- Advertisement -

Иттерге электронды паспорт ашылуда

53

- Advertisement -

Облыстық ветеринариялық станциясы директорының міндетін атқарушы Ғабитбек Кебеевтің қатысуымен Amanat партиясының облыстық филиалында өңірдегі эпизоотиялық жағдай қаралған баспасөз конференциясы өтті.

– Облыстық ветеринария басқармасының Тараз қаласы және аудандардағы бағынысты ветеринариялық ұйымдары мемлекеттік тапсырма бойынша ветеринариялық шараларды жүргізіп келеді. Облыс әкімінің 2023 жылдың 31 қазанында бекітілген қаулысына сәйкес, аудандық ветеринариялық станцияларды қайта құру арқылы орталықтандырылған Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының облыстық станциясы құрылып, өз жұмысын бастады, – деді Ғабитбек Кебеев.

Сондай-ақ, жиында жауапты маман аталған ветеринариялық станцияның алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті. Атап айтқанда, облыстық ветеринариялық станция бойынша 1 директор, 2 орынбасар, 1 комплеанс офицер тағайындалады. Бұдан былай облыстық ветстанция ішінде ветеринариялық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімі және Тараз қаласы бойынша ветеринариялық бөлім, жоспарлау, қаржыландыру және әкімшілік бөлімдер қызмет атқарады. Аталған жаңа құрылымға сәйкес, 35 облыстық ветеринариялық штат және аудандардағы филиалдардың штат саны 1 226 болмақ.

Орталықтандырылған облыстық ветеринариялық ұйымның атқарған жұмыстарының нәтижесіне сүйенсек, былтыр ауыл шаруашылығы жануарларының төлдерін бірдейлендіру бағыты бойынша 1 548 130 бас төл бірдейлендірудің деректер қорына тіркелген. Аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстары бойынша 24,5 миллион манипуляция жүргізілген. Ал, жыл басынан бері бруцеллезге тексеру үшін қан сынамасын алу бойынша 5,7 миллион манипуляция тіркеліп, бруцеллез анықталған 514 бас ауыл шаруашылығы жануарлары санитарлық талаптарға сай сойылып, кезең-кезеңімен қайта өңдеуге жіберілген.

Айта кетерлігі, жануарлар арасындағы әртүрлі қауіпті аурулардың алдын алу үшін облыстық бюджеттен дезинфекциялық дәрі-дәрмектерге берілген өтінімге сәйкес, аудандарға тікелей 83 миллион 842 мың теңге қаражат бөлініп, акарацидтік препараттар сатып алынған.

Кездесу барысында Ғабитбек Ақылбекұлы жануарларды есепке алу «Tanba» ақпараттық жүйесімен атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Аталған ақпараттық жүйе бойынша 5 адам қоғамдық инспектор ретінде тіркеліп, куәлігін алған. Өткен жылы «Жамбыл-109» диспетчерлік орталығына иесіз жануарларды аулау бойынша түскен хабарламаларға сәйкес, 29 387 қаңғыбас ит және 200-ге жуық мысық ауланып, иесіз иттердің 196-сы уақытша ит ұстау орнына орналастырылған. Айта кетсек, қаңғыбас иттерді аулауға биыл 62 миллион теңге бөлінген. 1842 итке электронды паспорт ашылып, 589-ына стерилизациялық кастрация жасалған.

Баспасөз конференциясында саладағы кемшін тұстар да атап өтілді. Оның ішінде мамандар тапшылығы мен олардың жалақысын көтеру мәселесі де бар. Сондай-ақ, Ғабитбек Ақылбекұлының айтуынша, ветеринария мамандарының жұмысын жеңілдету мен жануарларға дер кезінде көмек көрсету мақсатында былтыр ауылдық округтер аумағында 11 ветеринариялық клиника мен 145 дәріхана ашылыпты. Сонымен қатар, аудандық ветеринариялық станциялар толық қызметтік ғимаратпен қамтылған және 160 ветеринариялық пункттердің бүгінде 144 қызметтік ғимараты бар. Ал, биылғы жылы қалған 16 ветпункттерді ғимаратпен қамту жоспарланған.

Жалпы, облыс ауыл шаруашылығы жануарлары саны бойынша 4,7 миллион көрсеткішпен республика бойынша екінші орында. Бұл көрсеткіш өткен жылдың нәтижесімен салыстырғанда 3 пайызға өскен. Алдағы уақытта жануарлар санын 7 пайызға дейін көбейту бойынша жұмыстар жүргізілмек.

 

Серікболсын СЕРПЕН,

журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support