- Advertisement -

Абыройға жолдас болған азамат

36

- Advertisement -

«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзің үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін қаракет қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Өмірін ізгі де игі ісімен өрнектеген, сауда саласының ардагері, Жуалы ауданының орталығы – Б.Момышұлы ауылында бұрын ұзақ жылдар сауда саласында басшылық қызмет атқарған абзал да атпал азамат Пернебек Дайрабаев туралы әңгіме қозғалса, менің есіме хакім Абайдың осы сөздері орала береді. Пернебек ағаның өмірбаянына үңілсең, бүкіл саналы ғұмыры ел игілігін еселеуге арналғанын айқын аңғарасың. Оны барша жұрт құрметтейді, замандастары, әріптестері және дос-жарандары үлгі тұтады.Адалдық, уәдеге беріктік, іскерлік және қолынан келсе жақсылық жасауға ұмтылып тұратын асыл қасиеттерін ризашылықпен жарыса айтады. Білімділігі, біліктілігі және зор ұйымдастырушылық қасиеттерімен көп құрметіне бөленген дара тұлға биыл 16 желтоқсанда 85 жасқа толады.

 

Орыста «Өмір – егістікті кесіп өту емес» деген қанатты сөз бар. Пернекең де бұл өмірдің ащы мен тұщысын аз татқан жоқ. Ол – Жуалы ауданының аумағындағы Билікөлдің жағасындағы бұрынғы Ленин жолы, қазіргі Ә.Жүргенов атындағы ауылда дүние есігін ашты. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының отты жылдарымен тұспа-тұс келді. Есін білер-білместе әкесі Дайрабай Еңбек армиясына аттанды. Таңның атысы мен күннің батысына дейін колхоздың жұмысында жүретін анасы Бибіжарды балалары үйінен түнде ғана көретін. Кейінгі кезде өткен өмірін ой елегінен жиі өткізеді. Өкінетін ісі аз, көңілі толатын тірліктері көп екен. Ол кезде ауылда төрт-ақ сыныптық мектеп болатын. Мына бір оқиға оның есінен еш уақытта кетпейді.

Шаруашылықта жұмыс қолы тапшы. Ол кезде қуатты техника қайда? Пернебек төртінші сыныпты бітіріп, емтихан тапсырған күні ауылдағы бригадир қолынан жетектеп апарып, ат тырмаға отырғызды. Содан бастап оның тынымсыз күндері басталды. Ат шалғымен шөп орып, тырмалап күндіз-түні бел шешпей еңбек етті. Шаруашылықтың басқа да науқандық жұмыстарына белсене араласты. Пернебекті сол кездегі жасөспірімдерді ауыр еңбек ерте есейтті. Әйтсе де алғыр, еті тірі Пернекең бірқатар сыныптастары сияқты колхоздың қара жұмысында қалып кеткен жоқ. Мектептегі оқуын Қаратауда жалғастырды. Орта мектепті бітіргеннен кейін Семейдегі техникумға оқуға түсіп, дайындаушы мамандығын алды. Біраз жыл Билікөлде ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындаушы болды. Оның іскерлігі, тындырымдылығы осы кезден-ақ айқын байқалды.

Халқымыз «Алмас пышақ қын түбінде жатпайды» деп текке айтпаса керек. Бір күні П.Дайрабаевты аудандық тұтынушылар қоғамының басшылары телеграмма арқылы шақырып, мекемедегі жүн қоймасына меңгеруші етіп тағайындады. «Жас келсе – іске» демекші, ол аудандық тұтынушылар қоғамы басшыларының сенімін ақтау үшін іске білек сыбана кірісті. Ол кезде аудандағы ірі 6 колхоз және 5 совхозда 220 мыңға жуық қой бар болатын. Жеке тұрғындар да жүн қоймасына жыл сайын 80-100 тоннадай шикізат өткізетін. Мекеме алдын ала мал мамандарымен ақылдасып,жүн өткізушілердің бәрін қажетті қанар, жіп сияқты қажетті материалдармен қамтамасыз ететін. Билікөл маңында он аңшы ондатр аулап, мекемеге өткізетін. Олар қажетті құрал-жабдықтарды осы мекемеден алды. Кәсіпорын қабылдап алған ондатр, қоян және сары тышқан терілерін буып-түйіп, тиісті жерлерге жөнелтетін.

