- Advertisement -

Балабақша — тәртіптің баспалдағы

69

- Advertisement -

Балабақша – баланың тәй-тәй басқан қадамының қалыптасуына, тақпақ айтып, ертегі тыңдап, ертеңге жетелеген сәулелі сәттерге бейімделуіне ықпал етеді. Аузынан ана сүті кеппеген, қаз-қаз тұрған бүлдіршіндерді бауырына басқан тәрбиешілер баланың бойын ізгілікке үйретіп, жақсылыққа баулиды.

280 балаға арналған №33 «Айсәуле» бөбекжай бақшасының мақтаулы мекеме екенін естігеннен қызметкерлерімен тілдесуге асықтық. Бұл – облыс бойынша ең алғашқы мектепке дейінгі ұйымдар арасында робототехника орталығы болып ашылған мекеме. Оны ашпас бұрын бақша меңгерушісі Нұрзада Мамбетова Астанада робототехника курсы бойынша біліктілігін арттырған. Одан кейін мекеме педагогтері Қарағанды қаласында арнайы оқып, орталықты қажетті құралдарымен жабдықтап, кабинет ашқан.

Сонымен қатар, инновациялық технологияларды енгізу арқылы тәрбиелеу үрдісін ұйымдастырып, жас ұрпаққа білім берудің тиімді мүмкіндіктері мен жолдарын пайдаланып, оның ішінде инклюзивті білім беру кеңістігін құру мақсатында интерактивті сенсорлық орталық та ашқан. Мұнда ерекше көңіл бөлуді талап ететін балалардың қарым-қабілетін дамыту мақсатында құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, түрлі қажетті саладағы педагог мамандар қызмет етеді. Орталықта сонымен қатар, баланың өз ойын ашық айтуға тәрбиелеп, дербестігін, қажеттілігі мен қызығушылығын анықтап, әр балаға ерекше көңіл бөлінеді.

Сондай-ақ, балалардың жас ерекшелігі мен қабілетін ескеріп, сөздік қорын байытып, жан- жақты жетілдіру үшін «Айсәуле лайв» орталығы да өз қызметін атқарып келеді. Мұнда балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасауды және сөйлеу мәнерін меңгеретіндіктен, жас тілші үйірмесі де бар. Орталықтан дәріс алған балалар сұхбат алуды үйреніп, түрлі іс-шарада өздерін көрсетіп жүр. Бұдан бөлек, экологиялық эксперимент алаңы да өз қызметін атқарып, түрлі жобаларды бастағанына екінші жылдың жүзі болды. Бұл бағытта жылыжай ашылып, балалар экологиялық зерттеуге атсалысып, ұстаздарымен бірге түрлі тәжірибе жасауды қолға алған.

– Балабақшаға меңгеруші болып тағайындалған күннен бастап көптеген жоспар құрдым. Балабақша барлық ілім-білімнің, тәлім-тәрбиенің бастауы болғандықтан, балаларды жан-жақты дамытып, бәсекеге қабілетті, заманауи әрі ұлттық рухтағы тұлға етіп тәрбиелеу үшін оның даму стратегиясын құрдық. Алға қойылған мақсат – заманауи педагог, ұшқыр ойлы түлек, қабілетті бала моделін құру еді. Осы миссияны жүзеге асыру үшін балаларды жайлы, қауіпсіз, қолжетімді, түрлі ойындар мен тақырыптық аймақ құрдық. Күнделікті жұмыс нәтижелерін инстаграм парақшаға жүктеп отырамыз. Балабақша – бақыттың баспалдағы болғандықтан, бала тәрбиелеу біздің өміріміздегі ең маңызды міндет. Тәуелсіз елдің жас ұрпағының білімді, жан-жақты дамыған, дені сау, рухани бай, елі мен жерін құрметтейтін саналы азамат болып өсуіне бойымыздағы бар асыл қасиетті үйретуге тырысып бағамыз, – деді Нұрзада Үсенқызы.

Бөбекжай бақша іші-сырты бейнебақылау камерасымен жабдықталған. Одан бөлек, жалпы қауіпсіздікті сақтау мақсатында домофон, дабыл түймесі, күзет қызметі, турникет орнатылған. Биыл маусым айында мекеме мемлекеттік аттестаттаудан өтіп, жұмыс рейтингісінің жоғары дәрежеде екенін көрсеткен. Балабақша қалалық, облыстық, республикалық семинар, конференция, байқаулардың өтуіне үлес қосып, өз іс-тәжірибесімен бөлісуден алдына жан салмаған.

Мұндағы педагогтердің жалпы саны 41 болса, кіші қызметкер саны – 35. 12 топтың ішінде 7 қазақ, 5 топ орыс тілінде тәлім-тәрбие беріп жүр. Сонымен қатар, 5 логопедтік топ қызмет атқарады.

Облыс бойынша балабақша «Үздік балабақша меңгерушісі», «Үздік әдіскер», «Үздік психолог», «Үздік логопед», «Үздік тіл маманы», «Үздік тәрбиеші» марапаттарына ие болған.

– Әр тәрбиеші бәсекеге қабілетті, заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат етеді. Жұмыс барысында күнделікті жаңа ойын түрін ұйымдастырып, сол ойын арқылы балалардың білім сапасын арттыруды қолға алдық. «Гидропоника» жобасы бойынша бақшада шағын жылыжай жасалып, онда балалармен бірге түрлі көкөніс отырғызылды. Балалар бұл жоба арқылы өсімдіктің жетілу жолымен танысып, күтіп- баптауға үйренеді. Одан бөлек, психологиялық сайыстар, тренинг, көрмелер ұйымдастырылады. Ата-аналардың сұранысы мен талаптарын қанағаттандыру мақсатында «Ашық есік» күні өткізіледі. Мұнда ата-аналар балабақшаның күн тәртібімен танысады, – деді балабақша тәрбиешісі Әсем Байғазиева.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support