- Advertisement -

Әлеуметтік көмек көрсету орталықтарының жағдайы қалай?

64

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында «Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз», деп қамкөңіл жандардың жағдайын жақсартуды ескерткен еді. Өңірдегі әлеуметтік көмек көрсету орталықтарындағы жағдайды саралап тұратын «Amanat» партиясы облыстық филиалы жанында арнайы кеңес бар. Өткен қыркүйек айында партия жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңес пен Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің бірлескен отырысында облыстағы бірқатар әлеуметтік көмек көрсету орталықтарындағы кем-кетіктер айтылған. Содан бергі екі ай уақыт ішінде қайсысы шешілді, нендей мәселелер әлі де өзекті болып тұр?

Аталған саяси партия кеңесінің мүшелері отырыстан бұрын облыстағы әлеуметтік көмек көрсету орталықтарын аралап, алдын ала жағдайды зерделеген.

– Бүгінде облысымызда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында 956 зейнетақы мен мүгедектігі жөнінде төлем алатын азаматтар тұрады. Олардың 232-сі егде тартқандарға арналған жалпы түрдегі, 724-і жүйке ауруларына арналған әлеуметтік қызмет орталықтарын паналауда. Қаламызда зейнеткерлік жасқа жеткен, өз бетінше жүріп-тұра алмайтын және денсаулығына байланысты әлеуметтік қызмет алуға мұқтаж қарт адамдар мен мүгедектердің стационар жағдайында тәулік бойы тұрақты немесе уақытша тұруына арналған №1 арнаулы әлеуметтік көмектер көрсету орталығы деп аталатын бұрынғы қарттар үйінде 160 адам қамсыз қарттықты өткеріп жатыр. Мекеме мемлекеттік бюджет, мемлекеттік қамсыздандыруға алынған адамдардың зейнетақысы, заңды және жеке тұлғалардың қайырымдылық жарналары, Қызыл Крест пен Жарты Ай желісі бойынша көрсетілген ізгілік көмек, трансферт, жекеше құрылымдардың қаражаты есебінен қаржыландырылады. Біз сұхбаттасқан екі қарияның айтуы бойынша қарттар үйін паналап отырғандардың бәрі бірдей қайырымсыз перзенттен теперіш көргеннен емес, әлеуметтік жағдайдың қиындығынан жайлы өмір іздеп қарттар үйіне келетіндер де көптеп саналады екен. Балаларына, немерелеріне артық салмақ болмас үшін келетіндер де кездеседі. Интернат үйі тұрғындарының осында тұрып жатқаны үшін зейнетақысының белгілі бір бөлігі ұсталатын жаңа ереже енгізілгеннен кейін шығып кетіп, туысқандарын сағалағандардың өзі кейін қайта сұранған жайттар да болыпты. Сондықтан, Қарттар үйіндегі қариялардың бәріне тағдырдың қатал сынына ұшыраған деп аяушылықпен қарау негізсіз тәрізді.

Қазақстан Республикасында егде адамдар құқықтарының сақталуы туралы Адам құқықтары жөніндегі заңнамада «Интернат-үйге жақын, кәмелетке толған, еңбекке қабілетті туыстары жоқ, заң бойынша оларды асырау және қамқорлыққа алу міндетті, сондай-ақ объективтік себептерге, яғни жасының егделігіне байланысты, бірінші, екінші топтағы мүгедек, онкологиялық, психиатриялық ауру, бас бостандығынан айыру орындарындағы немесе шетелге тұрақты тұру үшін көшіп кетуіне байланысты оларға тұрақты көмек пен күтім көрсетуді қамтамасыз ете алмайтын жақын туыстары жоқ адамдар қабылданады» деп жазылған. Сондай-ақ, мұнда ұл-қыздары, жұбайы қайтыс болған ешкімі жоқ қарттар да бар. Олар жалғыздықтан жапа шегіп, пана іздеп келгендер. Сондай-ақ, балалары асырай алмағаннан қарттар үйіне алып келген ата-әжелер де бар. Қалада бір бөлмені жалдап тұратын, әлеуметтік жағдайы төмен, зейнетақысы пәтерақыға да жетпейтін, күнкөріс қамынан әбден шаршаған кісілер үшін бұл ғимарат өз үйіндей. Кейбір қарттарды мұнда туған ұл-қыздары немесе туыстары алып келген. Сонда интернат үйге орналасу құжаттары қалай рәсімделген? «Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгiдегi интернат үйлерi туралы» Ережеде «Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгiдегi интернат үйiне жалғызiлiктi, жасы зейнеткерлiкке жеткен азаматтар қабылданады» деп тағы да нақтыланған. Сонда «Бір емес, бірнеше баланың әкесі не анасы қарттар үйіне қалай орналасқан» деген сұрақ өзінен-өзі туып отыр, – дейді кеңес хатшысы, «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалы саяси жұмыс бөлімінің кеңесшісі Азамат Байтишев.

