- Advertisement -

Инфрақұрылым игілігін көрген ауыл

36

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», деген болатын. Сондықтан, барлық деңгейдегі атқарушы органдардың басты жұмысы – азаматтардың өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталуы тиіс. Заман өзгеріп, дамыған жаңа кезеңге қадам басқан кезде ел өңірлерінде, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар үшін инженерлік-инфрақұрылымдық даму мәселелері өзекті болып отыр. Еліміз егемендігін алғанына 30 жылдан асты десек, осы күнге дейін не ауыз суға, не табиғи газға, не болмаса жөні түзу автомобиль жолына жарымай отырған елді мекендер әлі де болса кездеседі. Жалпы, тұрғындардың өмір сүруіне жағдай жасау, тұрмыстың жайлылығын арттыру мәселесі мемлекет үшін де маңызды әрі күн тәртібінде тұрған ең басты мәселе. Бұл жөнінде ел Президенті «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында да жан-жақты айтып, осыған жауапты өңірлердің атқарушы орган басшыларына тиісті тапсырмалар да жүктеп отырғаны баршаға мәлім. Бұл бағытта ауданда бірқатар жобалар сәтімен жүзеге асырылуда.

Президент Жолдауында: «Елді газбен қамтамасыз ету де – өзекті мәселе. Тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту – Үкіметтің және ұлттық газ компаниясының басты міндеті. Жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын тездету және қолданыстағы зауыттардың қуатын барынша пайдалану қажет» деп атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазіргі таңда жыл санап елде демографиялық өсімнің артып келе жатқаны анық байқалады. Бұл – қуанышты жағдай, әрине. Басқа өңірлер сияқты Жуалы ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, өңір тұрғындарын сумен, жылумен, табиғи газбен, электрмен және қанағатанарлық автомобиль жолдарымен жабдықтау мәселелеріне облыс басшылығының тарапынан көбірек көңіл бөлініп отыр.

Жоғарыда атап өткеніміздей, мемлекет дамуының оң нәтижелерін сөз еткенімізде, орталықтан шалғай орналасқан ауылдарға газ, ауыз су жүйелерін тартумен қатар, ондағы қанағаттанарлық автомобиль жолдарының да үлесін арттыру маңызды міндеттердің бірі. Жергілікті атқарушы органның ақпаратына сәйкес, 2025 жылға дейін аудан тұрғындарын таза ауыз сумен және табиғи газбен қамту жұмыстары толықтай жүзеге асырылуы қажет. Бұл мәселелер мұнымен қоса, Жамбыл облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспарында да межеленіп отыр. Ал, бұл бағытта кейінгі жылдары аудан көлемінде қыруар жұмыстар атқарылды. Мұның тұрғындар тұрмысын жақсартуға тигізіп отырған әсерін де айтқанымыз жөн. Ел қазынасынан қыруар қаржы жұмсалып атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, қазіргі таңда аталған өңірге қарасты ауылдардың бірқатарына ауыз су құбырлары, сонымен қатар көгілдір отыны жоқ елді мекендердің барлығына дерлік табиғи газ құбыры тартылуда.

Атап айтқанда, осы бағыттағы жұмыстарға тікелей жауапты саналатын аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, Жуалыда тұрғындарды таза ауызсу жүйелерімен қамтудың үлесі әлдеқайда артып отырғанын анық байқаймыз.

Алдыңғы жылдарды қоспағанда, тек биылдың өзінде ауданға қарасты алты бірдей елді мекенде, атап айтқанда Бәйтерек, Тасбастау және Кәріқорған ауылдарында жаңа ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Мұнымен қоса шалғайдағы – Қызтоған, Қаратас және Әбдіқадыр ауылдарындағы ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу, дәлірек айтқанда онда кешенді-модульді блок орнатылып, тұрғындардың игілігіне беріліп отыр. Айта кету керек, аталған ауылдардағы құрылыс жұмыстарының барлығы түгелдей дерлік аяқталды. Ендігі кезекте аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етудің үлесі туралы айтар болсақ, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудандағы 49 елді мекеннің 42-сі таза ауыз су жүйесіне қосылып, бұл жұмыс 85,7 пайызға жүзеге асып отыр.

– Әлі де ауыз су жеткізілмеген елдімекендерге келсек, олқылықтарды жою мақсатында алда да жұмыстар атқарылатын болады. Ауыз су мәселесі өте өзекті болып отырған ауданға қарасты Түктібай және Ақтөбе ауылдарына таза ауыз су құбырын тарту мақсатында биыл тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат үшін республикалық бюджетке өтінім берілген. Сәтін салса, жоспарға сәйкес, 2024 жылы аталған ауылдарға ауыз су құбырын тарту жоспарлануда. Аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Сонымен қатар, аула және тұрғындар саны аз бес елді мекен Көктас, Қарасу, Амансай, Күркіреусу және Қазбастаудағы ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу және кешенді-модульді блок орнату арқылы тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз ету 2024 жылға жоспарланып отыр. Одан бөлек, тұрғындар саны әлдеқайда көп ауданның орталығы Б.Момышұлы, Қайрат, Көлбастау, Бақалы және Күреңбел ауылдарындағы ескіріп, әбден тозығы жеткен ауыз су жүйелерін қайтадан жаңғырту (реконструкциялау) жұмыстарына да қосымша жобалық-сметалық құжаттар әзірлену үстінде, – дейді аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев.

