- Advertisement -

Әйгілі ғалым Әулиеатаға келді

6

- Advertisement -

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өңірімізге жұмыс сапарымен келген Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Рае Квон Чунг және профессор О Санг Иеолды қабылдады. Қанатбек Қайшыбекұлы кореялық ғалымның ғылыми жаңалықтарымен таныс екенін айтып, көтеріп жүрген мәселелерінің аса маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, біздің өңірде желден, күннен энергия алу технологиясы жолға қойылып келе жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде Рае Квон Чунг мырза сөз алып бүгін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде студенттер алдында лекция оқығанын, сол жерде де «Жасыл» экономиканы дамыту мәселелері қозғалғанын айтты. Нобель сыйлығының лауреаты жалпы «Жасыл» экономикаға әкімдік пен кәсіпкерлер ғана емес, қарапайым тұтынушы адамдар да жауапты екенін, солай болған жағдайда ауаның ластанбауына жол ашып, климаттың өзгеруін тоқтатуға болатынын қозғап өтті. «Мен бүгін сіздердің өңірлік университетте «Мен бірінші боламын» бастамасын қолға алуды ұсындым.

Жалпы, таза энергияны өндіруге, су тапшылығын жою мәселелеріне ерекше көңіл бөлу керек. Ол үшін тұтынушылар тарапы белгілі бір төлемді төлеу керек. Сіздерде тұтынушылардың жауапкершілігі жоғары болғаны жөн. Мысалы, Корея бұл мәселелерді ертеректе шешіп қойған. Кореяда 4 тонна мұнай қалдықтарынан қайта өңдеп, 1 тонна мұнай алып жатыр. Қатты қалдықтар Кореяда 60 пайыз қайта өңделеді. Сондықтан, ауаның ластанбау мүмкіндігі жоғары. Сіздерде екі елдің байланысы арқылы жақсы жетістіктерге қол жеткізе аласыздар», деді.

Мұнан соң аталған өңірлік универсиет ректоры Мұхтар Байжұманов сөз алып, кореялық аталған профессормен байланысу аса пайдалы және жамбылдық профессорлар мен студенттер үшін тиімді екенін айтып өтті.

Мұнан соң облыстық экология департаментінің басшысы «Қазфосфат» ЖШС қалдықтарын өңдеу бойынша шетелдік ғалымға сұрақ қойды. Нобель сыйлығының лауреаты бұл мәселе назарында болатынын айтса, ректор Мұхтар Байжұманов та бұл ретте бірқатар жобалары бар екенін ескертіп өтті.

Жиынды Қанатбек Мәдібек қорытындылап, Нобель сыйлығының лауреатына хакім Абай Құнанбаевтың қарасөздері жинағын және Жамбыл Жабаев бейнесі бейнеленіп тоқылған кілемді облыс әкімінің атынан сыйға тартты.

Қадірлі қонақ өз кезегінде өзіне жасалып жатқан құрмет үшін алғыс айтты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support