Пернекең осы жұмысты он жыл атқарып, дұрыс жолға қойғаннан кейін аудандық тұтынушылар қоғамының төрағасы Н. Барков оны аудандық дайындау кеңсесінің директорлығына тағайындады. Жігерлі де жалынды азамат алыспен де, жақынмен де іскерлік байланыс орнатып, елді мекендердегі дүкендерді жұрттың көптен бері қол жеткізе алмай жүрген қат тауарларына толтырып тастады. Жапонияға бал жөнелтіліп, Жуалыға десте-десте кремплин мата ағылатын кез де осы тұс. Біраз жыл Бурныйдағы ауыл шаруашылығы өнімін дайындау кеңсесі Жамбыл және Шымкент облыстарынан жинаған 360 тонна балды Жапонияға жөнелтіп, тапшы тауарларға қарық болған еді.Ташкентке ауданнан 5-6 миллион дана жұмыртқа жіберіліп, ол жақтан печенье мен конфеттің ондаған түрі мен сұйық май әкелінетін. Сарыағаштың емдік суын басқа жақтың тұрғындары Жуалыдағы дүкендерден ат сабылтып келіп, алып кететін.

Бал – аса құнды әрі қат тауар. Сондықтан, оған әлемнің әр түкпірінде сұраныс та көп. Экспортқа жіберілетін балдың сапасы, талдаулары және құжаты дұрыс болуы керек. П.Дайрабаевтың істі дұрыс ұйымдастыруы нәтижесінде ол Бельгия, Чехословакия, Югославия және Нидерландия сияқты Европа мемлекеттеріне де жіберілді. Ол жақтан жуалылықтар ғана емес, облыс жұртшылығының жоғары сұранысына ие болған алуан түрлі жиһаз, кілем және ыдыс- аяқтар әкелінді. Оның басшылығымен Таразда құрғақ жеміс өнімдерін сататын бірнеше дүкен ашылды. Көпшілікпен ортақ тіл табыса алатын жайсаң жан облыстағы әріптестері – аудандық дайындау кеңсесінің басшыларымен жақсы әрі тығыз қарым- қатынаста болды.

Ауданның сауда саласын өрге сүйреген азамат біраз жылдан кейін Бурный ауылдық тұтынушылар қоғамына директор болып тағайындалды. Пернекеңнің абыройы бұл қызметте де асқақтады. Осы мерзімде жуалылықтар тауар тапшылығын сезінген жоқ. Ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп өткізушілерге ынталандырудың алуан түрлері жасалды. Бурныйдағы өнеркәсіп және құрылыс тауарларын бірқатар азаматтар қаладан және көрші аудандардан келіп, алып кететін. П.Дайрабаев көптеген сауда саласының мамандарын тәрбиеледі. Олардың біразы осы салада басшылық қызмет атқарды. Солардың арасында ел алғысына бөленген бірегейлері – Жексен Мүсірепбеков пен Сейіт Төлегенов.

– Халқымыз «Жақсының аты жаһанға жайылады» дейді. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар». Жұмыспен алыс сапарға аттанғанда барған жерде басшыларға оның атын айтсаң, кез келген іс тез орындалатын, – дейді Жексен Мүсірепбеков.

Сейіт Төлегенов оның мына бір қырын ризашылықпен, тамсана айтады.

– Басшы болған соң Пернебек Дайрабаевтың алдына көп адам түрлі мәселелермен келеді. Ол оларды оң шешуге бар күш-жігерін салады.Қолынан келмесе, жақсы сөзін айтып шығарып салатын, – дейді ол.

Тағдырдың жазғанына мойынсұнбайтын ешкім жоқ. Марқұм жұбайы Тәжікүл жаны жайсаң ,ақпейіл және отбасының ұйытқысы еді. Екеуі 8 ұл-қыз өсіріп, тәрбиеледі. Оларға жоғары білім әперіп, ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырды. Балалардың арасында заңгер, бухгалтер,педагог сияқты алуан мамандықтың иелері бар.

П.Дайрабаевтың қажырлы да жемісті еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Ауыл шаруашылығы өнімін сатып алу және жеткізіп беру жоспарын тұрақты орындағаны үшін бұрынғы Одақтың және Қазақ тұтыну қоғамының, облыстық тұтынушылар қоғамының көптеген Құрмет грамоталары, дипломдарымен марапатталды. Тұтыну кооперациясы және мемлекеттік сауда қызметкерлері кәсіподағы Орталық комитеті президиумының Құрмет грамотасы, «Кеңес тұтыну кооперациясының үздігі» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталуы – адал да нәтижелі еңбегінің айғағындай. Абыройға жолдас болған азамат бізбен әңгімесін «өмірдің мәні – айналаңдағыларға жақсылық жасау, әлемді ізгілік ғана нұрландырады» деп түйіндеді.

 

Ақылжан МАМЫТ,

Қазақ журналистикасының қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support