- Advertisement -

Апат айтып келмейді

29

- Advertisement -

«Сақтықта қорлық жоқ» дейді халық даналығы. Расымен де кез келген айтып келмейтін қауіптің алдын алу аса маңызды. Осы орайда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жан-жақты сараланған жиын өтті.

Өңірдегі өзен-көлдердің маңында орналасқан елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінің маңызын айрықша атап өткен аймақ басшысы жауаптылардың дайындығын пысықтады. Әуелі сөз алған төтенше жағдайлар департ аменті басшысының орынбасары Руслан Орынбеков аймақтағы мән-жайды баяндады.

– Наурыз айындағы ауа райы бюллетеніне сәйкес, аймақтағы орташа ауа температурасы 1ОС- ден жоғары болады деп болжануда. Жауын-шашын мөлшері нормадан көп болуы күтілуде. Аумақтық азаматтық қорғау жүйесі жоғары дайындық режиміне келтірілді. Облыс аумағында су тасқыны жағдайының күрделенуіне жедел ден қою мақсатында 1 459 адам, 364 бірлік техника, 135 су айдау құралы, 19 жүзу құралдарынан тұратын күштер мен құралдар топтамасы қалыптастырылды, 396 қабылдау пункті, 32 шатыр, 890 төсек және 460 кереует дайындалды. Тамақтануға және арнайы техниканы тартуға 58 келісімшарт жасалды. 6900 тонна инертті материалдар, 16 140 тонна жанар-жағармай қоры дайындалып, 31 200 қап сатып алынды. «Көктем-2024» республикалық командалық- штабтық оқу-жаттығу өткізу барысында 364,7 шақырым каналдар мен арықтар, автомобиль және теміржолдардың астындағы 172 су өткізу құрылыстары тазартылды. Жалпы, облыс бойынша барлығы 1739 шақырым канал, 1794 шақырым арық, 428 шақырым дренаж жүйесі, 946 су өткізгіш құрылыстар тазартылып, елді мекендердің айналасына үйінді жүргізілді. Арнайы комиссияның тексеру қорытындысына сай 29 гидротехникалық құрылыс жөндеуді талап етеді, оның ішінде 23-і ағымдағы жөндеу, 6-ы күрделі жөндеуді қажет етуде. Бұдан басқа, облыс аумағында қауіпті 12 гидротехникалық құрылым бар, олар бұзылған жағдайда 18 елді мекенді су басу қаупі бар. Аталған ГТҚ-да жергілікті құлақтандыру жүйесі жоқ екенін атап өту қажет. Қар қорының көп мөлшерде түсуі және ауа райының күрт сууына байланысты тау бөктерінен және егістік алқаптарынан көлбеу немесе беткейлік ағындарынан су басу қаупі сақталуда,– деді Руслан Нұрланұлы.

Ербол Шырақпайұлы департамент басшысының орынбасарынан халықты қауіптен құлақт андыратын жүйелер жөнінде сұрады. Руслан Орынбековтің айтуынша, аймақтағы елді мекендерде 119 құлақтандыру жүйесі орналасқан. Алайда, аймаққа мұндай 573 жергілікті құлақтандыру жүйесі қажет екен.

Облыс басшысы бейнебайланыс арқылы жиынға қатысып отырған аудан әкімдерінен де мәселеге қатысты дайындығын сұрады. Меркі ауданының әкімі су тасқыны жұмыстарына жаңа үрлемелі қайық сатып алғанын және он тоннадан дизель, тағы он тонна бензин отынын қамдағанын жеткізсе, Қордай ауданының әкімі төтенше жағдай кезінде тұрғындарды эвакуациялауға дайын екенін жеткізді. Ал, Жамбыл ауданының әкімі төтенше жағдай кезінде халыққа қажетті заттар толығымен қамтылған қырық тонналық екі контейнер әзірленгенін атап өтті.

– Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде құлақтандыру қондырғысын орнату тек елді мекен тұрғындарына хабарлама тарату үшін қажет екендігі анықталды. Аталған су айдындары елді мекеннен қашық орналасқан және инфрақұрылымның болмауына байланысты, құлақтандыру жүйесін тікелей су айдындарында орнатудың қажеттілігі жоқ деп табылған. Су тасқынының алдын алу жоспары бойынша мекемеге қарасты аудандық бөлімшелер жергілікті аудан әкімдіктерімен, аудандық төтенше жағдай бөлімімен бірлесіп хабарласу сызбасын бекіткен, қауіп- қатер уақытында сол сызба бойынша хабарласып, келесі кезекте аудандық әкімдік пен төтенше жағдай бөлімі халықты құлақтандырады. Мерзімдік су деңгейінің көтерілуіне орай, қазіргі уақытта су қоймаларының техникалық жағдайы мен келіп- кетіп жатқан судың мөлшері мекеме қызметкерлерімен қатаң түрде қадағаланып отыр. 2024 жылға 9 су қойманы ағымдағы жөндеуге 39,7 миллион теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізілуде, қорытындылары наурыз айында айқындалатын болады,– деді облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев.

Ал, облыс әкімдігіне қарасты құрылыс басқармасының мәліметінше, Тасөткелдегі құрылыс жұмыстары алдағы сәуірде толығымен аяқталады деп күтілуде. Ондағы құрылыс жұмыстары күн райының жылығанын күтумен тоқтап тұрған көрінеді.

Жиын барысында төрт аудандағы жеті су қоймасының мәселесі де айтылды. Аймақ басшысы жаңадан салынатын 6 кіші, 3 ірі су қоймасының құрылысын жоспарлау барысында қажетті құрал-жабдықтарды қалыс қалдырмай, қамту керектігін ескертті. Жиын соңында Ербол Шырақпайұлы жауаптыларға кез келген табиғи құбылысқа дайын болу керектігін тапсырды.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support