- Advertisement -

Боралдай шахтасы

49

- Advertisement -

Қарт Қаратаудың баурайындағы Жаңатас, Ақсай мен Шолақтау іспетті кен орындарының арқасында облысымыз республика бойынша фосфор шикізатының бірегей базасына айналды. Сондай-ақ, Ақбақайда алтын, Амангелдіде газ, Мақпалда кварцит, Шатыркөлде мыс, Қордайда қызыл гранит пен Үлкен Бурылтауда гипс өндірілуі өңірімізде өндіріс лебі есетінін анық аңғартады. Ал, аймағымызда кезінде ғылыми тұрғыда зерттеліп, іске қосылған Боралдай көмір шахтасының өз тарихы бар.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі ұрпақ Жуалы жерінен бір кездері қуаты Қарағанды мен Екібастұз көмірлерінен кем түспейтін тас көмірі өндірілгенін біле бермейді.

Жалпы, Боралдай шахтасының тарихы өткен ғасырдың екінші жартыжылдығынан бастау алады. Мәліметтерге сүйенсек, Қаратау жоталары мен Күйік асуы алғаш рет 1866 жылы орыс ғалымы Николай Северневтің басшылығымен зерттеле бастаған. Ал, 1866-1870 жылдары осынау барлау жұмыстарының материалдарын ғалым Эдуард Регель жүйелеп, ғылыми тұжырымдама жасаған. Сондай-ақ, орыс ғалымдары Алексей Федченко мен Владимир Лынский 1902-1906 жылдары Талас Алатауы мен Боралдай тауының қойнауында тас көмір барын анықтап, оны тіркеуге алады.

Ал, 1927 жылы шахтадағы көмірді игеру жұмыстары басталды әрі осы жылы тұтынушылар алғаш рет тас көмірді пайдаланды. Атап өтерлігі, Боралдайдың тас көмір кенін игеру жабық түрде жер астынан жүргізілген. Көмір қайла, күрек сияқты қарапайым еңбек құралдарымен қазылып өгіз, ат арбалармен тасымалданған.

Көмір шахтасына Қошқарата, Көлтоған, Шұбарағаш пен Талдыбұлақ аймағынан жұмысшылар тартылған. Боралдай шахтасының кені оңтүстікке қарай созылған Бақай, Бөкей мен Құлан тауларының астында да жалғасып жатыр. Оған дәлел ретінде Құлан асуының аузындағы Шақпақ шахтасы, Сулысай маңындағы Суықбастаудың тас көмірі, Амансай ауылының шығыс жағында алып жатқан Шақпақ өзенінің аңғарларында тас көмір кендерін айтуға болады.

Атап өтерлігі, Боралдайда мол көмір қоры бар екені осыдан 150 жыл бұрын белгілі болған екен. Сол кезде ғалымдар мұнда 1 миллион тоннадан астам көмір қоры бар екенін дәлелдеп, әрі көмірі Қарағанды шахтасымен салыстырғанда жер бетіне әлдеқайда жақын орналасқан және сапасы одан кем түспейтінін анықтаған. Осылайша, жылына 60 мың тонна көмір өндіру мақсатында Боралдай шахтасы ашылған. Жұмыстың тең жарымы қол күшімен атқарылғандықтан және қажетті техниканың тапшылығы салдарынан көмір өндіру ісі мардымсыз жүргізілген. Соның өзінде аталған көмір кен орны Жуалы ауданын қатты отынмен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес Қырғыз Республикасына жөнелтіліп отырған. 1955 жылдары мұнда 130 адам жұмыс істеген деген мәлімет бар. Алайда, 19 жылдан кейін шахта жабылған.

Кейбір деректерде Боралдай шахтасының жабылып қалуы осы өлкенің қатал табиғатымен байланыстырылса, енді бірінде теміржол тұйығынан шалғайда жатқан кеннің көмір өндірудегі шығыны шаш-етектен болғаны айтылады. Тағы бірі – бұған сол кездері КСРО-ны басқарған Хрущевтің өзін-өзі ақтамайтын шағын өнеркәсіптерді жабу туралы шыққан Жарлығы себеп болғанын айтады. Не де болса, саясаттың салқыны тиген Боралдай шахтасы да өз тынысын тоқтатуға мәжбүр болып, құрал-саймандарын арқалаған білікті мамандар сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Леңгір шахтасына жіберілген. Заманында әр жыл сайын 40 мың тоннадан астам тас көмір берген шахтаның енді қашан қайта іске қосылатыны белгісіз.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support