- Advertisement -

Қоғамдық көлік: жолаушылар тағдыры кімнің қолында?

33

- Advertisement -

Жыл басталмай жатып таңсәріде Тараз қаласының орталығындағы Төле би даңғылында қоғамдық көліктің қатысуымен ауқымды жол апаты орын алды. Абырой болғанда, адам шығыны болған жоқ, бір жолаушы жарақат алды. Ал, осыдан бірер жыл бұрын Жамбыл даңғылы мен дәл осы Төле бидің қиылысында қоғамдық көлік жантүршігерлік жағдайда адам қағып кеткені әулиеаталықтардың есінен әлі кете қоймағаны жасырын емес. Жалпы, қаладағы қоғамдық көлік жүргізушілеріне шаһар тұрғындарының шағымы жылдан жылға артпаса, азаймай отыр. «Оның себебі неде?» деген салмақты сауалды біз де жан- жақты тарқатып көрдік.

Күнделікті тіршіліктің күре тамырына қан жүгіртіп, тұрғындардың басты тасымал құралына айналған қоғамдық көліктердің мәселесі тараздықтардың бас ауруына айналғалы қашан. Дейтұрғанмен, жергілікті билік тарапынан тасымалдау сапасын арттыруға байланысты атқарылған жұмыстарды жоққа шығарудан аулақпыз. Рас, соңғы кездері қалада жаңа автобустар сап түзеп, көпшіліктің көз қуанышына айналуда. Бірақ, сол су жаңа қоғамдық көліктерді кімдер тізгіндеп жүр және олар күнделікті мыңдаған тағдыр үшін жауапты екендерін қаншалықты сезінуде, біз осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп отырмыз. Себебі, қоғамдық көліктердің қатысуымен орын алып жатқан жол-көлік апаты азаяр емес.

Былтырдың өзінде 17 жол-көлік оқиғасы тіркелген, салдарынан 1 адам қаза тауып, 19 адам түрлі жарақат алған. Ал, жаңа автобустар үшін жол апатына техникалық ақаулар себеп болды деп біржақты тағы айта алмайсың. Бұлай деу логикаға да, қисынға да келмейтіні айдан анық. Осы тұста қала тұрғындары қоғамдық көліктен бөлек, оны тізгіндегендердің мәселесі өз алдына бір төбе деп отыр.

– Жүргізушілердің түскі және кешкі қарбалас уақытта жылдамдықты шектен тыс асырып, жарысатындары жасырын емес. Дәл осы әрекеттеріне дәлел жетіп жатыр. Адам емес, құдды бір тас тасып жүрген секілді. Өздеріне ескерту айтсаң, беттен алып, төске шабады. Тіпті өзіңе қол көтеруден де тайынбайды. «Айдағаным ұнамаса, түсіп қал да, таксимен жүріңдер» деп дөрекі жауап беретінін елдің бәрі біледі. Оған қоса, жүргізушілердің көбі көлік басқарып отырып телефонмен сөйлеседі. Көбіне қай маршрут озып кетті, қайсысы қалып келе жатыр деген мәлімет алмасу үшін жүргізушілер бір-бірлерімен солай байланысып отырады. Озып кеткендерін қуып жетіп, көшенің қақ ортасында жаға жыртысып жатқандарының да талай куәсі болып жүрміз. Шалғай ауыл емес, облыс орталығында осындай жағдайлардың орын алып жатқаны шынымен ұят. Мәдениет деген осындай нәрселерден басталады. Автобустың ішінде үлкен кісілер, жас бүлдіршіндер отыр-ау деп те бір де біреуі ойланбайды. Айқайлап, балағат сөздер айтып, кейбіреулері темекі тартып отырады. Ондай әрекеттерге мың сан дәлел бар. Бірақ нәтиже шығып жатқаны шамалы. Рас, халықпен жұмыс істеу оңай емес шығар. Бірақ қызмет барысында дөрекі болу кәсібилікке жатпайды әрі ол азаматтық қасиетіне сын. Егер жұмыстары ұнамаса, онда өздері автобустан түсіп қалсын, – дейді қала тұрғыны Серік Қыбыраев.

