- Advertisement -

Тоғыз айдағы толайым табыс

43

- Advertisement -

Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Біз экономикадағы қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – микроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан, тың тәсілдер қажет екені сөзсіз», деп жаңа экономикалық бағдарламалардың басты басымдықтарын көрсетіп берді.

Президент тапсырмасының облыста орындалуы қалай? Бүгінде өндіріс кеңінен қанат жая бастаған облыс орталығында жобалардың іске асуы не күйде? Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мәліметінше, биылғы тоғыз айда өнеркәсіп саласында 352 миллиард 871,4 миллион теңгеге өнім өндіріліп, нақты индекс көлемі 102,8 пайызға жеткен. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 80 миллиард 126,3 миллион теңге, нақты көлем индексі 91,8 пайызды құраған. Бөлшек сауда айналымының көлемі 248 миллиард 400,9 миллион теңге немесе нақты көлем индексі 101,8 пайыз. Сондай-ақ, өткен тоғыз айда көтерме сауда айналымында да жетістік бар, көлемі 248 миллиард 770,7 миллион теңге немесе нақты көлем индексі 107,6 пайызды құраған.

Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйектегі Жолдауда: «Өнім өндіру үшін, ең алдымен жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық», деді.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында биыл «2020-2025 жылдарға Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» аясында «Дәмді себет» ЖШС-ның «Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыру» жобасы іске асырылған. Жоба құны – 700 миллион теңге, жылдық қуаттылығы 2160 тонна өнімді құрайды. Ашылған жаңа жұмыс орны – 105. Аталған жобаның іске асырылуы бойынша «Ұлы дала» шағынауданынан 0,5 гектар жер телімі берілген.

Қала аумағында 2023-2024 жылдары жалпы құны 29,8 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, жобалар іске асырылғанда 849 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Атап айтқанда, «Kisc» ЖШС-ның «Металл құю цехын жаңғырту» жобасы. Жобаның құны – 1 миллиард 870,0 миллион теңге, бүгінгі күні металл құю қуаттылығы 3,5 мың тоннаға дейін болса, жаңғыртудан кейін қуаттылығын жылына 24,0 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. 150 жұмыс орны ашылады. Жоба бойынша қазіргі уақытта қытай елінен мамандар келіп, іске қосу- реттеу жұмыстарын жүргізуде. Іске қосу мерзімі 2023 жылдың ІІ жартыжылдығына жоспарланған.

«СП-Тараз Рет» ЖШС-ның құны 3 миллиард 860 миллион теңгенің «Полиэтилентерефталат рециклингу бойынша зауыт салу» жобасы. Жобаның қуаттылығы 6,0 мың тонна, ашылатын жаңа жұмыс орындары 64. Жер телімі 2,5 гектар. Қазіргі уақытта 50 шаршы метр су, 80 шаршы метр газ желісі тартылған. Атқарылған жұмыс 90 пайыз. Мұнымен қоса, кәріз жүйесін және электр жарығын тарту жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттың 10 пайызы бұрынғы қалған мекемеден, қалған 90 пайызы инфрақұрылым тартылған соң салынады. Инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталғаннан кейін зауыттың құрылыс жұмыстары басталатын көрінеді.

Газ плитасын өндіретін 15 миллиард теңгенің «Тұрмыстық техника зауыты» жобасын «AIima DeIux» ЖШС қолға алған. Жылына 100 мың дана газ плитасын шығаратын өндіріс орны іске қосылғанда, 500 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Жобаны іске асыру үшін өндірістік аймақтан 11 гектар жер телімі берілді. Қаржылық мәселелері шешілгеннен кейін келер жылы жобаны іске асыру күтілуде.

