- Advertisement -

Өндірісті өркендету өзекті

36

- Advertisement -

Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының алға қойып отырған басым міндеттерінің бірі – өнеркәсіп саласын дамыту. Саладағы 846 (14 ірі, 21 орта, 811 шағын) кәсіпорында 45 мың 700 адам жұмыспен қамтылған. Осы жылдың 10 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 694,5 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі өнім 87,9 миллиард теңге, өңдеу өнеркәсібі саласында өнім көлемі 493,9 миллиард теңгеге жеткен.

Басқарма басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, биылғы 10 ай ішінде өңдеу өнеркәсібінің келесі салаларында өнім көлемі артқан. Олар жеңіл өнеркәсіпте 105,8 пайызға (шағын кәсіпорындар), химия өнеркәсібінде 107,3 пайызға («Қазфосфат» ЖШС минералды тыңайытқыштар зауыты), құрылыс индустриясында 100,6 пайызға («Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС), машина жасауда 140,1 пайызға («Қамқор Локомотив» ЖШС Тараз және Шу локомотив жөндеу зауыты филиалдары) өсім байқалған.

– Өңдеу саласының драйверлері қатарындағы минералды тыңайтқыштар өндірісі 2,2 есе, цемент 5,7 пайызға, киім өндірісі 34,5 пайызға өсіп отыр. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 3,5 миллион теңгені құрады, биылғы 1 тоқсанда 100,4 пайызға артқан. Өңдеу өнеркәсібінің экспорты есепті кезеңде 121,2 миллион АҚШ долларын құрады. Биылғы 1 қарашадағы есеп бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 109,3 мың бірлікті құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,5 пайызға өскенін көрсетті. Биылғы екінші тоқсанның қорытындысымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде 444,9 миллиард теңгенің өнімі (жұмыс, қызмет) өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға өсті. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер санының өсуі салада жұмыспен қамтылған адамдар қатарының көбеюіне ықпал етуде. Биылғы екінші тоқсанның қорытындысымен 164,7 мың адамнан асып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,6 пайызға өскен, – дейді Аспандияр Мұратәліұлы.

Биыл облыста орналасқан қаржы институттарынан сомасы 146,8 миллиард теңгені құрайтын 41,6 мың кәсіпкерге несие берілген. Бұл қаражаттың 60,2 пайызы, яғни 88,4 миллиард теңгесі екінші деңгейлі банктер арқылы, 11,2 пайызы немесе 16,4 миллиард теңгесі «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингінің еншілес компаниялары арқылы, 20,8 пайызы немесе 30,5 миллиард теңгесі микроқаржы ұйымдары арқылы, 7,8 пайызы немесе 11,5 миллиард теңгесі «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несиелендірілген. Берілген барлық несиелердің 52,6 миллиард теңгені құрайтын 4666 жобасы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылыпты.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 23,2 миллиард теңгені құрайтын 1049 жобаға қолдау көрсетілгенін де айтып өткен жөн. Тарқата айтсақ, «Сыйақы мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау» құралы бойынша несие сомасы 13 807,9 миллион теңгені құрайтын 537 жоба қаржыландырылған. «Кредиттер қаржылық лизинг бойынша кепілдіктер беру» құралы бойынша кепілдік сомасы 7 130,8 миллион теңгені құрайтын 500 жоба кепілдендірілген. «Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды жүргізу» құралы бойынша өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен 348,6 миллион теңгені құрайтын 8 жоба мақұлданып, 2 238,4 миллион теңгені құрайтын 8 жобаға қаражат бөлінген. «Гранттық қаржыландыру» құралы бойынша биыл 20 миллион теңгеге 4 жоба қаржыландырылған.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 93,1 миллиард теңгені құрайтын 239 жоба қарастырылып, оның ішінде 71,4 миллиард теңгеге 191 жоба қаржыландырылыпты. Сонымен қатар, биыл сомасы 1 450 миллион теңгені құрайтын 2 жобаға несие берілген.

Аспандияр Сейсебаевтың мәліметіне сүйенсек, облысқа шетелдік инвестицияларды тарту бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. Осы жылдың бірінші жарты жылдығында облысқа 52,1 миллион АҚШ доллары тартылған. Өткен жылдың І жартыжылдығында 12,9 миллион АҚШ доллары түскен екен. Биыл жыл соңына дейін 130 миллион АҚШ долларына дейін тікелей шетелдік инвестициялар тарту көзделіп отырған көрінеді.

