- Advertisement -

Салмақты сауал,нәтижелі жауап

40

- Advertisement -

Қазіргі таңда облысымызда барлық салаға айрықша көңіл бөлініп, әсіресе, халықты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше басымдық берілуде. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингі барысында мәлімдеді. Мемлекет басшысының әрбір 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасы аясында облыста 17,4 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, жоспар 29 пайызға артығымен орындалған. Сондай-ақ, облыста жыл басынан бері 65,7 мың жұмыс орны құрылса, оның 49,4-і тұрақты. Ал, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 56 мың адам тартылған. Бұдан бөлек, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде тарқатып айтқан облыс басшысы журналистердің сауалдарына да толыққанды жауап берді.

Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, «Nege.kz» ақпараттық-сараптамалық порталы:

– Жамбыл облысында 2023 жылдың соңына дейін пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 200 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылуы керек болған. Қазірге дейін қанша гектар жер қайтарылды? Жоспар орындала ма?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2 жылда өңірде нәтижелі жұмыстар атқарылды. Өткен жылы 201 гектар, ал 2023 жылдың 11 айында 171 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жылдың соңына дейін жоспарды толығымен орындаймыз.

Әсел ӘБІЛБЕК, журналист:

– Тараз – еліміздегі ең тарихи қаланың бірі. Сонымен қатар, өңірдің климаты, басқа да ерекшеліктері туризм саласын дамытуға өте қолайлы. Мүмкіндіктерді қаншалықты тиімді пайдаланып жатырсыздар? Сіздіңше, өңірде туризмді дамыту үшін не істеу керек?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Президентіміз айтқандай, соңғы жылдары Қазақстандағы туризм саласын дамытудың маңызы жылдан-жылға артып келеді. Бұған елімізде тарихи-мәдени ошақтардың және табиғаты көрікті жерлердің мол болуы да қолайлы жағдай туғызып отыр. Әрі экономикалық әлеуетімізді жақсартудың тиімді жолы екені белгілі.

Табиғаты бай, көрікті жерлері көп болғандықтан, облысымызда туристер қызығушылық тудыратын жерлер аз емес. Дегенмен, салада мәселелер бар екенін жасыруға болмайды. Туризмді дамыту – инфрақұрылымды дамытумен тікелей байланысты. Жалпы, туризмді дамытамыз десек, сапалы жарнама жұмысын жасайтын орталықтар құру да өте маңызды. Бүгінгі таңда облыста осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынған. Алда ауқымды жоспарларымыз бар. Егер бәрі сәтімен жүзеге асса, салада үлкен нәтижелерге қол жеткізетін боламыз. Айта кетейік, өңірде халықаралық деңгейдегі конференциялар, бизнес-семинарлар, фестивальдар және тағы да басқа шаралар өтіп жатыр. Осы жиындарға әр тараптан шетелдік меймандар келіп қатысады. Бұл да туризмді дамытудың басты көздерінің бірі саналады.

Айжан ҚАСЫМОВА, «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі:

– Кәріз суларын тазалау қондырғысы Қазақстан бойынша Тараз қаласында ғана жоқ екен. Ұзақ уақыттан бері көтеріліп жүрген өзекті мәселеге қашан нүкте қойылады?

– Шынында да тозығы жеткен кәріз жүйелерінің жағдайы аймақтағы күрделі мәселенің бірі. Сондықтан мәнді мәселені шешуге барынша басымдық берілуде. Қазіргі таңда Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен техникалық-экономикалық негіздемені дайындап жатырмыз. Негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтетін болады. 2023 жылдың соңына дейін сараптамадан өтетін болса, келесі жылы инвесторды тауып, жобаны іске асыруды бастаймыз. Жоспар бойынша 2027 жылдың аяғына дейін бұл мәселе толық шешіледі.

Оңдасын ДӘРМЕК, «Astana» телеарнасы:

– Тараз қаласында «сақалды» құрылыс саны көбейген. Білуімізше, қаңырап бос тұрған 35 ғимарат бар екен. Түрлі себептермен құрылысы тоқтап тұрған нысандар қашан халықтың игілігіне жарайды?

– Тек Тараз қаласында ғана емес, кез келген қалада «сақалды» құрылыс мәселесі өзекті. Сіз айтқандай, облыс орталығында 35 нысанның құрылысы жылдар бойы аяқталмай, шаһардың шырайын кетіріп тұрған болатын. Бүгінгі таңда 15 нысанның құрылысы аяқталып, түрлі мақсатта пайдалануға берілді. Ал, 8 нысанның құрылысы қайта басталды. Сондай-ақ, тағы 8 нысанның қожайындары қаржы тапшылығына байланысты жобаларын жалғастыра алмай отыр. Қазір қожайындардың әрқайсысымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жобаны аяқтау үшін тиімді тетіктер ұсынылуда. Қалған 4 нысанның орналасқан жерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қолға алынды.

