- Advertisement -

Тәуелсіздік қоңырауын соқтым

40

- Advertisement -

Иә, сол күн менің жүрегімнің түкпіріне ұмытылмастай болып орнықты. Теледидардан Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Тәуелсіздік алғаны туралы хабарды естіп, толқып кеткенім есімде. Ол кезде мен Қарақалпақстан Республикасы Тақтакөпір ауданы орталығына жақын ауылдағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі едім. Мектепке ерте келдім. Мұғалімдер мектептің алдына жиналған, дыбыс күшейткіштен «Менің Қазақстаным» әні естіліп тұр.

Қарт ұстаздардың көздерінде жас. Қуаныштың көз жасы. Кейбіреулері қуанғанынан жылап тұр. Мектептің жанында тұратын ата-аналар да жиналып қалыпты. «Тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын, елде бейбіт өмір жалғаса берсін! Аспанымыз ашық болып, күн шуағын шашып тұрсын, Қазақ Елі аман болсын» деген ізгі тілектер айтылып жатты. Мен мектеп директоры Нұрғали Егізбаевқа: «Тәуелсіздік қоңырауын мен соғайын» дедім. Электр қоңырауы бар еді, оны өшіріп, мектеп директорының сейфінде күміс қоңырау бар-тұғын, соны алып мектептің алдында «Тәуелсіздік қоңырауын» соқтым. Сол сәтте ерекше толқыдым, қоңырау дауысы ерекше шыққандай болды. Барлық ата-ана, оқушылар қол соғып тұрды.

Ал, туған елге баруды бала кезден армандайтынмын. Есімде, мектеп көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысушы оқушылар мерекелік концертке дайындалып жатырмыз. Мен 9-сыныпта оқимын. Мақалаларым «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне бірінен соң бірі жарияланып жатыр. Мені мектеп оқушылары «жазушы» деп атап кеткен. (Ресми түрде «Жазушы» деген атақты Тараз қаласында алдым). Репертуарымда «Келіншек», «Қос алқа» деп аталатын екі халық күйі бар. Концертіміз «Жамбыл жастарының вальсі» деп аталатын әнмен басталды. Бұл әнді концерттік бағдарламаға үйірме жетекшісі апайға айтып мен енгізген едім. Маған апай: «Мектепті бітірген соң Жамбылға кетпек ойың бар-ау, оқуға…» дейді. Ол кезде Жамбыл облысының орталығы Жамбыл еді. Мен «Иә» деймін. Сол кезде періште «Әумин» деді ме, 2002 жылы Қарақалпақстаннан Таразға көшіп келдік.

Қазақстан тәуелсіздік алған соң менің Алматыдағы ұстазым, академик Тұрсынбек Кәкішев Алматыға қызметке шақырды. Нөкіс-Алматы пойызы Таразға келіп, жиырма минуттік іркілісте мені перронда Мекемтас Мырзахметұлы іздеп жүр екен. Ол: «Түс, сен Таразда қалатын болдың, мен Тұрсынбек Кәкішевке айттым, сен Таразда қалатын болдың» деді. Мен бірден келістім. Сол күннен бастап өмірімді Таразда жалғастырып келемін. Әулиеата киелі жер ғой, отыздан астам қисса жаздым, «Сұр жебе», «Айбалта», «Семсердің жүзі» атты үш роман жаздым.

Тәуелсіздік мені биік армандарға құлшындырды. «Ежелгі дәуірдегі балалар ауыз әдебиеті», «Ежелгі сақ дәуіріндегі балалар ауыз әдебиеті», «Ежелгі ғұн дәуіріндегі балалар ауыз әдебиеті», «Исламдық түркі дәуіріндегі балалар әдебиеті», «Алтын Орда (Қыпшақ) дәуіріндегі балалар әдебиеті», «Қазақ хандығы дәуіріндегі балалар әдебиеті» деп аталатын оқу құралдарын жаздым. Хрестоматиялық оқу құралдарын құрастырдым. Қазіргі таңда Жамбыл облысының айырым мектептерінде 4-сыныптарға осы оқу құралдары негізінде «Ежелгі дәуірдегі балалар әдебиеті» деп аталатын таңдау пәні жүргізіліп жатыр.

Бұл тәуелсіздікті ежелгі сақ заманында Тарғытай патша, сақтардың көсемі Алып Ер Тұңға, алып Ішбақай, сақтардың ержүрек қызы Зарина, жүрек жұтқан Тұмар патшайым, ғұндардың қаһарман алыптары Түмен, Мөде, Аттила, Сұлтан Бейбарыс, Әбілқайыр хан, Жалаңтөс, Абылай, Кенесары, Жанқожа, алып Бауыржан, Алып Рахымжан, Генерал Рахымов, Мәншүк, Әлиялар аңсаған. Менің айтарым мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында Тәуелсіздік қоңырауы мәңгі соғыла берсін!

 

Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support