- Advertisement -

Ұлттық және шетел валютасын репатриациялауды бақылау туралы

15

- Advertisement -

Экспорттық-импорттық валюталық бақылау – бұл екінші деңгейдегі банктер, Ұлттық Банк және басқа да мемлекеттік органдар өз құзыреттері шегінде резиденттердің ұлттық және шетел валютасын репатриациялау талабын орындауын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асыратын шаралар кешені.

Валютаны репатриациялау, латын тілінде repatriare – отанға оралу деген мағынаны білдіреді, ал валютаны репатриациялау дегеніміз тауарлар, жұмыстар, қызметтер көрсету экспортынан ұлттық және шетел валютасындағы түсімдерді, сондай-ақ бейрезидент өз міндеттемелерін орындамаған немесе толық орындамаған жағдайда резиденттің тауарлар, жұмыстар, қызметтер көрсету импорты бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру үшін шетелге аударған ұлттық және шетел валютасын банк шоттарына есепке алуды білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық және шетел валютасын репатриациялау талабы тауарлар, жұмыстар, қызметтер экспортынан түскен валюталық түсімді немесе импорт үшін пайдаланылмаған авансты оларды қазақстандық банктердегі шоттарға есептеу жолымен елге қайтару қажеттілігін білдіреді.

Репатриациялау тәртібі мен шарттары «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабымен реттеледі және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.03.2019 жылғы №42 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында экспорттық- импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес Ұлттық Банктің филиалдары мен екінші деңгейдегі банктер баламасында 50 мың АҚШ долларынан астам сомаға келісімшарттар бойынша репатриациялау талабының орындалуын бақылауды жүзеге асырады. Заңға сәйкес репатриациялау мерзімінде репатриация талабын орындау міндеті резидентке жүктелген. Репатриациялау мерзімі экспорт күні мен экспортты төлеуге валюта келіп түскен күні арасындағы не импорт бойынша төлем күні мен импорт күні арасындағы уақыт кезеңін білдіреді.

Резиденттің ұлттық және шетел валютасын репатриациялау жөніндегі міндеттерді мерзімінде орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 251 бабында әкімшілік жауапкершілік көзделген, репатриациялау мерзімін бұзғаны үшін айыппұл сомасы есепке жатқызылмаған ұлттық валюта және шетел валютасы сомасының 20% мөлшерінде, бірақ 2000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде айыппұл салуға алып келеді, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса.

Сондықтан, резидент шетелдік әріптестермен валюталық шарт жасасқан кезде репатриациялау мерзімін сақтау қажеттілігінің маңыздылығын ескергені жөн. Себебі, валютаны репатриациялау — валюталық қаражат қозғалысын бақылау құралы ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын сақтаудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

 

Жандос СҮГІРБЕКОВ,

ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының жетекші маман-экономисі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support