Халықтың тұрмысын жеңілдету ісінде табиғи газдың да алатын орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Елдің басқа өңірлерінде әлі күнге көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырған ауылдар аз емес. Бұл жағынан келгенде, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, дәлірек айтқанда, жас мемлекеттің экономикасында «тоқырау» анық байқалған 1995-1998 жылдардағы тұрмыстық қиындықтарға қарамастан, аудан орталығына және оған жақын орналасқан бірқатар ауылдарға газ құбырының тартылғаны белгілі. Елдің тұрмысы түзеліп, экономика қалыпқа келе бастаған кейінгі жылдары да көгілдір отыны жоқ ауылдарға магистральды газ құбырын тарту жұмыстары аудан басшылығының басты назарында болды. Бұл жұмыстар 2000 жылдан бері қарай қарқын алды десе де болатындай. Әсіресе, мұның ішінде, орталықтан алыс орналасқан ауылдарға газ тарту ісінің сәтті басталып, нәтижелі аяқталғаны да көңіл қуантады. Әлбетте, бұл игілікті іске ел Үкіметінің тікелей көмек-қолдау жасағанын айтпай кетуге болмайды. Таулы өңірге табиғи газ құбырын тарту ісіне ел қазынасынан миллиардтаған қаражаттың жұмсалғанын білеміз. Ендігі кезекте тұрғындарға табиғи газ жеткізу ісінде оған жауапты мамандардың сапалы қызмет атқарғаны жөн.

Жауапты бөлімнің бізге берген ресми мәліметін сөйлетер болсақ, кейінгі төрт-бес жылдың бедерінде аудандағы газ құбыры жоқ елді мекендер – Күреңбел, Жетітөбе және Боралдай ауылдық округтеріне қарасты ауылдардың барлығына дерлік магистральды газ құбыры тартылды. Ауыл тұрмысына қолайлы жағдайдың жасалуы ондағы тұрғындардың да қуанышын еселей түсті. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алда да өз жалғасын таба беретін болады.

Ал ағымдағы жылы 2022 жылдан биылға өтпелі болған Қошқарата ауылындағы кварталішілік газ тарту жұмыстары толықтай аяқталып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілген болатын. Бұл ретте айта кететін маңызды мәселе бар. Табиғи газбен қамтамасыз етудің үлесіне келер болсақ, жалпы ауданға қарасты 49 елді мекеннің 45- іне көгілдір отын жеткізілді. Қазіргі таңда табиғи газбен қамтылған ауылдардың үлесі – 91,8 пайызды құрап отыр. Бұл – әлбетте жақсы көрсеткіш.

Табиғи газ – ел игілігі. Ендігі кезекте аудан көлемінде газбен қамтылмаған тек Билікөл ауылдық округі ғана қалып отыр. Ондағы төрт елді мекенге, атап айтқанда, ауылдық округтің орталығы Қарабастау мен Әбдіқадыр, Жылыбұлақ және Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ құбырын тартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Ал магистральды газ тарту желілері қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өткізілу үстінде. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін ғана бюджетке тиісті өтінім берілетін болады.

Тұрмыстық игіліктердің болуы – ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетуге үлкен үлес. Соңғы үш жылдың ішінде ауыз су және табиғи газ тарту жұмыстары атқарылған округтердің бірі – таулы аймақта орналасқан Боралдай ауылдық округі. Негізінен ауыл шаруашылығы ісін күнкөріспен қатар тұрақты табыс көзіне айналдырып отырған округтің еңбекқор жұртшылығы үшін бұл үлкен қуанышты оқиға болғаны рас.

– Ауылға ауыз су және газ құбырларын тарту мәселелері тұрғындар тарапынан бұдан көп жыл бұрын көтеріліп келе жатқан өте өзекті мәселенің бірі болатын. Сәтін салып, 2020 жылы ауылдық округтің орталығы Көлтоған ауылына және осы жылдың соңында Ертай ауылына ауыз су құбыры тартылып, ресми түрде пайдалануға берілді. Қаншама жыл таза судың азабын тартқан ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен қуаныш болда десек, артық емес. Кейіннен Рысбек батыр ауылына да ауыз су тартылды. Ауыз судың азабы өз алдына. Округтің тұрғындары табиғи газ құбырына қосылуды да көптен бері армандап келгені белгілі. Бұл мәселе де 2021 жылы өз шешімін тауып, қазіргі таңда ауылдық округ тұрғындарының барлығы дерлік көгілдір отынның игілігін сезініп отыр. Осы орайда ауыл тұрғындарына тұрмыстық игіліктердің қолжетімділігін арттырған Президенттен бастап, ел Үкіметіне және облыс, аудан басшыларына және ауылдан шыққан жанашыр азаматтардың барлығына алғыстан басқа айтар тілегіміз жоқ. Қазіргі таңда округке қарасты үш бірдей ауылдың тұрғындарына ауыз су және көгілдір отын тұрақты берілуде. Суымыз бар, үйіміз де жылы. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың берекесі кіріп қалды. Келіндер от жағып, күл шығарып, әбігерге түспейді. Ауыз су да тұрғын үйлердің ішіне кіргізілген. Осыған сәйкес, тұрмысқа қолайлы жағдайлар да жасалуда. Бұрындары мұндай жағдай ауыл тұрғындары үшін арман болатын, – дейді Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Мақсатбек Байболов.

Мемлекет дамуының оң қадамдарын сөз еткенімізде, жоғарыда аталғандай тұрмыстық игіліктердің ерекше аталуы да заңдылық. Оң нәтижелер халық тұрмысын оңға бастайтынын ескерсек, тұрғындарға оңтайлы жағдай жасау алдағы уақытта да тоқтамайды.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support