Жалпы, биылғы қаңтар-қазан айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 364,7 миллиард теңгені құраған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 111,8 пайызға артқанын байқатады. Оның ішінде жеке инвестиция 305,2 миллиард теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 130,1 пайызға артқан. 2026 жылға дейін инвестициялық портфель көлемі 2,3 триллион теңгені құрайтын 5,5 мың жұмыс орнын құрап отырып, 69 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 1,6 триллион теңгеге 12 жоба бар, онда 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Биыл барлығы 575 жұмыс орны ашылатын 86,9 миллиард теңгені құрайтын 20 жоба іске қосылуы тиіс. Оның ішінде жыл соңына дейін 144 жұмыс орны бар 60,7 миллиард теңгеге 3 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асырылуда. Атап айтсақ, қытайлық «Джон Бан МеталлПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі металлургиялық өндірістің мырыш-қорғасын қалдықтарын қайта өңдеумен айналысады. Оған 10 миллиард теңге инвестиция тартылып, 50 жұмыс орнын ашу көзделген. Тағы да қытайлық «Сарысу ВЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 100 МВт жел электр стансасын салуда, бұған салынған инвестиция 49,4 миллиард теңге, 30 жұмыс орны ашылады. Қырғызстандық «ЭлнурАдилГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі макарон өнімдерін өндіруді қолға алып, 1,3 миллиард теңге инвестиция салып, 64 адамға жұмыс орнын ашады.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының мәліметінше, облысымыздың сыртқы сауда айналымы биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 596,8 миллион АҚШ долларын құрап, 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға артқан. Оның ішінде экспорт 30,6 пайызға төмендеп, импорт 23,4 пайызға артқан. Сонымен қатар, облыстың жалпы ішкі тауар айналымы 733,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайызға артқан. Оның ішінде көтерме сауда 341 миллиард теңгені құрап, 2,6 пайызға өсіпті. Бөлшек сауда 390,6 миллиард теңгені құрап, 3,1 пайызға көтерілген. Сондай-ақ, облыста жыл басынан бері жалпы инфляция 107,4 пайызды құраған. Бұл ретте азық-түлік 106,8 пайыз, азық-түлік емес тауарлар 108,6 пайыз және ақылы қызмет 107,2 пайызды құраған.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 104,6 пайыздан көрінген. Баға тұрақтылығын қамту үшін 4 түрлі көкөніс тауарларының маусымаралық кезеңінде баға тұрақтандыру мақсатында барлығы 7251 тонна тауарға форвардтық келісімшарт жасалынған. Жыл басынан бері артық делдалдық буынды жою комиссиясының 91 отырысы өтіп, барлығы 64 делдалдық буын жойылыпты. Облыс бойынша 180 ірі сауда дүкеніне делдалсыз 2987 тонна 9 тауар түрі, яғни ұн, тауық еті, сүзбе, тұздалмаған сары май, рожки, жұмыртқа, тұз, қант және айран тікелей жеткізілу үшін тиісті жұмыстар ұйымдастырылған. Сауда үстемақысын асырғаны бойынша 26 сауда дүкеніне хаттамалық ескерту берілсе, 3 сауда дүкеніне айыппұл салынған.

Жеке кәсіпкерлікті қаржылай қолдау бағытында жұмыс істейтін мекемелерге тоқталып өтелік. «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы ең төменгі 7 миллиард теңгеден бастап несие береді. Азық-түлік және сусындар өндіру саласында іске асырылатын жобалар үшін 3 миллиард теңге, кәсіпорынның өз қатысуының мөлшері инвестициялық жоба сметасының сомасынан кемінде 20 пайызға 5 жылдан 20 жылға дейін қарызға қаржы бере алады. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы несиені екі бағытпен береді. Бірінші бағыт бойынша қарыз сомасы 50 миллион теңгеден 5 миллиард теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – 3 пайыз. Жеке қатысу мөлшері кемінде 15 пайыз. Қарыз 3 жылдан 10 жылға дейін беріледі. Екінші бағытпен қарыз сомасы 80 миллион теңгеден 20 миллиард теңгеге дейін алуға мүмкіндік қарастырылған. Сыйақы мөлшерлемесі – 9 пайыз, жеке қатысу мөлшері кемінде 15 пайыз, несие 3 жылдан 20 жылға дейін ұсынылады. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы «Мастер-Лизинг» арнайы бағдарламасы бойынша лизингтік желі 1 жыл. Аванс лизинг құнының кемінде 15-25 пайызы, лизинг нысанасы құнының 25 пайызына дейін мемлекеттен инвестициялық субсидиялар алу мүмкіндігі қарастырылған. Сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыз. «Экспресс-Лизинг» арнайы бағдарламасы бойынша мерзімі 5-10 жыл, қаржыландыру лимиті 300 миллион теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыз, аванс техника құнының 20 пайызы. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы «Кең дала», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары бойынша қаржыландырады.

Инвестиция тартуда мемлекеттік қолдаулардың мынадай түрлері бар. Инвестициялық келісімшарт – бұл инвестицияларды және инвестициялық преференциялар беруді көздейтін инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт. Инвестициялық преференциялардың түрлеріне тоқталсақ, яғни инвестициялық жобаларға арналған технологиялық жабдықтарды, оның жинақтаушы және қосалқы бөлшектерін, шикізаттарды және материалдарды импорттау кезінде кедендік баж салығынан 5 жылға дейінгі мерзімге босату. 5 жыл мерзімге шикізат және материалдар импортының қосылған құн салығын салудан босату. Мемлекеттік заттай грант. Инвестициялық жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру барысында құрылған, кеңейтілген және жаңартылған өндірістерді қоса алғанда, жаңа өндірістерді құруға, қолданыстағы өндірістерді кеңейтуге немесе жаңартуға арналған инвестицияларды көздейтін іс-шаралар кешенін білдіреді.

Инвестициялық басым жобаларда технологиялық жабдықтарды, оның жинақтаушы және қосалқы бөлшектерін, шикізаттарды және материалдарды импорттау кезінде кедендік баж салығынан 5 жылға дейінгі мерзімге босату қарастырылады. Сонымен қатар, мемлекеттік заттай грант, салықтар бойынша преференциялар, яғни жаңа өндірістерді құру бойынша корпоративтік табыс салығы мен жер салығын 10 жылға, мүлік салығын 8 жылға төлеуден босату, қолданыстағы өндірістерді кеңейту және жаңарту бойынша корпоративтік табыс салығын төлеуден 3 жылға босату, квотасыз және рұқсат қағазсыз шетелдік жұмыс күшін тарту құқығы беріледі.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support