«Оргэлитстройсервис» ЖШС-ның «Қант зауыты мен құрама жем өндіру» жобасының құны 2 миллиард теңге. Жоба қуаттылығы жылына 1200 тонна қант өндірісі мен 7500 тонна құрама жем өндіру, 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Жобаны іске асыру үшін Асқаров көшесі, 331 «В» мекенжайынан 5,5 гектар жер телімі беріліпті. Қазіргі таңда газ, су және кәріз жүйелерін жүргізуге техникалық шарттар алынып, құрылыс алаңын жобалау, тегістеу жұмыстары жүргізілген. Сәулет-жоспарлау тапсырмасы алынған. Іске қосылу мерзімі 2024 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарлануда. «Alina Group» ЖШС-ның «Құрғақ құрылыс қоспалар зауытының құрылысы» жобасының құны 7,1 миллиард теңге. Қуаттылығы жылына 105 мың тонна, 35 адам жұмыспен қамтылмақ. Биыл «Алаш Пром» ЖШС 2 миллиард 389,3 миллион теңгенің жылдық қуаттылығы 50 мың текше метр өнім өндіретін «Автоклавты газдалған бетон» жобасын іске қосты. Қыркүйек айында Ниетқалиев көшесінен ашылған өндіріс орнында 35 адам жұмыспен қамтылыпты.

Бұдан бөлек, қала аумағында «Тараз» ӘКК» АҚ-да 100 пайыз сенімгерлік басқаруымен «Тараз» индустриялық аймағы ЖШС жұмыс істеуде. Жалпы ауданы 184 гектарды құрайды. Қаланың болашақта дамуын ескере отырып, бекітуге ұсынылған Тараз қаласының жаңа бас жоспарында қаланың батыс бөлігінен «Шөлдала» алқабына барар жолда 1150 гектар жер, Аса ауылына шығаберісте 500 гектар жер химиялық индустриалдық аймаққа, Асқаров көшесі соңынан Элеватор маңынан 13 гектар жер агроөнеркәсіптік кешенге белгіленіпті. Барлығы 1847 гектар жер қаланың өндірістік әлеуетін көтеру үшін индустриалдық аймаққа берілетін көрінеді.

Бүгінгі таңда қатысушылар ретінде 27,6 миллиард теңгенің және жалпы көлемі 29,3 гектарды құрайтын 8 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде, 2023 жылы құны 822,0 миллион теңге болатын 4 жоба іске қосылады деп күтілуде.

Президент биылғы қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық- түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет» деп нақты тапсырмалар берді. Жолдау жүктеген міндетті «Тараз қант зауыты» ЖШС орындап отыр деп айта алмаймыз. Біздегі мәліметке қарағанда, биылғы қаңтар-тамыз айларында 62, 2 мың тонна ғана қант өндірілген. Өнім көлемінің төмендеу себебі – елімізге Ресейден арзан бағамен қант келуіне байланысты және шикізат тапшылығы дейді.

Былтыр 19297 тонна өнім өндірген «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС биылғы тоғыз айда заттай мәнде өндіргені– ферросиликомарганец 6923 тонна ғана. Өнім көлемінің төмендеу себебі – шикізат тапшылығына байланысты көрінеді. «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС-де Электродты масса цехы ғана жұмыс істеуде. Облыстағы аса ірі салық төлеуші «Казфосфат» ЖШС-ның филиалдары сары фосфор және оның қосындыларын, фосфорлы және азотты минералды тыңайтқыштар өндіруге мамандандырылған. Алпауыт компанияда да былтырғыға қарағанда кейбір шикізат түрлерін өндіру кеміген. Мәселен, сары фосфор былтыр 56,6 мың тонна болса, биылғы 9 айда 51 мың тонна, 10 пайызға, натрий триполифосфаты былтыр 11,6 мың тонна, ал биыл 6,6 мың тонна, 43,1 пайызға төмен. Өнім көлемінің төмендеуі газ және электрэнергиясы көлемінің жетіспеушілігінен көрінеді. Дегенмен, минералды тыңайтқыштарды өндіру көлемі артыпты. Былтыр 188,2 мың, ал биыл 194,4 мың тонна. «ЖЗМК Имсталькон» ЖШС және «Металлоконструкция және резервуарлар зауыты» ЖШС бар-жоғы заттай мәнде өндірген – металл құрылғылары 2794 тонна ғана. Ал, былтыр 4886 тонна өндірген. Тапсырыстың азаюынан өнім көлемі 50,6 пайызға төмендеген.

Мемлекет басшысы биылғы қыркүйектегі Жолдауында соңғы жылдарда қабылданған шаралардың арқасында шағын және орта ірі бизнес тұрақты дами бастағанын атап көрсете келе, орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең екенін еске салды. «Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді» деді. Әрбір Жолдаулары мен Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында кәсіпкерлікті дамытуға баса мән беріп, Үкімет пен әкімдерге нақты міндет жүктейтін Президенттің тапсырмалары сөзсіз орындауы тиіс. Бұл салада облыс орталығында шағын және орта кәсіпкерліктің дамуының көрсеткіштерінде айтарлықтай өсім байқалады.