Қоғамдық көлік жүргізушілеріне тұрғындар тарапынан айтылатын сын, ескертпелерді санап тауысу мүмкін емес. Десек те, басым көпшілігінің айтары олардың кәсіби этикасына қатысты мәселелер.

– Екі балам мектепте, біреуі студент, оған қоса өзімізде тұрақты қоғамдық көлікпен жүреміз. Қысқы уақыттарда кейбір қоғамдық көліктер аялдамаға тоқтамай кетеді. Оған да талай рет шағым түсірдік. Бала түгілі, өзіміз олардың көлік басқаруынан қорқамыз. Алып-ұшып айдағандарына қарап, неге осыларды полиция қызметкерлері тоқтатып, шара қолданбайды деп ойлаймын. Ескерту берген күннің өзінде тыйылар түрлері жоқ. Содан кейін түнімен ұйқы көрмеген адамша көздері ісіп, сөз көтере алмай отырады. Әйелмен де бажылдасады, үлкен кісілерге де дөрекі сөйлейді. Күні бойы мектептен тәлім алып қайтып келе жатқан бала оны көргеннен кейін қандай күйде болады? Міне, біз ұрпақты осылай тәрбиелеп жүрміз. Ешқайсысы халықты тегін тасып жүрген жоқ. Ақысын алды ма, сапалы қызмет етсін, – дейді тұрғын Гүлмира Оспанова.

Біз көтерген мәселеге орай, полиция департаментіндегі мамандардың да пікірін білдік. Ондағы жауаптылар тұрғындар тарапынан айтылған сынды толығымен растап отыр. Яғни, қоғамдық көлік тізгініндегілер жылдамдықты асыруды әдетке айналдырған.

– Жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын қоғамдық көліктермен орын алатын жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі белгіленген жылдамдықты асыру, басып озу ережесін бұзып қарама-қарсы жолға шығып кету, ара-қашықтықты сақтамау, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлесу, жол жүрісі белгілеріне бағынбау, адамдарды тасымалдау ережесін бұзу, рөлде отырып ұйықтап кету секілді әрекеттермен тікелей байланысты. Адам санын артығымен алу, оған қоса аялдамаларға емес, тоқтауға тыйым салынған жерлерде жолаушыларды түсіріп кету, осының барлығы айналып келгенде адам өміріне қауіп төндіретінін ескеруі тиіс. Ең алдымен қоғамдық автокөліктер жұмысқа кіріспес бұрын міндетті техникалық тексерулер мен медициналық бақылаудан өтуге міндетті. Себебі, жол қателікті кешірмейтінін ұмытпауымыз керек. Ал, қоғамдық көлік жүргізушілері өзінің өмірі үшін де, жүздеген, тіпті мыңдаған тағдыр үшін де жауапты екенін ұмытпағаны жөн,– дейді облыстық полиция департаментіне қарасты Жергілікті полиция қызметі басқармасының жол жүрісін қадағалауды ұйымдастыру тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Болат Ізбасаров.

Қазір қалада жолаушы тасымалы қызметімен 8 мекеме айналысуда. Атап айтқанда, «Автобусный парк–2020», «ӘулиеатаТрансПасс», «СапарТранс2012», «Саяхат-99», «ТаразТрансМоторс», «Дамрус», «ArsenTransCompany», «Smart City Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері халыққа қызмет көрсетуде. Өткен жылдың қорытындысымен ондағы көлік жүргізушілердің жалақысы да орта есеппен 20 пайызға өскен. Арасында жалақысы 26 пайызға дейін көтеріліп, 250-300 мың теңге айлық алатын жүргізушілер де баршылық. Тараз қаласы үшін мұндай жалақы екінің бірінде жоқ екені де жасырын емес. Соған қарамастан, жоғарыда біз атап өткендей жағдайлар орын алуда және 200-ден аса қоғамдық көлік жүргізушісіне тапшылық бар.

