- Advertisement -

Ауылдағы жаңашыл білім ошағы

51

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Мемлекет басшысының «Білім және ғылым» атты конференцияда сөйлеген сөзінде: «Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан, болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады. Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды.

Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Сондықтан, білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – Қазақстанның жарқын болашағы. Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы», деп атап өткен болатын.

Жуалы ауданындағы Әлихан Бөкейханов атындағы №15 тірек мектеп-лицейі жұмысын жаңашыл бағытта жүргізуді басты мұрат санап отыр. Осылайша, ізденіс жолына түскен бұл мектеп «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерін әлеуметтік дамыту» жобасына енді. Жоба аясында «Қазақстан халқына» қорынан биыл мектеп-лицейге 250 миллион теңге қаражат бөлініпті. Бұл қаражатқа физика кабинетіне заманауи технология алынса, «Арт-Студия», «Телестудия» жаңадан жасақталыпты.

Мектеп-лицей директоры Руслан Сайлаубаев бізге аталған заманауи құндылықтарды аралатты. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, осы білім ордасының заманауи жабдықтары да өзгеше, жетістіктері де айтарлықтай екен.

Аталған мектепте 570 оқушы білім алады. Оларға 120 маман қызмет етсе, олардың 87-сі жоғары білімді мұғалімдер. Бұл білім ошағына аудан аумағындағы Б.Момышұлы, Ақбастау, Т.Әкімов орта мектептері, Ынтымақ негізгі мектебінің 8-11 сынып оқушылары жылына он күннен 3 рет оқиды. Яғни, өз мектептеріндегі алған білімімен аталған лицейдегі білімін салыстыра отырып оқушы өзін дамытады.

Лицейдің телестудия үйірмесінің жұмысы да өзгеге үлгі болардай. Оны информатика пәнінің мұғалімі Әділет Нұрғазы жоғары деңгейде жүргізіп отыр. Қазіргі таңда 8-сынып оқушысы Әсел Бекенбайды тележүргізушілікке тәрбиелеп жүр. Үйірменің басқа мүшелеріне қарағанда Әсел алғыр. Телестудия жұмысына үйреніп те қалыпты. Әсел болашақта танымал тележурналист болғысы келеді. «Арт-Студия» үйірмесінің жұмысы да белсенді. Оны көркем сурет пәнінің мұғалімі Мәделі Құрмашев жүргізеді. Лицей кітапханасын да аралап көрдік. Кітапханашы Ерке Ілиясова жалпы 39 мың 235 кітап қоры бар екенін, оның ішінде 2820 данасы көркем әдеби кітаптар екенін айтты. Мектеп директоры Руслан Бақытбекұлы осы кезге дейін Бауыржан Момышұлы орта мектебін басқарып келген білікті маман. Бұл білім ошағын басқарғанына жақында бір жыл толыпты.

– Біздің мектеп-лицейде сапалы білім беру жолындағы талап жоғары. Мұғалімдердің сапалық құрамы жоғары. Ұстаздардың өзін өзі жетілдіріп, өзін дамытып отыруына мән береміз. Мұғалімдеріміз білімін жетілдіру курстарынан өтіп тұрады. Бірқатар гуманитарлық бағыттағы университеттермен байланысымыз бар. Олардың сапалы түлектерін жұмысқа қабылдауға ниеттіміз. Мақсатымыз – жас ұрпаққа сапалы білім беру. Бізде ашылып жатқан – «Арт-Студия», «Телестудия» үйірмелеріне қызығушылық танытып жатқандар көп. Алдағы уақытта бұл жаңашыл жұмыстарымызды дамыта береміз. Ел ертеңі жас ұрпаққа лайықты білім мен тәрбие беру – міндетіміз, – дейді мектеп-лицей директоры Руслан Сайлаубаев.

 

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support