Биылғы 1 қазанға статистика басқармасының есебі бойынша, Тараз қаласында тіркелген кәсіпорындардың жалпы саны 43958, оның ішінде шағын 7067 бірлік және орта 32, жеке кәсіпкерлер 35960, шаруа қожалықтары 899. Нақты жұмыс жасайтындар саны 38444, жеке кәсіпкерлер 32229, шаруа қожалығы 857. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда тіркелгендер саны 5961-ге, нақты жұмыс жасайтындар 7495-ке өскендігі байқалады. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 67285 адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 119,7 пайызға артқан. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 94 миллиард 194,0 миллион теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 128,2 пайызды құраған.

Жеке кәсіпкерлік қызметін кеңейтуге, өз ісін ашуға ниет білдіруші азаматтарға шағын несие берумен «KazMicroFinance» Микрокредиттік Ұйым» ЖШС қорының Тараз филиалы айналысады. 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 5 миллиард 283 миллион 100 мың теңге 4620 несие берілген. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне ғимарат, құрылым, өндірістік жай, пәтерді өндірістік қызметтерге, жертөлелерді қайта жобалау жөніндегі жеңілдіктер жалғасуда. Биылғы 9 айда 0,1159 шаршы метр алаңда 6 пәтерді дүкен, 4 пәтерді сұлулық салоны, 2 пәтерді кеңсе, сауда жай, кафе, оқу орталығы, дәріхана жасауға бір-бір пәтерден жапсарлас құрылысқа рұқсат берілген.

Өткен үш тоқсанда «Бизнестің жол картасы-2025» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасымен қала бойынша барлығы 506 жоба 12 миллиард 683,5 миллион теңгеге қаржыландырылған. Оның ішінде: Пайыздық ставкаларды субсидиялау тетігімен: 308 жоба 8 миллиард 528,8 миллион теңгеге, «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» бойынша 4 миллиард 154,3 миллион теңге кредит сомасының 2 миллиард 414,8 миллион теңге көлемінде 198 жоба кепілдендіріліпті. Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 1 жоба 700,0 миллион теңгеге қаржыландырылған.

2023 жылы Тараз қаласындағы «Мемлекеттік сатып алу бағдарламасы» аясында «Тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу арқылы жергілікті қамтуды есептеудің бірыңғай әдістемесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес бірқатар қала әкімдігіне қарасты бөлімдермен жұмыс жүргізілуде. «Қарапайым заттар экономикасы» салаларына жататын өнеркәсіптің 9 айдағы 8 бағыты бойынша жергілікті қамту үлесі: жеңіл өнеркәсіп 61,5, жиһаз 59,8, тамақ 84,4, құрылыс материалдары 83,1, химия 60,9, машина жасау 25,4, қағаз 78,7 және фармацевтика өнеркәсібі 32,3 пайызды құраған.

Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы бастамалары мен тапсырмаларын орындау мақсатында да арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыс тиянақты атқарылып жатса керек. Кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мамандары облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандарымен бірлесе азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру жөнінде тұрақты жұмыс істейтін мониторингтік топпен әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында апта сайын жүйелі түрде жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда қала аумағындағы 635- тен аса азық-түлік тауарларын сататын сауда дүкендері жұмыс істейді. Оның ірі сауда орындары 50, шағын маркет 42, үй маңындағы дүкендер 543.

Апта сайынғы жүргізілетін мониторингке қаладағы үй жанындағы 50-60 шағын азық-түлік дүкендері қамтылуда. Сонымен қатар, қаладағы 4 ірі сауда орталықтарында әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізіліп, талдау жасалуда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстеме бағасын 15 пайыздан асырмау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Қаладағы 4 ірі сауда орталықтарындағы 46 сауда желісіне әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізіліп, талдау жасалуда.