– Бұрын қалада 9 мекеме жолаушы тасымалымен айна лыс атын. Қазір олардың біреуімен келісімшартты үздік. Әрине, тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағым аз емес. Егер олар дәлелді болса, жүргізушілерге міндетті түрде шара қолданылады. Ондай жағдайда тұрғындар 109 қызметіне хабарласып немесе автобустардың ішінде байланыс нөмірлері жазылып тұрған орталық диспетчерге шағым түсіре алады. Бізде қазір 200-ден аса көлік жүргізушісінің жетіспеушілігі бар. Олардың жалақысы сағатына есептеледі. Сондықтан, істеген жұмысына қарай ақша алады. Аз істесе 150 мыңның төңірегінде, көп істегендер 270, 300 мың теңгедей айлық алуда. Былтыр қаладағы тасымалдау мекемелері орташа айлықты 20 пайызға көтерді. Жақсы жүргізушілерді ынталандыру, салаға тарту мақсатында жалақы өсіру бағытындағы жоспарлар биыл да жалғасады. Ал, Астана, Алматы қалаларында жүргізушілер 500-600 мың теңге жалақы алады. Дегенмен, жүргізушінің жұмысы қиын екенін ескеру керек. Олар таңғы сағат бестерде оянып, алтыларда медициналық және техникалық бақылаудан өтеді. 6:50-де баздан шығып, бағытының соңғы аялдамасына жетіп үлгеруі тиіс. Баз бен соңғы аялдаманың арасы да атшаптырым жер. Жұмысқа сол кіріскеннен 12 сағат бойы тапжылмай жолаушы тасымалдайды, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі көлік және жолаушылар тасымалы секторының меңгерушісі Нұрлан Сапар.

Дәл осы тұста біз тасымалдау қызметімен айналысатын «Smart City Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдерінің де пікіріне құлақ түріп, жүргізушілерді жұмысқа қабылдау барысында қандай талаптар қоятынына назар аудардық.

– Бізге жұмысқа жаңадан келген жүргізушінің «Д» санатындағы құжаты болуы тиіс. Оған қоса, қоғамдық көлік айдауда 3 жылдық жұмыс тәжірибесі болуы міндетті. Олай болмаған жағдайда жұмысқа қабылдамаймыз. Ал, қабылданатын жүргізушінің өзі жұмысты бірден бастап кетпейді. Алдын ала нұсқаулықтар жүргізіледі. Біздің көліктерде қазір толығымен бейнебақылау камералары орнатылған. Егер тұрғындар тарапынан шағым түссе, біз бейнебақылау арқылы жағдайдың мән-жайын анықтаймыз. Сәйкесінше қызметкерімізге ескерту, сөгіс беріледі. Егер жағдай қайталанатын немесе талапқа бағынбайтын болса, онда жұмыстан шығарылады. Сонымен қатар, күнделікті медициналық және техникалық бақылаулардан өтеді. Қан қысымынан бастап, арнайы құрылғылар арқылы алкогольді тұтынған, тұтынбағанын да анықтаймыз. Былтыр Алматыда қоғамдық көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан кейін бізде де талап күшейтілді. Біз қоятын талап бойынша көлік басқару кезінде мүлде телефон ұстауға, темекі тартуға, қауіпсіздік белдігін тақпауға тыйым салынады. Ең бастысы – жолаушылардың қауіпсіздігі. Сол үшін әрбірі күнделікті жұмыс журналына қол қояды. Халықпен сыпайы болу, жүргізуші формасын кию секілді талаптарды да назарда ұстаймыз. Біздегі жүргізушілердің әр сағаты 1550 теңгеден есептеледі. Егер жұмыс уақыты 8 сағаттан асса, автоматты түрде сағатына 600 теңгеден қосымша ақы төленеді. Сәйкесінше, әрбір жүргізуші 2 күн жұмыс жасап, 2 күн демалады. Ақылы дем-алысқа да шығады,– дейді «Smart City Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автоколонна басшысы Ербол Жекенов.

Әрине, аталған талаптар басқа да жолаушы тасымалдайтын мекемелерде іс жүзінде сақталса игі. Сақталмаса сыннан сүрінері сөзсіз. Һәм өзі ғана сүрінбей, талай тағдырдың орға жығылуына, қауіптің құрдымына құлауына себеп болары анық.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support