- Advertisement -

Медициналық пункт пайдалануға берілді

55

- Advertisement -

Халықтың денсаулығын нығайту – мемлекет үшін маңызды мәселе. Осы ретте аудандық орталық аурухананың мамандар құрамы өңір тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін өз деңгейінде қамтамасыз етіп отыр деуге болады.

Аудандық орталық аурухана 50 мыңнан аса тұрғынды медициналық көмекпен қамтуда. Алғашқы медициналық санитарлық көмекті ауылдық жерлерде дәрігерлік амбулаториялар, медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер көрсетсе, аудан орталығында орталық емхана тұрғындардың денсаулығын жақсартуға көмек көрсетеді.

Бүгінде ауданға қарасты ауылдардың барлығында «басы ауырып, балтыры сыздаған» науқастарға алғашқы дәрігерлік және медициналық көмек көрсететін жаңа нысандардың қатары жыл санап артып келеді. 2022 жылдың өзінде қасиетті өңірге қарасты үлкен ауылдық округтер – Ақтөбе және Күреңбел ауылдық округтерінде екі бірдей дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп, Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында тұрғындардың игілігіне берілген болатын.

Өңір тұрғындарының денсаулығын нығайту, өмір сүру жасын ұзарту мәселесі ешқашан назардан тыс қалмайды. Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын тауып, ауданның денсаулық сақтау саласы бірқатар жаңа ғимараттармен толығып отыр. Атап айтқанда, кеше Билікөл ауылдық округіне қарасты Жылыбұлақ ауылында жаңа нысан – ауылдық медициналық пункттің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты болды. Жаңа нысан 5 келушіге арналған.

Жаңа жылдың қарсаңында Жылыбұлақ ауылы тұрғындарының игілігіне беріліп отырған жаңа нысанның ашылу салтанатына ауыл тұрғындарымен қатар, округтің орталығы Қарабастау ауылынан да жұртшылық құтты болсын айтуға көптеп жиналды.

Медициналық пункттің ашылу салтанатында алғаш болып аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтау сөз сөйледі. Жалғас Әлижанұлы өз сөзінде тұрғындар денсаулығын нығайту мәселесі – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін баса айтып, қуанышқа жиналған көпшілікті жаңа денсаулық сақтау нысанының ашылуымен құттықтап, тұрғындарға жасалып отырған мемлекет қамқорлығын тиімді пайдалана отырып, денсаулықтарын күту, саламатты өмір салтын ұстанудың маңызды тұстарына кеңінен тоқталды.

Келесі кезекте құттықтау сөз сөйлеген Билікөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Еңсебек Абсалямов та жылыбұлақтықтарды жаңа нысанның қолданысқа берілуімен құттықтай келе, жиналған қауымға игі тілегін жаудырды. Сонымен қоса, аудандық орталық аурухананың басшылығына ауылдық округке тіс дәрігерінің ауадай қажет екенін, мүмкіндік болса, қазіргі таңда Тараз қаласында тіс технигі болып жұмыс атқаратын ауылдың дәрігер азаматын Жылыбұлақ ауылында ашылған медициналық пунктінің ішінен бір бөлме қарастыруға округ тұрғындарының атынан өтініш білдірді.

Жаңа ғимараттың лентасын ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов және Жылыбұлақ ауылының қадірлі қариясы, еңбек ардагері Өсербай Қосаров салтанатты жағдайда қиды. Дәстүрге сәйкес, тәттіден шашу шашылды.

Айта кету керек, 5 келушіге арналған ауылдық медициналық пункт қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда негізінен ем-шара бөлмесінен бастап, дәрігердің қабылдау бөлмесі, егу, акушердің бөлмесі, тағы басқа бөлмелер бар. Бір сөзбен айтқанда, жаңа денсаулық сақтау нысаны науқастардың ем алуына ыңғайлы етіп салынған.

Медициналық пункт ғимаратының құрылысын «ТаразҚұрылысДизайн» ЖШС жүргізген. Серіктестік директоры Бекзат Сүйіндіков аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаевқа жаңа нысанның символикалық кілтін тапсырды.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support