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үстемеақысын 15 пайыздан асырмау жөнінде 520 дүкенмен, оның ішінде 46 сауда желілерімен («Дәмді Себет», «Фиркан», «Small», «Нұрислам», және тағы басқа) меморандум жасалынған. Қалған сауда дүкендерімен меморандумға тұру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Ақпарат апта сайын облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық дамыту басқармасына жолдануда. Бөлім мамандарымен көкөніс өнімдерінің көтерме бағасын анықтау мақсатында апта сайын «Ауыл- Береке» базарындағы көтерме сауда орындарына да мониторинг жүргізілетін көрінеді. Алдағы уақытта да Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі әлеуметтік маңызы бар азық- түлік тауарларының баға үстемесіне мемлекеттік мониторинг жұмыстарын жүргізу жалғаса беретін көрінеді.

Қала аумағындағы белгілегеннен тыс орындарда жабайы сауда орындарын ретке келтіру мақсатында құрылған, құрамында қалалық әкімдіктің тиісті бөлімдердің мамандары және полиция басқармасының қызметкерлері бар жұмыс тобы 18-28 шілде аралығында қаладағы заңсыз орналасқан дүңгіршіктер мен «жабайы базарға» зерделеу жұмыстарын жүргізген. «Алатау» шағынауданындағы «Firkan» және «Korzinka» супермаркеттерінің алдында балмұздақ, ауылшаруашылық өнімдері және жүгері, «Аса» шағынауданы №40 үйдің оң жағында, «Қаратау» шағынауданы №30 үйдің маңында, Т.Рысқұлов, Тәуке хан көшелерінің бойында, «Жансая» шағынауданындағы «Балтика» кафесінің маңында, әл-Фараби көшесінің бойында, «Самал» «Этуаль» кафесінің маңында, Жамбыл даңғылы бойында және «Қарасу» шағынауданы Б.Момышұлы көшесінің бойындағы ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін сататын заңсыз орналасқан дүңгіршектер мен «жабайы сауда» орындары анықталған.

Бөлім қызметкерлері базар басшылары мен сауда жасайтын кәсіпкерлермен сауда орындарын ретке келтіру мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жергілікті полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз сауда жасаған азаматтарға ескерту беріліпті. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жергілікті атқарушы орган белгілегеннен тыс жерлерде сауда жасайтын саудагерлерге Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 204-бабы бойынша 16 ескерту жасаған. Сонымен қатар, аталған саудагерлерге бөлім тарапынан қаладағы бос сауда орындары бар «Ауыл Береке», «Grand Bazaar» және «Орталық» базарларына көшуге ұсыныс жасалған.

Тараз қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің мәліметі бойынша 10 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 204-бабы бойынша 1375 тұлғаға хаттама толтырылып, оның ішінде 1352 тұлғаға ескерту жасалса, 23 тұлғаға 448500 теңге мөлшерінде айыппұл салынып, 58750 теңге өндіріліпті.

Қала бойынша 15 сауда базары бар. Оның 12-і әмбебап, 3-і арнайы мамандандырылған. 9 айдың қорытындысы бойынша қала базарларынан түскен салық көлемі 52 миллион 624,7 мың теңгені құраған. Былтыр және биыл қаладағы 4 сауда базары мен 1 сауда орталығында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 3 сауда базары және 1 сауда орталығы толықтай жаңғыртудан өтіпті. Атап айтқанда, «Доснар» сауда орталығы, «Нұралы» және «Ақсай» және «Дәулет» базары нысаналық мақсатын өзгертіп, сауда ойын-сауық орталығы болып құрылған. «Жібек жолы» базарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Басқа да сауда базарларының иелерімен жұмыстар жүргізілуде, жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін толықтай жаңғыртудан өтуі тиіс.

Шаруалар әлеуметтік желіде базарға мал етін кіргізудің қиындығын жазып жатады. Қолдан қолға өткен соң базарда ет қымбат дейді. Қалалық әкімдіктің тиісті бөлімі мен құзырлы органдар осы мәселемен шұғылданса дейміз. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір жолы – бағаның қолжетімділігі. Бұл – Президент тапсырмасы. Әне- міне, соғым науқаны да келіп қалды. Қай түліктің болмасын, еті енді арзандай қоймас, дегенмен ет, басқа да азық-түлік тауарларының бағасы шаруаның бейнеті ақталатындай, халықтың қалтасы көтеретіндей болуы керек.

 

Амангелді ӘБІЛ

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support