- Advertisement -

Қазақ әскері әлем тыныштығын күзетеді

17

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке ҚР Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін БҰҰ миссияларына жіберу туралы ұсыныс енгізді. Парламенттің жалпы отырысында депутаттар ұсынысқа сәйкес қаулы қабылдады.

Конституцияның 53-бабының 5-тармақшасына сәйкес, Президент ұсынысы бойынша Парламент палаталарының бірлескен отырысында халықаралық міндеттемелерді орындау үшін республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Мемлекет басшысының ұсынысын оқып берді.

«Қазіргі уақытқа дейін Қарулы Күштердің әскери қызметшілері Парламент қаулыларына сәйкес, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін БҰҰ бітімгершілік миссияларына жіберіліп отырды. 2014 жылдан бастап 67 офицер Батыс Сахарада, Кот-д’Ивуа́рда, Ливандағы миссияға әскери байқаушы және штаб-офицері ретінде, 2018 жылдан бастап – 538 әскери қызметші бітімгершілік бөлімше құрамында Ливандағы уақытша күштер миссиясына қатысты. Қазір Батыс Сахарада – 6, Орталық Африка Республикасында – 2 офицер, Конго Демократиялық Республикасында – 2 офицер, Ливандағы уақытша күштерде – 9 әскери қызметші жүр», – деп жазылған Президент ұсынымында.

Мемлекет басшысының айтуынша, ұйым басшылығы біздің әскерилердің даярлық деңгейін жоғары бағалап, бітімгерлер санын арттыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірген. Контингентті бітімгершілік операциясына жіберіп, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен рөлін арттыруға ықпал етеді.

«Өмірде және әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар қауіпсіздікке төнетін сын-қатерді жоққа шығармайды. Осыған байланысты әскердің жауынгерлік әзірлігін одан әрі нығайту қазіргі сын-қатерге қарсы әрекет етуде тәжірибе жинақтау мәселесі өзекті болып отыр. Осы тұрғыда ұйым жарғысының 7-тарауына сәйкес, Қарулы Күштердің Орталық Африкада, Конго Демократиялық Республикасында, Малиде бітімгершілік миссияға қатысуын кеңейтуді орынды деп санаймын, – деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан штаб офицері, әскери байқаушы ретінде қазіргі уақытта миссияда анағұрлым тапшы болып отырған жаяу әскер, медициналық барлау, инженерлік, әскери полиция бөлімшесін бөлуге дайын. Жалпы еліміздің 430 әскери қызметшісін төрт елге бітімгершілік миссияны орындауға жіберу ұсынылды.

«Бітімгершілік миссияларын қысқарту аясында бітімгершілік әскери контингентті жеткізуші елдер арасында бәсекелестік артуда. БҰҰ-ның бітімгершілік қызметі шеңберінде Қазақстанның позициясын бекіту мақсатында БҰҰ Жарғысының VII тарауы аясында («Бейбітшілікке төнетін қатерге, бейбітшілікті және агрессия актілерін бұзуға қатысты іс-қимыл») Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы, Оңтүстік Судан Республикасындағы және Абьейдегі бітімгершілік миссияларына қатысу географиясын біртіндеп кеңейтуді орынды деп санаймын және жалғастыруды ұсынамын. Геосаяси шиеленістің өршуі жағдайында өңірлік және ұлттық қауіпсіздікке төнетін жаңа сын-қатерлер пайда болуда, олардың бір бөлігі әскери әдістермен ден қоюды талап етуі мүмкін. Осыған байланысты әскердің жауынгерлік даярлығын одан әрі нығайту және қазіргі заманғы қатерге қарсы іс-қимыл жасауда практикалық тәжірибе игеру мәселесі аса өзекті болып табылады», – делінген Президент үндеуінде.

БҰҰ-ның миссияларына қатысу Қазақстанның Қарулы Күштеріне әскерлердің жауынгерлік машықтарын жетілдіру үшін пайдаланылатын, бітімгершілік операцияларға тән қажетті жауынгерлік дағдыларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери байқаушы және штабтық офицер ретінде жекелеген әскери қызметшілерді, сондай-ақ БҰҰ миссияларында барынша сұранысқа ие болып отырған жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік мамандандырылған бөлімшелерді бөлуге дайын. «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқау күштері» миссиясына резервтегі рота ретінде 139 әскери қызметшіден тұратын бірінші дербес ұлттық бітімгершілік контингентті өзінің әскери техникасымен, қару-жарағымен және мүлкімен жіберуді ерекше атап өту қажет», – делінген ұсыныста.

Сонымен қатар, онда әскери қызметшілерді 2024 жылғы наурыздан бастап орналастыру жоспарланып отырғаны айтылған. Ол үшін БҰҰ-мен тараптардың міндеттемелерін, сондай-ақ контингенттің миссияға қатысуын қаржылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелерін айқындайтын халықаралық шарт жасалады. Контингентті және мүлікті тасымалдау Қазақстан тарабының есебінен жүзеге асырылады. «Орналастыру мерзімі белгіленген нақты бөлімшелер мен операциялар БҰҰ-ның хатшылығымен жұмыс барысында айқындалатын болады. Әрбір орналастыру (бітімгершілік операция) үшін жеке тиісті нормативтік-құқықтық база (меморандум) әзірленеді. Осы айтылғандардың негізінде Конституциясының 53-бабының 5-ші тармақшасына сәйкес, БҰҰ-ның мына миссияларына: «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлуді байқау күштеріне» (UNDOF, Сирия – Израиль); «БҰҰ-ның бітімге келу шарттарының орындалуын байқау жөніндегі органына» (UNTSO, Палестина – Израиль); «БҰҰ-ның Оңтүстік Судан Республикасындағы миссиясына» (UNMISS, Оңтүстік Судан); «БҰҰ-ның Абьейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уақытша күштеріне» (UNISFA, Судан) қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің саны 430 адамға дейінгі бітімгершілік контингентін (резервтегі рота, штаб офицерлері, әскери байқаушылар және мамандандырылған бөлімшелер) жіберу жөнінде ұсыныс енгіземін», – делінген ұсыныста.

«Бітімгершілік миссияларына қатысатын әрбір әскери қызметшіге ай сайын мың доллардан астам жалақы төленеді. Оқ-дәрі мен техниканы тасымалдауға мемлекеттік бюджеттен 8 миллион долларға жуық қаражат бөлінеді», – деді Руслан Жақсылықов Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның бітімгерлік күштері наурыз айының басында бір жыл мерзімге жіберіледі.

Министр сондай-ақ, Қарулы күштердің құрамында төрт өңірлік қолбасшылық барын және олардың арасында бір жыл бойы іріктеу жүргізілетінін атап өтті. Іріктілген үздіктерден миссияға аттанатын рота жасақталады.

Қазақстан бітімгерлік күштеріне қарсылас тараптарды ажырату, патрульдеу, блокбекеттерде қызмет атқару, елді мекенді минадан тазарту, гуманитарлық көмек жеткізу секілді жауапкершіліктер жүктелмек.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support