- Advertisement -

Көпбалалы отбасы баспаналы болды

27

- Advertisement -

Ел-жұрт болған соң арамызда жоқ-жітіктің, жетім-жесірдің, басқа да өмірлік қиын жағдайларға душар болған отбасылардың болатыны белгілі. Қазақ – жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық екені әлімсақтан аян. «Қысқа жібі» күрмеуге келмей, үйсіз-күйсіз жүрген жандарға ел-жұрт болып сөз жәрдемі мен қол көмегін, жүрек жылуын аямаған іргелі елміз. Бұл дәстүр халқымызда «Асар» деп аталады.

Асар дәстүрі кеше немесе бүгін пайда болған жоқ. Бұрыннан бар дәстүрдің жаңа заманға сай, жаңаша сипат алуы да сол бабалар салып кеткен сара жолды лайықты жалғай білгеніміздің айғағы.

Ауданда «Асарлатып үй салу» жобасының аясында биыл да бірқатар ауылдық округте жаңа баспаналар салынса, ал кейбірінде ауыл тұрғындарының күшімен сатып алынған үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілуде. Күні кеше ғана Билікөл ауылдық округіне қарасты Әбдіқадыр ауылында тұрғын үйге мұқтаж бір отбасына баспана берілді.

Асар дәстүрінің аясында ауыл тұрғындарының көптеп-көмектеуінің арқасында сатып алынып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген баспананың бұрын еңселі үй болғаны алыстан байқалады. Баспананың қолданысқа берілуіне орай ұйымдастырылған игі шараға ауыл тұрғындары көптеп жиналған екен. Оның ішінде ауыл-аймаққа қадір-қасиеті артқан көпті көрген ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың төбе көрсетуі көңілге ерекше жылу сыйлағандай…

Баспана иелерінің қуанышына аудан әкімі Жалғас Мұртаза және аудандық мәслихаттың хатшысы Зиядхан Бүрлібаев ортақтасып, Әбдіқадыр ауылының тұрғындарына алғыстарын жаудырып, осынау халықтық игі дәстүрдің алдағы уақытта да қазақы жөн-жоралғылармен жалғасын таба беретініне үлкен сенім білдірді. Аудан басшысы Жалғас Әлижанұлы игі дәстүрдің аясында баспаналы болған үйдің иесін қуанышымен құттықтап, отбасына амандықпен, балаларының болашағы жарқын болуына да тілектестігін білдірді.

Ауыл тұрғындарының атынан сөз алған қадірлі қария Сәдуақас Ділдаханов ауылдастарын осынау қуанышпен құттықтап, жиналған көпшілікке арнап ақ батасын берді.

Айта кету керек, «Асарлатып үй салу» жобасымен Әбдіқадыр ауылы Бөгенбай көшесінен баспаналы болған Ілгербаевтар отбасы. Отағасы Қажымұқан мен жұбайы Майра екеуі отбасында төрт ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Жаңа қоныс иесі баспаналы болуға жанашырлық танытып, қиын кезде қолұшын созған қайырымды ауылдастарына отбасының атынан алғысын жеткізді.

Аудан әкімі Жалғас Мұртаза қасиетті өңірдің күнгейінде орналасқан ынтымағы берік, тұрғындары ежелден адал еңбек салтын ұстанып келе жатқан құтты мекен – Билікөл ауылдық округіндегі жаңа нысандардың ашылуына арнайы барған жұмыс сапары барысында, округтің қарияларымен және тұрғындармен кездесіп, кеңінен пікір алмасты.

Жалғас Мұртаза өз сөзінде ауылдық округке табиғи газ құбырын тарту жұмыстарының атқарылу барысын, сонымен қатар Дарбаза ауылының кіреберіс және шығаберіс жолдарының жөнделетінін айтып, онымен бірге алдағы жылы округтегі «Беккери» шұңқырын жөндеу жұмыстары, тұрғындардың игілігі үшін тағы да басқа жоспарлы жұмыстардың ұйымшылдықпен атқарыла беретінін жеткізді.

Ал, округке қарасты Әбдіқадыр ауылының тұрғындары ауылға кіреберістегі негізгі екі шақырым ескі сүрлеу жолға асфальт жабындысын төсеудің қажеттігін, ауылдық медициналық пунктті қайта жөндеуден өткізу, көше жарықтарын ретке келтіру сияқты өзекті болып отырған бірқатар мәселені аудан басшылығының назарына салды.

 

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

журналист.

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support