Партия жанындағы кеңестің мониторингтік топ жүргізген зерделеу барысында Тараз қаласының №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларын бекіту туралы қағидаларға сәйкес, қызметтерді ұйымдастыруда бірқатар кемшіліктер анықталған. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары 215 адамға қызмет көрсетуге арналып салынған ғимаратта бүгінде небәрі 160 қария тұрып жатыр. Соған қарамастан, бірнеше палатада жатын алаңдар белгіленген нормаларға сәйкес келмейді, яғни тиісті 5 шаршы метр алаңның орнына әр қызмет алушыға 3-тен 4,5 шаршы метрге дейін келеді. Қолаңса иіс сіңген, көптен жөндеу көрмеген, жұпыны бөлмелерде уайым-қайғының құшағына көміліп жатқан қарттардың бейнесі аяныш тудырады. Жатын және демалыс бөлмелеріндегі жиһаздар ескірген, төсеніш кілемдермен және басқа да жұмсақ инвентарьмен толық қамтамасыз етілмеген. Көп жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, ғимараттың ескі үлгідегі ішкі есіктері тозған, дәліз қабырғаларының күлгін бояуы көзге қораш көрінеді, цемент едендер де сыр берген. Сондай-ақ, асхана қабырғалары сұрғылт түсті, еңсені басып тұратын түспен боялған, ас жиһаздары да көңіл көншітерліктей емес. Тағы бір ескеретін жағдай – қызмет алушылардың артынан келген туыстарымен кездесу тек аптасына бір-ақ рет, жұма күні ғана ұйымдастырылады екен. Бұл жұмыс әрі оқу күні болғандықтан, олардың туыстары мен немерелері келе алмайтын көрінеді. Мысалы, №2 арнаулы әлеуметтік көмектер ұсыну орталығында қызмет алушыларға аптаның кез келген күні туыстарымен кездесуіне жағдай жасалған. Дегенмен, мұнда жабырқаулы жандардың көңіл-күйін көтеретін мерекелік іс-шаралар өткізетін акт залы жоқ, мәдени іс-шаралар асханада өткізіледі. Жазғы спорт алаңы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Сондай-ақ, орталыққа арбада отыратын азаматтарды тасымалдау мақсатында арнайы жабдықталған көлік қажет.

№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы басшылығының айтуынша, ғимаратқа күрделі жөндеу жасау үшін сметалық құжаттары әзірленіпті, облыстық басқарма да қолдаған. Келесі жылы күрделі жөндеу жүргізеді деп жоспарланған. Ал, қызмет алушылардың туыстары жұмадан басқа күні де өтініш жасаса, кездестіруге рұқсат беретіндерін айтты.

Ал, №2 орталыққа акт зал салу үшін тиісті құжаттарын дайындап, облыс әкімдігінің құрылыс басқармасына өткізіпті.

Қордай ауданында орналасқан №7 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының ғимараты қызмет алушылардың жасына және денсаулығына сәйкес келмейді. Ғимарат екі қабатты, бірінші қабатында демалыс орны мен асхана бар. Жатын бөлмелері екінші қабатта орналасқан. Екінші қабатқа көтерілетін баспалдақтары жасы келген қарт адамдардың мініп-түсуіне ыңғайсыз. Орталыққа өздігінен жүріп-тұра алмайтын қарттарды қабылдауға мүмкіндік жоқ. Себебі, баспалдағы тік, жеделсаты жоқ. Сондай-ақ, барлық қызмет алушылардың бір мезгілде асханада тамақтануына мүмкіндік жоқ. Өйткені, онда бар болғаны 7 адамдық орын бар. Қалған азаматтар ас-ауқатын екінші қабаттағы холда отырып ішеді. Сонымен қатар, мерекелік іс-шаралар жаз мезгілінде аулада өткізілсе, қыста іс-шара өткізуге арналған акт залы немесе спорт залы жоқ. Ал, бірінші қабатындағы жуынатын бөлменің есігі тар, стандарт талаптарына сәйкес келмейді. Ғимаратта бөлмелердің аздығына байланысты бір кабинетте бірнеше маман қатар отырып жұмыс атқаруға мәжбүр. Ғимараттың шатыры ескіріп, тозғандықтан жаңбыр, қар жауса, төбесінен су ағады. Сыртқы қабырғалары да жаңбырға ағып, күнге күйіп кеткен. Бұл орталыққа жаңа ғимарат салуға жер беріліпті, оны 2025 жылы салу жоспарланған. Шатыры жөнделгендіктен, мекеме басшылығы биылғы қыс-көктемде төбеден су өтпейді деп сендірді.

