- Advertisement -

Ғұмырын ғылымға арнаған

40

- Advertisement -

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде гемотология саласының негізін қалаушы, академик Константин Скрябиннің 145 жылдығына орай «Ғұмырын ғылымға арнаған тұлға тағылымы» атты дөңгелек үстел өтті. Аталған музейдің және Тараз инновациялық көпсалалы колледждің бірлесе ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – академиктің 145 жылдығын атап өту мақсатында гельминтология саласының отанына айналған Әулиеатадағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін бүгінгі күн тұрғысында саралау.

Жиын барысында сөз алған ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Хамит Әубәкіров, ветеринария ғылымының кандидаты, Алматы қаласындағы Қазақ ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Влада Сущих, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының аға оқытушысы Қалмұрат Қазақбаев, аталған институттың аға оқытушысы Қанатбек Қартабаев, жоғарыда аталған музейдің ғылыми қызметкері Арайлым Әскербек және тағы да басқа қатысушылар, студенттер академиктің үздіксіз еңбегі, ізденісі мен лабораториясы туралы кеңінен әңгіме қозғады.

Сонымен қатар, қазіргі таңда ветеринар мамандарын даярлау ісінде гельминтологиялық ағарту жұмысын кеңінен жүргізу барысы насихатталып, теориялық және практикалық мәселелер, ветеринария саласындағы жаңалықтар жан-жақты талқыланды.

Айта кету керек, Константин Иванович 1878 жылы Санкт-Петербургте дүниеге келген. 1905 жылы Юрьев мал дәрігерлік институтын үздік бітіріп, Шымкент қаласына аттанады, сол жерде учаскелік мал емдейтін дәрігер болып жұмыс істейді. Екі жыл өткен соң, өзін басқа қиыр түкпірдегі ауданға – Әулиеатаға жіберуді сұрайды. Дәл осы жерде әлемдік даңқты әкелген ғылыми жұмысына шындап кіріседі.

Бүкіл әлемге танымал ғалым болып, Скрябин қазақстандық Әулиеатаны (Таразды) ұмытпай, жоғары ғылымға жол ашқан бұл қаланы гельминтологиялық ғылымның отаны деп атады. Өзінің көрнекті еңбектері үшін К.Скрябин Чехословакия, Польша, Украина, АҚШ, Ұлыбритания, Бельгия, Үндістан және тағы басқа көптеген шетел академиялардың және ғылыми қоғамдардың құрметті мүшесі, шетел академияларының Болгария, Франция, Венгрия, Польша, Чехословакия, Югославияның әрекеттегі мүшесі атанды.

Академик К.Скрябиннің мұражай үйі Тараз қаласы орталығының Абай және Асқаров көшелерінің қиылысында орналасқан. Ол ұлы ғалымның көзі тірісінде 1962 жылы ашылған. Осы ғимаратта К.И.Скрябин 1907-1911 жылдары аралығында тұрып, Әулиеата қаласында мал емдейтін дәрігер болып жұмыс істеген. Мұражай негізгі корпус пен гельмитологиялық зертханадан тұрады, 1980 жылы зертхана Бүкілодақтық гельмитология институтының бөлімі болып қайта құрылған екен.

1978 жылы ғалымның жүз жылдық мерейтойына орай, бұл үй қайта қалпына келтірілген, ал мұражай территориясы сәулеттендірілген, ауласында К.Скрябиннің ескерткіші орнатылған. Ғимараттың бас қасбетінде мемориалдық тақта орналасқан, оның бүйір жағында гельминтологиялық ғылымның негізін салушының туған күнінен 100 жыл өткеніне арналған мерейтойлық конференция қатысушылары 1978 жылы орнатқан екінші мемориалдық тақтасы бар.

Мұражайдың көптеген экспонаттарын ғалымның өзі, одан кейін оның туыстары кітаптарды, ғылыми жұмысы барысындағы сирек кездесетін фотосуреттерді және қолжазбаларды мұражайға сыйлаған.

Жиын соңында қатысушыларға музейдің және институттың атынан Алғыс хаттар табысталды.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support