- Advertisement -

Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктері кеңейтілді

940

- Advertisement -

Адамзат тарихында алғашқы саяси партиялар Ежелгі Грекияда пайда болыпты. Ал, біздің түсінігіміздегі саяси партиялар Еуропада XIX ғасырдың II жартысында пайда бола бастаған. Бірақ саяси партиялар бірден көпшілік, бұқаралық партия бола қалмаған. Неміс ойшылы, саяси әлеуметтанушы-экономист Максимилиан Карл Эмиль Вебер өзінің еңбектерінде атап өткеніндей, саяси партиялардың жетіліп, дамуында аристократиялық үйірмелер, саяси клубтар, көпшілік партиялар секілді алғашқы кезеңдер орын алады. Қоғамдық мүдделерді жинақтау мен оларды саяси шешімдерді қабылдау жүйесі шеңберіне ұйымдасқан және бағытталған түрде енгізу – басты міндеттерінің бірі болып табылатындықтан, билік үшін бәсекелестік күресте партиялар қоғамдық қолдауды жұмылдырушы құрал ретінде қызмет істейді. Партиялық жұмылдыру арқылы азаматтар өз заманының саяси үрдісінің белсенді мүшесіне айналады. Яғни, іріктеу қызметін атқарады. Демократиялық тәртіп жағдайында азаматтардың, әлеуметтік топтар мен қоғамның тілектерін шынайы саяси үрдіске айналдыра алған партиялар осылай қоғамдық мүдделерді қалыптастыруда белгілі бір рөл атқарады.

Француз ғалымы, саяси социолог, мемлекеттанушы Морис Дюверже сайлаушылары мен белсенділерінің санына байланысты саяси партияларды маманданған және бұқаралық деп екіге жіктейді. Мұндағы, маманданған деген сөз, қатарында сайлаушылардың 10 пайыздан кемі ғана болатын мүше саны аз партияны айтады. Бірақ ол ұйымдастырылуымен және тәртібімен көзге түседі. Керісінше, бұқаралық партияда оны үнемі жақтап дауыс беретін сайлаушылары, мүшелері, белсенділері көп болады. Бірақ олардың ресми мүшелері болмайды.

Жалпы, саяси жүйедегі орны мен іштей ұйымдасуына байланысты партиялар төрт түрге бөлінеді. Атап айтсақ:

– Ұйымы жоғары орталықтанумен сипатталатын, өзінің барлық мүшелерінің партияның жұмысына белсенді қатынасуын талап ететін авангардтық партиялар;

– Үміткерлердің сайлау науқанын ұйымдастыру, қаржы жинау, үгіт жүргізу және өзге де жұмыстарымен шұғылданатын сайлаушылар партиясы;

– Сайлауға дайындалу және парламентке бақылау жасау сынды негізгі екі қызметті атқаратын парламенттік партия;

– Адамдарды белгілі бір саяси жолды ұстанғандығына қарай емес, ортақ көзқарас, ұқсас мүдделеріне орай, маңызды мәселелерді ортақ талқылау үшін біріктіретін қауымдастық партия.

Уақыт өте келе, әр қилы заман ағымына қарай өз даму сатысында партиялардың олигархизациялануы, яғни, автократияның бір формасы да белең алды. Бұл деген сөз – партиялар дамуына тән үрдісті негіздеу; әлеуметтік ұйымдарды басқаруда демократиялық түрдегі ұйымдардан қатаң бюрократиялық аппаратқа көшу. Саяси тақырыптар тарихында орыстың саясаттанушысы, тарихшы, заңгер Моисей Острогорский мен неміс әлеуметтанушысы, педагог Роберт Михельс осы теорияның негізін қалаушы болып саналады.

М.Острогорский өз еңбегінде партия қызметін талдауда бұқаралық партияларды бюрократиялық ұйымдарға айналдыратын биліктік құрылымдарды көрсеткен. Р.Михельстің де зерттеу нысаны неміс социал-демократиясы болғанына қарамастан, жалпы қорытындылары бойынша партия институтына қатысты жасалды.

Бұл институт талдауда шешуші ұғым – ұйым. Ол кез келген әлеуметтік күштің нақты мақсатты көздейтін тиімді қызмет формасы. Саяси күрестің сыртқы жағдайлары, құрылымы мен қызметтерін қысқарту қажеттілігі ықпалынан партия өз әрекетшілдігін жоғарылату үшін өзінің ішкі ұйымын қайта құрады. Осының салдарынан демократиялық құрылыстан сатылы құрылысқа көшу үрдісі басталады. Ерекше кәсіби топ – олигархия билік пен басқаруды өз қолына шоғырландырады. Сөйтіп, еркін пікірлестер одағы тармақталған бюрократиялық аппараты бар ұйымға айналады. Сондықтан, Р.Михельстің пікірінше, партиялардың ұлы қағидаттар үшін күресуі мүмкін емес болмай қалады. Ол «демократия олигархияға әкеледі» деген ұстаным барлық партияларға тән қасиет деп есептеді. Олигархия әлеуметтік ұйымдарды басқарудың бір «саяси тап» орнына міндетті түрде екінші «тап» келетін ажырамас түрі.

