- Advertisement -

Әскерге бар да, тегін білім ал!

34

- Advertisement -

Бір жыл бұрын еліміздің Қорғаныс министрлігі азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жобаны қолға алған болатын. Бұл жаңашылдыққа қорғаныс пен жоғары білім және ғылым министрліктерінің ортақ меморандумға қол қоюы аясында қол жеткізілді. Осылайша, Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздар енді тегін мемлекеттік грантқа ие болу мүмкіндіктеріне қол жеткізді. Атап өтерлігі, биылдан бастап іске қосылған жоба аясында оқу грантының иегері атануы үшін әрбір сарбаздың жеке қасиетіне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңіндегі жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жоғары нәтижелеріне айрықша көңіл бөлінеді.

Өткен аптада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша шекара департаментінде Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасында әскери борышын ойдағыдай өтеп, дәл осындай мүмкіндікті иемденген 12 сарбазға сертификат тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының басшы және жеке құрамы, сарбаздар, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық республикалық қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, ата-аналар және облыс орталығындағы «Астана» көпсалалы колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Басқосуда алғаш сөз тізгіндеген Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы, подполковник Бекислам Абуев елімізде әскери қызметтің беделін арттыру бағытында жаңа жобалар сәтті жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті. Ол өз сөзінде бүгінгі күні жүздеген шекарашы сарбаздар республикадағы іргелі жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болғанын жеткізді.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Сол себепті, жастарымыз Қарулы Күштер қатарында әскери борышын өтеуге мүдделі болуы қажет. Сайып келгенде, әрбір ер жігіт өз Отанын қорғауға әрі жауынгерлік даярлықтан өтуге тиіс. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, қорғаныс министрлігі азаматтардың әскери салаға деген қызығушылығын арттыру мақсатында ынталандыру мәселесіне көптеп көңіл бөлуде. Нәтижесінде әскери борышын мүлтіксіз өтеген бірқатар сарбаздар жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінгі таңда жүздеген шекарашы республикадағы іргелі жоғары оқу орындарында тегін білім алу жолдамасына қол жеткізді. Олардың қатарында шекара басқармасының әскери қызметшілері де бар. Мәселен, «Күз-2022» шақырылымының 12 сарбазы өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындап, мемлекеттік шекараны қырағы күзеткені үшін тегін білім алу грантының сертификатын иемденбек. Демек, әскер қатарында болу кейбіреулер айтқандай, уақытты құр босқа өткізу мен мүмкіндіктерден қағылу емес. Керісінше, әскер – өмір мектебі. Оның қазанында қайнап, сынағында шыңдалу кез келген азамат үшін өмірлік олжа. Ендеше, үлкен өмірдің алғашқы баспалдағын аттаған сарбаздарға сәттілік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді Бекислам Абуев.

Бұдан кейін сөз алған «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық ре спубликалық қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалының директоры Қасымхан Төлендиев мемлекет тарапынан Отан қорғаушыларға барлық жағдай жасалып жатқанын айтты. Ал, жас сарбаз Оружан Юсуповтың анасы Каминур Махамбетова шекара басқармасының басшы құрамына алғысын білдіріп, ержеткен ұлының нарық заманында жоғары оқу орнында тегін білім алуы әрбір ата-ана үшін зор мақтаныш әрі қолдау екенін атап өтті. Мұнан соң грант ұтып алған запастағы әскери қызметшілер – Абзал Тоқтархан, Бақдәулет Қыдырбаев, Темірлан Усанов пен Махамад Әбдімәліков сынды қатардағы жауынгерлерге арнайы сертификат табыс етілді.

Сондай-ақ, бұл күні «Астана» көпсалалы колледжінде білім алатын студенттер үшін «Бесағаш» заставасында «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Осылайша, болашақ с арбаздар әскердегі бір күндік өмірді сезініп, әскери бөлімшенің тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды. Студенттерге әуелі «Бесағаш» застава бастығының орынбасары, аға лейтенант Мирас Камон қысқаша ақпарат беріп, біздің елдің мемлекеттік шекарасы Қырғыз Республикасының шекарасымен шекте с етінін жеткізді. Оның айтуынша, әскерилер бекітілген жоспар аясында қызмет етіп, түрлі заңбұзушылықтардың алдын алуға күш салады.

