- Advertisement -

Облыс әкімі су тасқыны бойынша алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды

40

- Advertisement -

Кез келген төтенше жағдайдың алдын алуға және нақты іс жүзінде дайын болуымыз керек. Шу мен Қордай аудандарында орын алған жағдайдан сабақ алуға тиіспіз. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев көктемгі су тасқынының алдын алуға қатысты жауаптыларға осылай деп, нақты міндеттер жүктеді.

Аймақ басшысының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңестің күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай сараланды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова кене шағу, сібір жарасына қарсы атқарылып жатқан жұмыстарды қысқаша баяндап, қызылша ауруы бойынша ахуалға тоқталды. Оның айтуынша, облыста қызылша індетіне шалдыққандардың 85,3 пайызын вакцинацияланбаған жас балалар құрайды.

Аймақ басшысы өңірдегі вакцинациялау жұмысын күшейту, тұрғындар арасында түсіндіру шараларының жаңа әрі тиімді жолдарын қарастыру қажеттігін баса айтты.

— Адам өмірі – бәрінен қымбат. Эпидемиологиялық ахуал баршаны алаңдатуы тиіс. Дертке шалдыққан науқастардың көпшілігі екпе қабылдамағандар. Сондықтан вакцинациялау жұмыстарын тиімді ұйымдастыру маңызды. Халыққа жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Бұл жұмысты Тараз қаласы мен аудан әкімдері жеке бақылауда ұстағаны дұрыс, — деді Ербол Қарашөкеев.

Басқосудың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, су тасқынының алдын алуға қатысты дайындық шаралары талқыланды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков айтуынша, өңірдегі су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша тиісті жоспарлы жұмыс жүруде. Ол бұл бағытта ТЖ департаментімен 397 бірлік техника, 112 су айдау құралы, 10 қайық және 4 аспалы мотор дайындалғанын атап өтті.

Облыс әкімі азаматтық қорғаныс органдары ауа райының күрт жылу мүмкіндігіне сақадай-сай болу, кез келген төтенше жағдайдың алдын алуға күш салу керектігін ескертті.

— Біз Шу мен Қордай аудандарындағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде жедел үйлескен әрекеттердің арқасында адам шығынына жол бермедік. Дегенмен, сол оқиғадан сабақ алуымыз керек.

Бәрі жақсы деп, әрекетсіз отыруға болмайды. Тұрғындардың қауіпсіздігі – басты назарда болуы тиіс.

Қандай да бір мәселе болса, жасырмай, ашық талқылап, шешу жолдарын қарастыру маңызды. Өңірдегі барлық су айдындарына талдау жасаңыздар. Талдау нәтижесіне қарай тиісті шаралар қабылдансын. Су тасқыны кезінде әрекет ету алгоритмін қайта қарап, пысықтау керек. Бұл бағытта қауіп бар елді мекендерде қажетті резервтер мен мобильді топтар құрылып, ауа райының өзгеруіне тұрақты мониторинг жүргізілсін, — деген Ербол Қарашөкеев жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support