Енді осы саяси партиялар қазақ жерінде қалай дамыды?..

«Қол бастау қиын емес көк найзалы ерің болса, жол бастау қиын емес соңыңнан ерген елің болса, бәрінен де сөз бастау қиын, тауып айтсаң мереке қылады, таппай айтсаң келеке қылады» деген Досбол бидің атақты сөзіне сүйенсек, біздің мемлекетіміздің де көшінің басында ең алдымен зиялы қауым өкілдері тұрмақ.

XX ғасыр басындағы қазақ зиялылары қоғамдық-саяси қызметке даярлықпен келді. Ал, олардың дербес саяси күш ретінде белсенді әрекетке көшуі 1905 жылғы революциялық оқиғаларға тұспа-тұс келді. Оған қазақ халқының орыс отаршыл әкімшілігіне тәуелділігі және қоғамдық дамуда орта ғасырлық деңгейде қалып қоюы түрткі болған еді.

1905 жылы Қазақстанның барлық өңіріндегі жәрмеңкелерде қазақ жұртының мұқтаждықтарын талқылаған съездер өте бастады. Бірден жандарм мекемелерінің назарына іліккен бұл жиындарда патшаға, ортақ билік орындарына арналған арыз-тілектер жазылды. Мәселен, соның ішінде Жетісу және Семей облыстары атынан жазылған шағымдарды талқылауға 25 мыңнан астам адам қатысты.

Бұл талап-тілектерде қазақ елінің қоғамдық өмірдегі ең негізгі мұқтаждықтары яғни, жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру, ар-ұждан және дін бостандығы, бақылаусыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, қазақ елінің жоғарғы заң шығарушы орындарға депутат сайлау құқын мойындау секілді аса маңызды мәселелер көтерілді.

Барлық арыз-тілектерде жоғарғы билік алдына қойылған үлкен де өзекті мәселе, әрине, жер мәселесі болды. Арыз-тілек авторлары «әкелер қанының өтеуімен азат етілген атамекенін» патша үкіметінің ешқандай да дәлел-себепсіз мемлекеттік меншік деп жариялап, соған сүйеніп ең құнарлы жерлер мен тұщы су көздерінің қоныс аударушыларға өтіп жатқандығына наразылықтарын білдірді.

Арыз-тілек науқаны ұлт-азаттық қозғалысында өзара айырмашылығы бар екі ағымның қалыптасып келе жатқандығын аңғартты. Оның бір жағында қазақ жұртының болашағын еуропалық өркениеттің жетістіктерімен байланыста қарап, дін ісін екінші кезекке ығыстырған зиялылар тұрса, оған қарсы екінші бетте қоғамдық дамуда ұлттық-діни ерекшеліктерді негізгі құндылық ретінде бағалаған топ тұрды. Әлихан Бөкейханов алғашқы ағымдағыларды батысшылдар, ал соңғы ағымдағыларды түрікшілдер деп атады.

1905 жылғы 6 тамызда жарияланған манифест бойынша қазақ еліне де мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқығы берілді. Ұлт зиялылары Дума жұмысына белсене араласу арқылы үкіметтің Қазақстандағы саясатына әсіресе, жер мәселесіне ықпал етуге болады деп түсінді. Бірақ сайлау қарсаңындағы қазақ қоғамында Думаға депутат ұсына алатын өз бағдарламасы бар саяси партия жоқ болатын. Уақыттың аздығына байланысты және басқа даярлықтың жоқтығын түсінген ұлт зиялыларының басым бөлігі ресейлік конституциялық демократиялық партияның бағдарламасын мойындап, қазақ облыстарында осы партияның бөлімшелерін құрып, осы ұйымның атынан депутаттыққа түсті.

I және II мемлекеттік Дума жанындағы Мұсылман фракциясы жұмысына белсенді араласқан қазақ зиялылары үкіметтен Қазақстанға ішкі Ресейден қоныс аударушыларды жіберуді, жергілікті халықты егіншілікке жарамды жерлерден ығыстыруды тоқтатуды талап етті. Қазақ депутаттарының бұл талабын қазақстандық Т.Седельников және сібірлік Н.Скалозубов бастаған демократиялық бағыттағы орыс және басқа ұлт депутаттары да қолдады.

Сайлау науқанына араласа бастаған қазақ зиялылары отарлық тәуелділіктегі қазақ халқының мүддесі тұрғысынан қоғамдық үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, депутат сайлап, оған аманат тапсыру ісіне мұрындық болатын саяси ұйымның қажеттігін айқын аңғарды.