– Қырғыз елімен арадағы мемлекеттік шекараны «кірпік қақпай» қырағы қорғайтын жауынгерлеріміздің бір бөлігі – «Бесағаш» шекара бекетінің сарбаздары. Мемлекеттік шекараның шебінде сап түзеген сайыпқыран сарбаздар – қазақстандықтардың бейбіт әрі тыныш өмірінің сақшысы. Бұл күнде шекаралық бақылау мұнаралары заманауи инженерлік құрылғылармен толықтай жабдықталған. Мемлекеттік шекара сарбаздардың бекітілген кезекшілігі бойынша тәулік бойы күзетіледі. Оған т абиғаттың қандай да бір тосын мінезі, аптабы мен аязы кедергі бола алмайды. Темірдей тәртіп пен Отанға деген риясыз адалдықтың нәтижесінде «Бесағаш» шекара заставасының шекарашылары өздерінің әскери борышын абыроймен орындап келеді. Түрлі заңбұзушылықтардың алдын алып, ізшіл иттерді пайдалану арқылы шекара бұзушылардың адымын аштырмауға бар күш- жігерімізді салудамыз. Жалпы, шекара бағандар мен сымдардан ғана тұрмайды. Мұнда әскери өмірге тән с ергектік, ұдайы дайындық пен қырағылық салтанат құрады, – деген Мирас Камон жүйелі жұмыстардың нәтижесінде контрабандалық оқиғалар саны күрт төмендегенін атап өтті.

Дәл осы сәтте застава кезекшісінің пәрмені бәріміздің ойымызды бөліп жіберді. Нақтырақ айтқанда, көзді ашып- жұмғанша әскери машыққа бейімделген мұнтаздай форма киіп, қару асынған жас сарбаздар арнайы көлікке мініп шекара шебіне келді. Олар алдын ала дайындалған сценарий бойынша шекарадан заңсыз өтуге әрекеттенген қылмыскерді қолға түсіруге кірісіп кетті. Көліктің тоқтағаны сол еді, арнайы үйретілген « Белгерский овчарканың» аяқтарына қанат біткендей, желдей ұшып қылмыскердің соңына түсті. Жасыратыны жоқ, сол сәтте көк бөрінің бүгінгі ұрпағының жылдамдығына біз де таңданыс білдірдік. Сол-ақ екен, өкпесі өшіп, өзегі өртенген шекара бұзушы тырнаның аузына түсіп тырбаңдаған бақаның күйін кешті. Қылмыскер сол қолын оңды-солды сермегенімен, нәтиже шамалы болды. Соңында төрт аяқтының астында қимылдауға дәрменсіз жатқан заң бұзушыны шекарашылар арашалап алды. Жиналғандар қылмыскерді құрықтаған батырларға лайықты құрмет көрсетті. Осыдан-ақ, арам ниетті қылмыскерлер мың жерден марафонға қатысқан желаяқ болса да, Қазақстан Республикасының сенімді қорғаны – шекарашылардан қашып құтыла алмайтынын анық аңғардық.

Астана көпсалалы колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Сәтбекованың сөзінше, мұндай шараның бүгінгі жастарға берері мол. Педагог аталған оқу орнының басшылығы құзырлы органдармен тығыз әрі әріптестік қарым-қатынас орнатқанын атап өтті. «Шекара шебіндегі тұрақсыз жағдай кез келген елдің тыныштығын бұзары ақиқат. Осы себепті мемлекеттік аса маңызды мүдде – шекара қауіпсіздігі алғашқы орында тұр. Бүгін біздің білімгерлер контрабандашыларды құрықтауға арналған арнайы операцияның үзіндісін көру бақытына ие болды. Қазіргі таңда колледжде 600-ден астам студент білім алады. Оның ішінде мемлекеттік грантты жеңіп алған білімгерлеріміз аз емес. Жалпы, әрбір ержігіт үшін әскерге бару және сарбаз атану – абыройлы міндет», – деді ол.

Иә, Отанымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қызмет етуді сезінудің өзі адамға үлкен жауапкершілік. Оның үстіне, бүгінде әскерилерге мемлекет тарапынан барлық көмек жасалған. Ал, жас буынды осынау сала қызметкерлерімен жүздестіріп, олардың өмір жолы мен ерлік жолдарын үлгі етудің маңызы аса зор. Өйткені, бойында патриоттық сезімі жоқ өскелең ұрпақтың кез келген сынақтан сүрінбей, керісінше қарсы тұрарына ешкім сене қоймасы анық.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support