- Advertisement -

Өнегелі өмір

26

- Advertisement -

Шежірелі Сарысу ауданында Жайылма деген шағын ауыл бар. Бұл ауылда туып, ауылдың атын алысқа жеткізген ардақты азаматтар аз емес. Солардың бірі – осы ауылда 1953 жылы өмірге келген Әбибулла Сәулебаев. Ол 1970 жылы ауылдағы В.И.Ленин атындағы орта мектепті бітіріп, 1970-1971 жылдары «Жайылма» совхозында құрылысшы болып еңбек етті. Әскер қатарында болды.

Әбибулла 1978 жылы Қарағанды жоғарғы милиция мектебін бітіріп, заңгер мамандығын алып шықты. Заң саласындағы алғашқы еңбек жолын сол жылы қыркүйек айында Сарысу аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші болып бастады. Одан кейін Талас аудандық, Жамбыл қалалық ішкі істер басқармаларында, Свердлов (Байзақ) аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші, аға тергеуші, ішкі істер бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары, Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының анықтама бөлімшесінің бастығы қызметтерінде болып, 1999 жылы абыроймен зейнетке шықты.

Әбибулланың заң саласындағы үзіліссіз 25 жыл аталған қызметтерді атқарғанын санамалап шығу оңай. Алайда, аталған бөлім, басқармаларда осыншама жыл еңбек еткенде талай қылмыстың бетін ашу үшін қаншама қылмыскермен бетпе-бет келді десеңізші. Оларға жасаған қылмыстарын мойындату үшін неше түрлі айла-тәсілдерді пайдаланғанын, айғақты заттармен қылмысын мойнына қойғаны әлі есінде. Олардың ішінде айыппұл арқалағаны, жеңіл жазаға тартылғаны, тіпті бірнеше жылды арқалап «анау жаққа» кеткендері де болды.

Әбибулла зейнетке шыққанымен үйде қарап отыра алмады. Байзақ аудандық заң кеңесінің адвокаты, заң кеңсесінің меңгерушісі қызметтерін атқарып келе жатқанына да 24 жыл болыпты. Ұзақ жылдар құқық қорғау саласында қызмет еткен Әбибуллаға бұл қызмет анау айтқандай қиыншылық келтіре қоймады. Бұрын талай қылмыскерді өзі тергесе, енді ондай азаматтарды заң аясында қорғауға бар күш- жігерін жұмсауда. Тәжірибелі заңгер Әбибулла Сәулебаев әлі де болса аттан түспей, жастарға заң саласының қыр сырын үйретіп жүр.

Шәкірттері арасындағы Серік Пешеков пен Алмас Оразалиев полковник шенінде зейнетке шықты. Ал, адвокаттар арасындағы шәкірті Нұржан Мұсабеков ауданымызда өзімен бірге еңбек етуде.

Барқажыр-қайратын, білімін заң саласындағы тәртіп, қылмыскерлердің жолын кесуге, орын алған қылмыстардың ашылуына арнаған Әбибулланың ерен еңбегі оң бағаланып, «Ынтымақтастық», «Батыр шапағаты», «Қазақстан Республикасы тергеу қызметіне – 60 жыл», «Байзақ ауданының Құрметті ардагері», Қазақстан Республикалық адвокаттар алқасының «Адвокатураны дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен аталып өтілді.

Әбибулла Сейдиллаұлы жары Аманкүл екеуі 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырған олар бүгінде олардан 12 немере сүйіп отырған бақытты жандар. Адам құқығы мен бостандықтарын қорғау жолында еңбек етіп жүрген Әбибулла Сейдиллаұлы 70 жасқа келсе де еліне пайдасын тигізуде. Ұлтым деген ұлағатты адам.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ақпарат саласының үздігі.

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support