Қазіргі уақыттары өз отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, сырттан пана іздейтіндердің жиі көрініс беруі де қоғам дертіне айналды. Еліміздің Конституциясында «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» деп анық жазылғанымен, мұндай жайттар тоқтамай тұр. Осындай қасіретке душар болып, өз үйінен қашқан балалы әйелдерге уақытша пана болатын облыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алайда, 27 адамға қызмет көрсетуге бейімделген орталық ғимараты негізгі талаптарды қамтамасыз етуге сәйкес келмейді. Бөлмелері тар. Қажетті жағдайды толық қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ. Әр жатын бөлмеге сыйымдылығына қарай 2, 4, 6, 7 адамнан жатқызылады. Бөлмелер стандарт талаптарына сай емес. Ғимарат ауласының тарлығы балалардың еркін ойнап-тұруына қиындық туғызады. Ішкі бөлмелері мен асханасы, демалыс орындары да кең емес. Ғимарат пен аумақтың тар болуына байланысты спорт зал да, ойын алаңы да қарастырылмаған. Тек қызмет алушыға алғашқы медициналық көмек түрін көрсету үшін шағын 1 бөлме ғана қамтылған. Бұл мәселені шешу жолдары қалай қарастырылып жатқанын сұрап, хабарласқанымызда орталық директоры Жамал Қалыбекова «Жыл аяғына дейін жаңа ғимарат берілетін болды», – деді. Қазір мұнда 25 адам тұрып жатыр. Оның бесеуі аналар, қалған жиырмасы балалар.

Облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығының жұмыстары зерделенгенде кәріз жүйесінің ескілігінен мекеменің шайындылары ағатын арналары жиі бітеліп қалатыны анықталған болатын. Сондай-ақ, көшенің аты Кенен Әзірбаевтың есімі дұрыс жазылмағаны айтылған еді. Бір хабарласқанда орталық директоры Марал Шлыкова көше аты жазылған тақтайшаға әйгілі жыраудың есімі қатесіз жазылып, дұрысталғанын және кәріз жүйесі орталыққа қосылып, жақсарғанын жеткізді.

Ал, №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының шешімін таппай отырған өзекті мәселелердің бірі – жолдың нашарлығынан қоғамдық көліктің мезгілімен жүрмеуі. Орталық қала шетінде орналасқандықтан, қызметкерлердің жұмысқа қатынауы қиын. Орталық басшысы Балабек Нарбаевтың айтуынша, аптаның жұмыс күндері ғана таңертең және кеште жүретін автобус сенбі-жексенбіде мүлдем жүрмейді екен.

– Бұл орталықта негізінен психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан адамдар бар. Ерекше күтімді қажет ететін I, II топ мүгедектері және қараусыз қалған қарттар. Жалпы қазір 501 қызмет алушы тұрады. Олардың жайлы өмір сүруі үшін 400 қызметкер жұмыс істейді. Осынша қызметкеріміздің жұмысқа келіп-кетуіне қоғамдық көліктің уақтылы жүрмейтіні кедергі келтіріп отыр. Бұл бойынша Тараз қаласы әкімдігіне хат жолдадық. Сосын әлгінде айтқанымдай, мұнда жүйке ауруларына шалдыққан адамдар болғандықтан, кресло-арбаларды тез сындырып қояды. Ал, крсело-арбалардың пайдалану мерзімі 7 жылға қарастырылған. Осыны 4 жылға дейінге қысқартса дейміз. Ғимарат 2014 жылы қолданысқа берілген, содан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, шатырынан су өтетін. Қазір жөндеп жатырмыз, желтоқсанның басында жөндеу жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар, штат мәселесі де күрделі. Мысалы, қолданыстағы штат кестесінде 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқуы бар, соның ішінде төсек тартып жатқандар және өз-өзіне мүлдем қызмет көрсете алмайтындарды қоса алғанда 100 қызмет алушыға 1 бақылаушы-санитар қарастырылған. Алайда, қызмет алушылардың арасында өзіне дене зақымын келтіретін немесе айналасындағыларға қауіп төндіретін мүмкіндігі шектеулі жандардың саны артуына байланысты дағдарыс бөлімшелерге бақылауды күшейту мақсатында 50 қызмет алушыға 1 санитар-бақылаушы бекітілсе дұрыс болар еді. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің статусы мен жалақысын да көтеру маңызды мәселе. Әрине, мұның бәрі министрлікте қаралып, шешілетін мәселелер, – дейді орталық директоры Балабек Жаныбекұлы.

Тағдыры сынға салған жабырқау жандарға жұбаныш бола білу үшін оларға көрсетілетін қызметтің сапасы жақсарса дейміз. Жарық дүниеде жүрген күндері жарқын болса, өздерін басқалардан бөлек сезінбесе, қолдан келгенінше соған жағдай жасай алсақ, қанеки.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support