- Advertisement -

Ауылда кәсіпкерлер көбейіп келеді

27

- Advertisement -

Жуалы ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінің құрамына Бәйтерек, Жаңаталап, Ақтоған және Күркіреусу ауылдары кіреді. Округте жалпы 2 мың 636 тұрғын бар болса, оның 626-сы жастар. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында биыл Бәйтерек ауылында тұратын тұрғынның үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша құны 82 миллион теңгені құрайтын екі жоба жүзеге асырылып, тұрақты сегіз жұмыс орны ашылған. Одан бөлек, балық шаруашылығын дамыту бағытындағы 2022-2025 жылдарға арналған бағдарлама аясында осы жылға «Бағдат» шаруа қожалығының базасында құны 67 миллион теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары толыққанды жүргізілуде. Мұнда осы жылдың мамыр айында 160 мың дана шабақ жіберілген. Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралапов ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында баяндады.

Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында жіберілген әрбір шабаққа 15 теңге субсидия төленетін болады және құжаттарын рәсімдеуге көмек берілуде. Сонымен бірге, жеке кәсіпкер Талғат Тойшыбеков Жаңаталап ауылынан балаларға арналған еркін күрес спорт залын салса, жеке кәсіпкер Айжамал Айдаралиева округ тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Бәйтерек ауылынан наубайхана және азық-түлік дүкенін ашқан.

– Бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша айтар болсақ, Бәйтерек ауылындағы бірнеше көшеге орта жөндеу және күн сәулесінен қуат алатын көше жарықтарын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, су тасқынының алдын алу мақсатында ауылдық округтегі ауылішілік дренаждарды механикалық тазалау жұмыстарын, су реттегіш және көпірлерді орнату үшін 20 миллион теңге қаралып, бұл жұмыстар жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Сонымен қатар, осы жылы Күркіреусу елді мекенінің тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құны 20 миллион теңге тұратын жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, – дейді Көбейсін Есқалиұлы.

Ауылдық округ әкімінің сөзіне сүйенсек, биыл сүт бағыты бойынша 3 миллион 100 мың теңге субсидия алынса, мал шаруашылығын асылдандыру бағыты бойынша 1миллион 800 мың теңге қаржы алынған. Өткен жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласындағы егін және мал шаруашылығы едәуір дамып келеді. Округте қазіргі таңда 97 шаруа қожалығы бар. Ал, егістік жердің көлемі 12 мың 178 гектарды құрайды.

Жиын соңында ауылдық округ әкімі Көбейсін Хайралапов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сауалдарына жауап берді.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Жуалы ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support