- Advertisement -

РАЕ КВОН ЧУНГ: Климат өзгерісінің зардабын болашақ ұрпақ тартады

12

- Advertisement -

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Нобель сыйлығының лауреаты, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі Рае Квон Чунгпен кездесу өтті.

Айта кетейік, Рае Квон Чунг – Инчхон ғылым конвергенциясы және технология институтының климаттың өзгеруі бойынша құрметті профессоры. Ол Пан Ги Мун қорының климат және энергетика жөніндегі директорлар кеңесінің мүшесі, «Жаһандық энергетика» сыйлығының халықаралық комитетінің төрағасы. Қазіргі уақытта БҰҰ Бас хатшысына есеп беретін су және табиғи апаттар бойынша жоғары деңгейдегі сарапшылар мен көшбасшылар тобы төрағасының кеңесшісі.

Ғалыммен кездесуде университет ректоры Мұхтар Байжұмановпен бірге білім ордасының профессор-оқытушылар құрамы, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері, факультет декандары, ғылыми қызметкерлер және журналистер қатысты.

Жиында әлемдік сарапшы климаттың өзгеруі, аймақтағы су және экологиялық проблемалар жөнінде сөз қозғады. Ғалымның айтуынша, климаттық өзгеріс адамзат үшін үлкен қауіп төндіреді. Соңғы 4-5 жылда ғаламдық температура 1,5 есеге жоғарылаған. 2050 жылға қарай температура 3 есеге дейін артуы мүмкін. Яғни, климаттық өзгерістің зардабын болашақ ұрпақ тартады деген сөз. Профессор Рае Квон Чунг бұл проблемамен күресу үшін оның шығу себебін, түп тамырының қайда жатқанын білу керектігін айтты.

– Мен климаттық өзгерісті 1991 жылдан бері зерттеп келемін. Осы уақытқа дейінгі талдауларыма сүйене отырып, проблеманың көзі – еркін нарықтық экономиканың салдары деген қорытындыға келдім. Яғни, өнеркәсіптерден бөлінетін көмірқышқыл газы климаттың өзгеруіне әсер етеді. Қаншама жылдар бойы көмірқышқыл газдың мөлшерін азайту керек деп айтқанымызбен, еш шара қолданылмай келеді. Ендігі шешім адамзаттың өз қолында. Әр адам «жасыл» экономиканы қолдап, қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қоса алады. Мысалы, «жасыл» экономиканы қолдайтын компания қосымша шығын шығаруға дайын болу керек. Сондай-ақ, тұтынушы да бұрынғыдай арзан өнім емес, сәл қымбат өнім алуға дайын болған жөн. Нарықта екі түрлі баға жүреді. «Жасыл» экономиканы қолдайтын тұтынушы сәл қымбат өнімді, табиғатқа зиян тигізбей жасалған тауарды таңдайды. Яғни, таңдау адамдардың өз еркінде, – деді профессор.

Осы орайда ғалым «Мен бірінші боламын» деген бастамасын таныстырды. Экологияға еш зиян тигізбей өнім шығарып, өзге компанияларға, өндіріс орындарына үлгі болудың маңыздылығын айтты.

Сондай-ақ, жиында Рае Квон Чунг өңірдегі қоқыс, қоршаған ортаның ластануы проблемаларына да тоқталып өтті. Халық саны аз бола тұра, облыста қоршаған ортаның ластану көрсеткіші жоғары екеніне таңданысын білдірді. Мұның бір себебін қоқысты қайта өңдейтін зауыттардың болмауынан және қоқыс үшін қосымша ақы төленбеуінен деп түсіндірді. Мәселен, Кореяда өнеркәсіп орындарынан еш қоқыс қалмайды. Өйткені, онда өндірістік қалдықтар толықтай қайта өңделеді. Тұрмыстық қалдықтар да келесі жылында толықтай жойылады, себебі ол да өңделеді екен. Осылайша, энергияның 20 пайызы қоқыстан алынады. Қазір Корея 4 тонна мұнай қалдығын қайта өңдеп, одан 1 тонна мұнай алып отыр. Сондықтан, ауаның ластанбау мүмкіндігі де онда жоғары екен.

Профессордың айтуынша, «жасыл» экономиканы қолдау – жаңа өсу жолына бастайды. Сонымен бірге, жаңа жұмыс орындары пайда болып, экономикаға жаңаша серпін береді.

Дулати университетінің ректоры Мұхтар Қазбекұлы профессор Рае Квон Чунгпен Кореяның технологиялық университетімен IT мамандарын даярлау бойынша келісімшарт жасау жөнінде уағдаласқанын айтты.

Жалпы, «жасыл» энергетика, баламалы энергия және климат мәселелері бойынша әлемдік сарапшы, Бейбітшілік саласында Нобель сыйлығы иегері елімізге бірінші рет емес, 2007 жылдан бастап келіп, өз ұсыныстарын айтып жүр. Осыған байланысты ғалымнан «Қазақстанның қазіргі экологиялық жағдайы» туралы сұраған едік.

– Барлық қалаларды көріп жүрмін. Бірақ ауаның ластануы мен алғаш келген жылдардан онша өзгермеген. Қоқысты өңдеу қолға алынбаған. Қазақстанның климаттық жағдайы қатты өзгерген. Қазір қараша айында 24 градус. Мұндай болмау керек, негізі. Экологиялық жағдайды қолға алып, жылдам іс-әрекеттер қабылдау керек. Яғни, мен жоғарыда айтқандай, тек қана үкімет емес, адамдар өздері де мұны түсіну керек және олар өздеріне міндеттемелер алғаны жөн, – деп еліміздің экологиялық жағдайына алаңдайтынын жеткізіп, нақты әрекетке көшу керектігін айтты.

 

Назерке СӘНДІБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support