- Advertisement -

Жұқа мұз – жасырын қауіп

14

- Advertisement -

Бүгінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті полиция қызметкерлерімен және еріктілермен бірлесіп, су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізуде.

Мәселен, 2023-2024 жылдардың күзгі-қысқы кезеңдерінде балық аулау орындарында 800-ден астам рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Онда судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 8 мыңға жуық үгіт-насихат материалдары таратылды. Сондай-ақ, балық аулау және аң аулау дүкендерінде де үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп келеді.

Облыстың су айдындарында 110 ескерту белгісі орнатылған. Оқу орындарында судағы жүріс-тұрыс ережелерін сақтау бойынша нұсқамалар беріліп, 2 мыңнан астам оқушыны қамтитын 58 интерактивті сабақ өткізілді.

Жүргізілген іс-шараларға қарамастан, облыста 2023 жылғы қысқы кезеңде екі оқиға тіркеліп, онда 3 адам балық аулау кезінде қаза тапты. Осындай оқиға биыл да тіркеліп отыр. 11 қаңтарда күштер мен құралдарды жедел басқару орталығына Жуалы ауданының Билікөл көлі маңында Қарабастау ауылының екі тұрғыны қайыққа мініп, балық аулауға кеткендігі және олардан еш хабар жоқтығы жөнінде хабарлама түскен. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің тиісті күштері мен құралдары жедел жетіп, бүгінгі күнге дейін іздестіру жұмыстарын жүргізуде.

Алайда, ауа райының қолайсыздығына байланысты іздеу жұмыстары күрделенуде. Қазіргі уақытта Билікөл көлінің маңында жүргізіліп жатқан іздестіру жұмыстарына департаменттің 14 маманы мен 3 пилотсыз ұшу аппараты, 4 жүзу құралы жұмылдырылған. Балықшыларды іздестіру жұмыстарына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, полиция қызметкерлерімен бірге жергілікті тұрғындар, қосымша техникалар тартылды. Сонымен қатар, іздеуге «LIDER.KZ» еріктілер қозғалысының 30 еріктісі де қатысуда.

Қазіргі таңда облыс аумағында ауа райының тұрақсыздығына байланысты су айдындарында мұз толық көлемде қатпаған. Мұздың қауіпсіз қалыңдығы бір адам үшін кемінде 10 сантиметр, бұқаралық іс-шаралар мен автокөлік өткелдерін ұйымдастыру үшін кемінде 25 сантиметрді құрайды. Мұздың беріктігін аяқ соққылармен тексеруге тыйым салынады.

Егер мұз арнайы құралдың бір қатты соққысымен жарылып кетсе, онда қалыңдығына қарамастан оған шығуға болмайды. Сондай-ақ, қармен жабылған мұзға назар аудару керек. Өзіңізбен бірге 10-15 метр арқан алу қажет. Ол сізге немесе басқа біреуге қажет болуы мүмкін. Мұздың үстімен күндізгі уақытта ғана қозғалу және сол бағытпен оралу қажет. Жалғыз балық аулауға бару қауіпті. Мұзда бір-бірінен 3-4 метр қашықтықта қозғалған жөн. Жеке автокөлікпен шығуға қатаң тыйым салынады. Мұздың жұқа және жетілмеген жерлеріне шығуға, жекелеген (қауіпті) учаскелерінде топтасып жиналуға, мұздағы ойықтарға, жарықтарға жақындауға және от жағуға тыйым салынады. Мұзда және аязда алкогольдік сусын ішу жазатайым оқиғаларға әкеледі. Дененің мұздауы немесе мұздың астына түсіп кету мүмкіндігі бірден пайда болады. Алкоголь денені жылытады деген қате пікір. Балық аулау кезінде мұзға шыққанда құтқару кеудешесін кию қажет. Ата-аналар болса балаларды қараусыз мұзға жібермеулері және мұздың үстінде балалардың ойын ойнауына жол бермеулері керек. Ал, қысқы кезеңдегі балық аулаушы әуесқойлардан ауа райы туралы болжамды қадағалап, қауіпсіздік шараларын сақтауды және қолайсыз ауа райында балық аулаудан бас тартуды сұраймыз.

 

Руслан ОРЫНБЕКОВ,

облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support