Жанар АРҒЫНОВА, «Еуразия бірінші» телеарнасы:

– Әлеуметтік желі арқылы таңмен таласа қаланы аралап, мәселелерге қанығып, тұрғындармен кездесіп жүргеніңізді жақсы білеміз. Сіздіңше, қала тұрғындарын толғандыратын мәселелердің ең маңыздысы қандай?

Екінші сұрағым, өңірде дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалады. Маңызды мәселені шешу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Облыс әкімі болып тағайындалған күннен бастап жұмыс уақыты басталғанға дейін қаланы аралап, әр округтің тыныс-тіршілігімен, мәселелерімен танысып жүрмін. Тұрғындармен пікір алмасамын. Мың рет естігенше, бір рет көзбен көрген әлдеқайда артық. Сол себепті орынбасарларыма, басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне ерінбей елмен кездесіп, ортасында болып, етене жақын жұмыс істеуді үнемі айтып отырамын.

Ал, қаланы аралау барысында көз жеткізген негізгі мәселелер – жолдың сапасы, қоғамдық көлік қызметі, қаланы жарықтандыру. Тұрғындар да аталған мәселелерді жиі көтереді. Әрине, қалада басқа да қордаланған мәселелер баршылық. Сондықтан, тиісті басшыларға мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстар басталып кетті.

Сіз айтып өткендей, дәрігерлердің тапшылығын мәселе етіп көтерген тұрғындар да аз болмады. Облыста 80 дәрігердің жетіспеушілігі байқалады. Биыл жергілікті бюджет есебінен 42 студентті оқуға жібердік. Ал, республикалық бюджет есебінен 52 маман резидентураға оқуға түсті. Осылайша, алдағы уақытта маман тапшылығын төмендету жоспарланып отыр. Сондай-ақ, биыл облысымызға 101 жас маман келді. Жас мамандарға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының игілігін 204 маман көрді.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ, «Aq jol» газеті:

– Аймақта аграрлық және экономикалық-әлеуметтік мәселелермен қатар руханият, әдебиет саласына да керемет көңіл бөліп келесіз. Мәселен, биыл жергілікті ақын-жазушылардың кітабын шығарып беруге үлкен қолдау көрсетіп отырсыз. Дәл осындай қолдау алдағы жылдары жалғасын таба ма?

– Экономикамызға ғана басымдық беріп, мәдениетті ұмыт қалдыруға болмайды. Егер экономикамыз өркендеп, халықтың тұрмысы жақсарып, табысы артып жатқанымен руханиятымыз ақсап жатса, дұрыс емес. Сол себепті қолдау жалғасатын болады.

Осы уақытқа дейін тыныс-тіршілігін, мұң-мұқтажын білу үшін шығармашылық адамдарымен, спортшылармен, бір сөзбен айтқанда, сан саланың өкілдерімен емен-жарқын кездесулер өткізіп жатырмын.

Шерхан АБЗАЛҰЛЫ, «Atameken Business» телеарнасы:

– Соңғы он жылда Мойынқұм ауданындағы Балқаш көлін жағалай жатқан Шығанақ, Мирный, Мыңарал, Бурылбайтал ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражаты шамамен 2 миллиард теңгеден асып кетті. Дегенмен, тұрғындар әлі күнге дейін таза ауыз суға жарымай отыр. Биыл 4-5 ауылға фильтр орнату үшін 312 миллион теңге қарастырылыпты. Ауыз су «жыры» әлі қанша жылға жалғасады?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді міндеттеген болатын. Президенттің тапсырмасы бойынша халықты ауыз сумен және көгілдір отынмен толық қамту үшін кешенді жұмыстар басталып кетті. Яғни, алдағы екі жылда Мойынқұм ауданының тұрғындары 100 пайыз сумен және 2027 жылдың соңына дейін газбен қамтамасыз етіледі.

Қуандық ТАНАБАС, «Хабар 24» телеарнасы:

– Жылыту маусымының қиындықсыз өтуін қамтамасыз ету – ең маңызды мәселе. Ал, бүгінгі таңда облыс орталығы Тараз қаласындағы жылу желілерінің 80 пайыз тозуы көңілде алаң туғызбай қоймайды. Қыс қаһарына мінгенде жылумен қамтуға байланысты тосын жағдай орын алып жүрмей ме? Сонымен қатар, су тапшылығының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталып өтсеңіз. Баяндамаңыздан облыста су қоймаларының құрылысы басталғанын білдік. Құрылыс жұмыстары бірнеше жылға созылатынын ескерсек, жамбылдық диқандар жуық уақытта су тапшылығынан құтылмайтын секілді.

– Жалпы, облыс бойынша жылу желілерінің ұзындығы 350 шақырымды құрайды. Тозу деңгейі 57 пайыз болатын. Биыл 6,1 шақырым жылу желісі ауыстырылып, нәтижесінде тозу деңгейі 55 пайызға дейін төмендеді. Жылыту маусымын сапалы өткізу – басты назарымызда. Жұмыс сапасы ұдайы бақылауымызда болады. Қазіргі таңда өңірімізде ахуал тұрақты.

