- Advertisement -

«Толық адам» – кемелділік жолы

42

- Advertisement -

Адамдық құндылық пен парасатты биік дәрежеге көтерген Абай ілімін қастерлеу қай кезде де маңызды. Тараз қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназиясында «Толық адам ілімі – болашаққа бағдар» атты семинар өтті. Іс-шара Абай шығармалары арқылы ұлттық мектеп моделін құру бағытында тәжірибе алмасу, облыс бойынша Абай мектептерінің желісін құру мақсатын көздеді.

Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен ашылған іс-шарада би биленіп, күй күмбірледі. Абайдың «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» идеясы негізінде оқыту барысында сындарлы білім берумен қатар, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ұлтжанды жеке тұлғаны тәрбиелеуде атқарылып жатқан жұмыстар айтылды.

Семинарға Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің өкілдері және Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Шу аудандарындағы Абай атындағы мектептердің директорлары мен мұғалімдері қатысты.

Жиналғандар алдында аталған мамандандырылған мектеп-интернат директоры Индира Нұралиева сөз сөйлеп, тереңдетіп оқыту статусы гимназияға көп жауапкершілік жүктейтінін айта келіп, әріптестерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Мұнан соң аталған мектеп-гимназия мұғалімдері Бұлбұл Дүйсембиева мен Майра Көшербаева «Абайдың табиғат лирикасы» атты музыка, көркем еңбек, бейнелеу өнері пәндері бойынша «Steam» сабағын өткізді. Мұнан соң «Тоғызқұмалақ», «Ділмар», «Шешендік өнер», «Робототехника», «Шахмат», «Шебер қолдар», «Сиқырлы бояу» үйірмелері бойынша жұмыстар көрсетілді.

Келесі сәтте 5-6- сыныптар арасында «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты интеллектуалды ойындар ұйымдастырылды. Білгірлер сайысын жас мамандар Мұхаббат Әлеханова, Алина Қанатқызы, Қуаныш Амангелді өткізді.

Сондай-ақ, аталған гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Динара Әділова Абай шығармаларындағы нақыл сөздерді негізге алып, «Салалас құрмалас сөйлемді грамматикалық тұрғыда талдау» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.

Семинар соңында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, абайтанушы Рахат Саламатова «Толық адам» ілімін жас ұрпақ бойына сіңіру қажеттігін айтты. Семинар «Желсіз түнде жарық ай» атты сазды поэзиялық қойылыммен аяқталды.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support