1906 жылы 10 маусымда Семей қаласында мемлекеттік Думаға қазақтардан депутат сайлау үшін өкілдердің жиналысы өтіп, Әлихан Бөкейханов жиналғандарды «Халық еркіндігі» партиясының бағдарламасымен таныстырып, жиналысқа қатысқандардың аталған партияға қосылатындығы жөнінде Қаулы қабылдады. Саяси күрес жолына енді ғана түсе бастаған қазақ зиялыларының осы кезеңдегі саяси-әлеуметтік бағдары белгілі дәрежеде ресейлік радикалдық-буржуазиялық партия, кадеттердің қызметімен ұштасты. Бірақ осы кезеңдегі қазақ кадеттерінің өмірде ұстанған мұраттары орыс кадеттерінің бағдарламасынан мүлдем өзгеше еді. Қазақ кадеттерінің бағдарламасында қазақ жерін бүтіндей қазақ елінің меншігі етіп жариялайтын заң қабылдау, ішкі Ресейден көшіп келушілер легіне тежеу қою, қазақ жұмысшыларына еркіндік, теңдік беру, олардың мүддесін қорғайтын заңдар шығару, қазақ балалары үшін мектеп, медресе, университеттер ашу талаптары қойылды.

Қазақ зиялылары тарапынан жалпыұлттық саяси партия құру әрекеті 1913 жылы тағы да бой көрсетті. Мұхаметжан Сералин бастаған «Айқап» журналы төңірегіне топтасқан зиялылар ең өзекті қоғамдық мәселелерді талқылап, белгілі бір бағдарламалық тұжырымдарға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді. Саяси партия құру үшін қажетті алғышарттар тек 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты. Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін «Қазақ» газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібіне қазақ мақсаттарын түгел көздейтін өз алдына партия жасалмайынша болмайтынын дәйек ете, «Қазақ саяси партиясын жасау мәселесін» ұсынды. 1917 жылғы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, төмендегідей шешім қабылдайды: «Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуын тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шуро-и-Исламға» сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократиялық федеративтік парламенттік республика құрылмақ…».

Съездің соңғы күні жаңа қалыптаса бастаған партияның басшысы Әлихан Бөкейханов ресейлік Кадеттер партиясына мүшеліктен шығатынын және оның себептерін мәлімдейді. Партияның ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни, бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұспа-тұс келеді. «Қазақ» газеті өзінің бас мақаласында партияның атын «Алаш» қойып, оған тілектестерді құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауға шақырды. Сонымен бір мезгілде «Қазақ» басқармасынан барлық облыстардағы Қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын «Алаш» деп қою туралы жеделхаттар жіберілді.

Алаш партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады. Әлихан Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен қазанның 12-20 аралығында партияның облыстық ұйымдары алдымен Семейде, кейін Омбыда, ал 10 қарашаға қарай Орынборда ашылды. Семей облыстық партия комитетінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, ал Торғай обкомының төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Партияның арнайы съезін шақырып, басқару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге қолайлы жағдайдың болмауынан бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат есебінде тіркелген топ партияның басқарушы ұйытқысы саналды.

Барлық қазақ облыстарында Алаш партиясы ең көп дауыс алған партия болды. Алайда, объективті жағдай, күрделі де қатал өмір ағымы саяси күреске білек түріп араласып кеткен Алаш партиясының ірі саяси күшке айналуына мүмкіндік бермеді. Қым-қиғаш азамат соғысы тұсында ондай міндетті тек Алашорда үкіметі ғана атқара алатын еді.

Құрамы жергілікті зиялылар мен оқушы жастардан құралып, саяси белсенділігі арта түскен түрлі саяси ұйымдар мен партиялардың саны сол жылдары жиырмадан асып түсіпті. Олардың арасында Ақмоладағы «Жас қазақ», Орынбордағы «Еркін дала», Омбыдағы «Үш жүз», Ордадағы «Жігер», Петропавлдағы «Талап», Меркідегі «Қазақ жастарының революциялық одағы» және басқалар бар еді. Бұл қоғамдық ұйымдардың көздеген мақсаты біркелкі болмаған, олардың қайсыбірі жалпыұлттық ұстанымда болса, екінші біреулері соңынан белгілі бір әлеуметтік топтарды ертуді көздеді.

Коммунистік партияның дәуірлеген кезеңі саналатын кеңес өкіметінің көлемді жылдарын қоспағанда, тәуелсіз даму тарихымен бүгінгі күнге жеткен қазақ жеріндегі саяси партиялардың қатары жоғарыдағыдай ұлт қайраткерлерінің мемлекетімізге қалдырған бай мұрасы мен құнды мұрағатының сүзгісінен біртіндеп өтіп, тәжірибе жинап келеді. Қазіргі таңда елімізде ресми түрде тіркелген жеті партия бар. «Amanat» партиясы, «Ақ жол», «Қазақстан Халық партиясы», «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстандық «Байтақ» Жасылдар партиясы, «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыруды өзінің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндеті санайтындығын жеткізген болатын.

«Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Осыған байланысты біз партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек» деген Президент бастамасымен елде құрылған партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдеді. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азайды. Құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін жандандырды. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болды. Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктері кеңейді.

 

Үміт БИТЕНОВА

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support