Рас, 2023 жыл диқандар үшін оңай болған жоқ. Сондықтан да шаруаларды алаңдатқан мәселені шешу мақсатында 3 бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Біріншіден, баяндамамда айтып өткендей, үлкен су қоймаларды республикалық бюджет есебінен, кіші су қоймаларды жергілікті бюджет есебінен саламыз. Екіншіден, инвестиция тарта отырып тозығы жеткен каналдарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы жалпы ұзындығы 800 шақырымды құрайтын каналға жаңғырту жұмыстарын бастаймыз. Үшіншіден, жерасты суын тиімді пайдалануға көңіл бөлінуде. Облысымызда жерасты су қоры 1,7 миллиард текше метрді құрайды. Осы орайда 600-ден аса ұңғыма қазу жоспарланған болатын. Қазірге дейін 100-ден аса ұңғыма қазылды. Қалғанын алдағы 2-3 жылда толық қазып бітіретін боламыз.

Негізі жерүсті су ресурстарының 85 пайызы вегетация кезінде көршілес Қырғыз Республикасынан Шу және Талас трансшекаралық өзендері арқылы келеді. Ал, жоғарыда аталған жұмыстар толығымен аяқталғанда көршілес қырғыз еліне тәуелділік 50 пайызға дейін қысқарады.

Ержан РАЙХАНОВ, «BasAgro» ақпараттық агенттігі:

– Облыс әкімі лауазымына тағайындалмас бұрын өз бағдарламаңызда Жамбыл өңірін дамытудың жолдарын ұсынған болатынсыз. Соның ішінде егістік алқаптарды тамшылатып суғару арқылы тіршілік көзі тапшылығы мәселесін шешіп, су қорын молайтуға, «Тасөткел» су қоймасын қайта қалпына келтіруге күш салатыныңызды айтып уәде бергенсіз. Алайда, бұл мәлімдемелерден соң жыл өтпей жатып өңірде жаппай құрғақшылық басталып, диқандарға қиын соқты. Төтенше жағдайға байланысты республикадан 3,5 миллиард теңге қаражат бөлініп, көмек көрсетілді. Осы орайда сұрағым келгені, сіз халық алдындағы уәдемді орындай алмадым деп ойламайсыз ба?

– Мен Жамбыл өңіріне әкім болып 5 қыркүйек күні тағайындалдым. Ал, сіз айтып отырған құрғақшылық шілде айында орын алды. Сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы ретінде бұл жағдайға қанық болдым. Әрі өз бақылауымда ұстап, шешімін табуға барынша күш салдым. Облыс әкімімен тығыз байланыста болып, диқандарды әуре-сарсаңға салған қуаңшылық жайын жан-жақты талқылап, тығырықтан шығар жол іздедік. Бұл оңай шешіле салатын мәселе емес. Өткен жылы пайда болып, келесі жылы қайта қалпына келетін жағдай деп қарауға болмайды. Су тапшылығы – өңіріміздегі климаттың өзгеруіне байланысты туындаған мәселе.

«Тасөткел» су қоймасын қайта жөндеу, каналдар құрылысын жүргізу де күн тәртібінен түспейтін мәселе. Су қорының 60 пайызы қоймадағы сулардың арық-атыздар арқылы егін алқаптарына жайылуынан азайып жатыр. Сондықтан, бізге жерасты су көздерін ұтымды пайдалану қажет.

– Жамбылдық фермерлер құрғақшылыққа байланысты берілген 2,5 миллиард теңге көлеміндегі өтемақыны ала алмай жүр екен. Қараша айындағы мәліметке көз жүгіртсек, 246 шаруа қожалық иесіне өтемақы төленсе, 146 шаруа қожалықтың басшысы құжаттары дұрыс рәсімделмегендіктен өздеріне тиесілі қаражатқа қол жеткізе алмай жүр. Фермерлердің сөзінше, Астанадан арнайы комиссия келіп, алқаптарды суретке, видеоға түсіріп, өлшем жүргізген және оларға қаражат берілетінін айтқан. Ал, облыстағылар диқандардың құжаттары дұрыс рәсімделмегенін алға тартып отыр. Бұл мәселе қалай шешілмек?

– Кейбір фермерлеріміздің құжат рәсімдеуде жіберген қателіктеріне байланысты аталған көмекті ала алмай отырғаны шындық. «Диқандардың расымен де заң жүзінде субсидия алуға құқығы бар ма?» деген сұрақты жақсылап зерттеу маңызды. Төтенше жағдайға байланысты бөлінген қаражат диқандарға дұрыс жеткенін біз де қалаймыз. Мемлекет беріп отырған көмекті құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге бөліп жатырмыз. Десе де осы мәселеде «Расында, алқаптары құрғап, шығынға батқан шаруалар алып жатыр ма?» деген мәселеге мұқият болғанымыз абзал. Заң тұрғысынан қаражат алуға құқылы болса, көмек беруден қашпаймыз. Сондықтан, әр мәселені барынша зерделеп, жеке-жеке қарастыратын боламыз.

 

Дайындаған Есен ӨТЕУЛІ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support