- Advertisement -

Газ дабылдатқышы өміріңізді сақтап қалады

26

- Advertisement -

Улы газ көзге көрінбейді, иісі мен дәмі жоқ, алайда одан адамдар уланып, көз жұмып жатады. Елімізде соңғы жылда тіркелген 30 мыңнан астам өртте 815 адам қайтыс болса, олардың кейбірі газдан уланған.

Пештің дұрыс қаланбаған мұржасынан шыққан иістен адамдар түнде уланып, ұйқыдан оянбай қалады. Сондықтан, құтқарушылар үйдің жылыту пештеріне, қазандыққа, газ плиталары мен колонкасына дабылдатқыш орнатуға кеңес береді. Дабылдатқыш – пешпен жылытылатын үйлердегі ауаның құрамында улы газдың бар- жоқтығын анықтайтын құрылғы. Егер үйде улы газдың мөлшері белгіленген көлемнен асып түссе, құрылғы дыбыс шығарып, белгі береді. Ол осылайша өрттен қорғануға көмектеседі.

Жақында Тараз қаласының төтенше жағдайлар басқармасының, ТЖД өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері, қала әкімдігінің мамандары, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының өкілдері, «Жібек жолы» қоғамдық бірлестігі еріктілерінің қатысуымен халық арасында улы газдан улану жағдайлары мен өрттің алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Іс-шара барысында қызметкерлер қала аумағында орналасқан тұрғын үйлерде орнатылған көміртегі тотығы сигналдықтарының жай-күйіне тексеру жүргізді. Тексеру барысында кейбір тұрғын үйлерде құрылғылардың жұмыс істемейтіндігі анықталды. Дабылдатқыштардың жұмыс істемеуінің негізгі себептері – ондағы батарея қуатының таусылуы, үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде құрылғының істен шығуы, бұзылуы және тағы басқа да жайттар болып табылады.

Тұрғындар улы газ дабылдатқыштарының дұрыс жұмыс істеп тұруы сізді және сіздің отбасыңызды қайғылы жағдайлардан қорғайтынын әсте естен шығармағаны жөн. Осыған байланысты Тараз қаласының төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындардан мынадай бірқатар мәселелерге баса назар аударуды сұрайды:

– алдымен құралдың жұмыс істеп тұрғанын тексеру үшін Test/Sbros түймесін басу қажет, сонда ескерту дыбысын естисіз. Егер құрылғы әр 30 секунд сайын тыныш дыбыс шығарса, жасыл жарық диоды жанбаса неме се дисплейде «Err» белгішесі пайда болса, бұл құрылғының жұмыс істемейтінін білдіреді;

– батареяларды уақтылы ауыстыруды ұмытпаңыз. Егер батарея жұмысын тоқтатса, онда құрылғы әр 30 секунд сайын тыныш дыбыстық сигнал шығарады, мұндай жағдайда батареяны ауыстыру керек;

– дабылды (сенсорды) сағат тіліне қарсы бұраңыз;

– құрылғыны бекіткіштен алыңыз (бекіткіштің өзі қабырғаға немесе төбедегі орнында қалуы керек);

– батареяны ауыстырғанда, тек АА типті батареяларды пайдалану керек. Өйткені, батареялар кернеуі ұқсас батареяларға жарамайды;

– құрылғыны қабырғаға немесе төбеге орнатыңыз. Мұны істеу үшін дабылдың артқы бетінің бағытын артқы бекіту қақпағының бағытымен туралаңыз. Құрылғыны бекітпеге қойып және оны толық орнатылғанша сағат тілімен бұрау қажет.

Әні-міне дегенше қылышын сүйретіп қыс та келді. Жоғарыда аталған ұсынымдарды қатаң сақтай білсек, улы газбен улану оқиғаларына жол берілмейтін болады.

 

Еркебұлан ШӘРІПБАЕВ,

төтенше жағдайлар басқармасының инженері.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support