыр алыбы – Жамбылым» атты республикалық оқушылар айтысының облыстық, аудандық кезеңдері жыл сайын өткізіліп тұрады. Кейінгі жылдары да айтысқа қосылып жатқан жаңа есімдер бар. Атап айтқанда, таластық Әсемай Сейдакбарова, тараздық Інжу Жаңабай республикалық кезеңдерден жүлде алып жүрсе, таластық Нұрайым Боранбай, меркілік Назгүл Ерланқызы, тараздық Алинұр Бектұрсын, Жамбыл ауданынан Мирас Жамалбек, байзақтықтар Ерасыл Жайлау, Дилназ Ибрагим болашағынан үміт күттіреді. Айтыстың жас жеткіншектерінің шығуы – бірқатар аудандар да ұстаздар мен жетекшілердің жүйелі жұмысының жемісі деп білеміз. Осы орайда, байзақтық Маратжан Юнисов, шулық Сәт Мәлібеков, Т.Рысқұлов ауданынан Айбек Сайлаубаев, меркілік Бейбіт Шошабаев, шулық Бақытбек Жұмабеков секілді жетекші бапкерлердің үлкен еңбектерін айта кетуге тиіспіз. Жас айтыскерлер – өнердің болашағы. Оларға қай кезде де қолдау керек. Осыны әр аудан, ауылдағы белсенді азаматтар дұрыс түсініп, өз ауылдарынан шығып жатқан жас айтыскерлерді қанаттандырып, демеп отырса деген тілегіміз бар. Кезінде Байзақ ауданы, Чапаев кеңшарына директор болған Берден Байқошқаров 10-сыныптың оқушысы Мұхамеджан Тазабековты ерекше қолдап, астына кеңшардың бір машинасын мінгізіп қойыпты деп естуші едік. Жас айтыскерлерге осындай деңгейде жанашырлық керек.

Біздің өңірдегі айтыс өнерінің даму деңгейіне, жас айтыскерлердің жеткен жетістіктеріне көңіл толады. Мәселен, 2022 жылы халықаралық «Хабар» арнасы белгілі кәсіпкер Дулат Тастекеев басқаратын «Асылтас» қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырған республикалық «Асыл домбыра» айтысының бас жүлдесін жамбылдықтар жеңіп алды. Ол кезде Қанат Мырзахан, Дархан Әбдіманат, Айтбек Тұрсынбай облысымыздың намысын сәтті қорғады. Дәл сол жылы «Хабар» арнасы ұйымдастырған «Жеті қазына» республикалық байқауында да жамбылдық өнерпаздар бас жүлде алды. Сол байқауда «Айтыс» аталымы бойынша жамбылдық Мұхтар Қонарбаевтың үздік өнер көрсеткенін айта кеткен жөн. Біздің жоғарыдағы пікірімізге ақындардың осы жеңісі дәлел бола алады.

Жамбыл Жабаевтың ізбасарлары саналатын жүйріктер Жамбыл топырағын айтыстағы ірі жеңістерімен әлі талай қуанта беретіні анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support