- Advertisement -

Кітапхана ісінің кәсіби маманы

54

- Advertisement -

«Жақсы сөз – жарым ырыс», – демекші, кімнің де елге сіңірген шынайы еңбегіне қарай бағаланғаны дұрыс. Мойынқұмдық іскер маман Ғалия Шубаева жайлы жақсы пікір айтатындар көп. Ол 1982 жылы Жамбыл мәдени- ағарту училищесін бітірген соң, Мойынқұм ауданына оралып, еңбек жолын өзі туып-өскен Жамбыл ауылындағы кітапхана меңгерушісі болып бастаған. 1983-1990 жылдары әртүрлі салада қызмет атқарады. 1990 жылдан бастап сүйікті мамандығына қайта келіп, аудандық орталық кітапханада кітапханашы болып қызметке кірісті. 2014 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін «кітапхана ісі» мамандығы бойынша бітіріп, жоғары білім иесі атанды.

Ғалия Шубаева аудандық кітапханада қандай қызмет бар болса, сол жолдардың бәрінен өтті. Атап айтқанда, кітапханашы, аға кітапханашы, әдіскер, балалар бөлімінің меңгерушісі лауазымдарында қызмет атқарып, тәжірибе жинақтап, 2015 жылдан мекеменің директоры лауазымына тағайындалғаны да сол еңбегінің жемісі.

Ол кітапхана мамандарының кәсіби білімдерін кеңейтіп, олардың кәсіби, мәдени өсуіне, шығармашылық қызметке ынталандыру арқылы саланың кадрлық әлеуетін дамыту мақсатында, өзінің іскерлігін, кәсіби біліктілігін, ұйымдастыру қабілетін жан-жақты көрсете білді. Ол 2015 жылы Алматы қаласында өткен «ХХІ ғасыр кітапханалары: кітаппен болашаққа» атты халықаралық конференцияда, 2016 жылы Астана қаласында өткен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік. Әдебиет. Қаламгер» республикалық форумына, 2017 жылы Қостанай қаласында өткен «Мемлекеттік кітапханалардың қоғамның дамуына қосар үлесі» атты халықаралық ғылыми- практикалық конференциясына, Алматы қаласында өткен ҚР Ұлттық кітапханасында семинар-кеңеске қатысып, тәжірибе жинақтады.

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Меркі аудандық орталық кітапханаларының базаларында өткен облыстық тәжірибелік семинарларда баяндамалар жасап, жан- жақты білімін көрсетті.

2021 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Туған жер, сені жырлаймын» тақырыбында жергілікті ақын Болатбек Әбішевтің авторлық кешін өткізуге ықпал етті. Мұндай батылдық екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», бағдарламалық мақаласы аясында ауылдық кітапханалардың әлеуетін көтеруге атсалысты. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен аудан күндері, ауыл күндері, «Ең үздік ауыл кітапханасы» байқауларына белсене атсалысып жүр.

Жан-жақтан алған тәжірибенің нәтижесінде кітапхана жұмысын алға бағыттап, ауылдық кітапханалардың мәдени жағдайда кітапхананың кәсіби беделі мен әлеуметтік мәнін көтеру, кітапхана қызметінің ақпараттық кеңістікте рейтінгісін көтеру мақсатында жаңа формалар мен әдістерді іздестіріп «COWORKINC», «Цифрландырылған ақпараттық орталықтың» ашылуына ықпал етті. Кітапхана қызметкерлерінің кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында жан- жақты жұмыстар атқарып келеді.

2018 жылы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық кітапханада өткен аудандық кітапхана күндеріне қатысқаны үшін облыстық басқарманың «Үздік әлеуметтік серіктестік» аталымына ие болды. 2020 жылғы «Жомарт жүрек» акциясы бойынша «Жылдың үздік ұйымы» аталымына ие болды.

Бүгінгі таңда кітапхана саласымен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Аmanat» партиясы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы, аудандық Аналар кеңесі және Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, «Аmanat» партиясының «Орталық»» бастауыш партия ұйымының төрайымы және сегізінші шақырылымындағы аудандық мәслихатының депутаты.

«Аmanat» партиясының ұйымдастырумен Астана қаласында өткен тұңғыш «Әйелдер форумына» және барлық деңгейдегі «Аmanat» партиясынан сайланған мәслихат депутаттарының тұңғыш форумына делегат болып қатысты.

Жолдасы Жағалбай Шубаев ішкі істер саласының ардагері. Ол кісіні де мойынқұмдықтар құрмет тұтады. Берекелі отбасының шуағына айналған екеуі төрт ұл- қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Ал, балдан тәтті немерелерін өмірдің қызығына балайды.

Ғалия Шубаеваның ұзақ жылғы еңбектері елеусіз қалған жоқ. Әр жылдары облыс әкімінің және сол кездегі «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының, Мойынқұм ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Бұл оның ұзақ жылғы еңбегінің өтелуі.

2020 жылы Ғ.Шубаеваға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасы берілгенде, мойынқұмдықтар тегіс қуанды. Себебі, оның уақытпен санаспай атқарып жүрген еңбегіне осындай жоғары марапаттар лайық екенін көпшілік мойындаған. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын алған кезінде оны құттықтағандар көп болды. Себебі, оның бір ауданның рухани кемелденуі жолында жылдар бойы төккен терін білетіндер аз емес еді.

Ғалия Шубаева аудандық «Іскер әйелдер» қауымдастығын басқарып, гендерлік саясатқа да елеулі үлесін қосып жүр. Аудандағы батыр аналармен, қызметте жүрген әйелдермен, белсенді қыздармен бірлесіп атқарып жүрген жұмыстары жетерлік.

– Қоғамда әйелдердің орны ерекше. Әсіресе, білім және денсаулық салаларында нәзікжанды кісілер көбірек қызмет етеді. Ауданда талабы таудай белсенді қыздар да аз емес. Сол кісілермен жұмыла жұмыс істеуге бар күшімізді салып келеміз. Себебі, аудан абыройы бәрімізге ортақ. Депутат ретінде де көтеріп жүрген мәселем осы, – дейді ол.

 

Есет ДОСАЛЫ

Мойынқұм ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support