- Advertisement -

Ел ішіндегі еңбек озаты

54

- Advertisement -

Бір ауданға есімі жақсы таныс, ардақты аналар аз емес. Солардың бірі – Сарысу ауданы, Жаңаарық ауылдық округі, Ақтоғай ауылының тұрғыны Мейрамкүл Қаракесекова. Сегіз ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Мейрамкүл әже жайлы айтылатын қызықты әңгімелер өте көп.

Мейрамкүл Жамбылбекқызы батыр ана атануынан бөлек, еңбекте де ерекше белсенділігімен танылған. Әсіресе, қой қырқу науқанында ерекше көзге түскен. Жас күнінде Мейрамкүл бір минутта бір қой қырқып отырған. Тәулігіне 360 қой қырқыпты. Бұл дегеніңіз бір отар қойды екі күннің ішінде жалғыз өзі қырқып үлгерді деген сөз. Бір қызығы, Мейрамкүлдің анасы Қоңыр Қаракесекова да ауданның озат қырқыншысы болған екен. Сол үздік еңбегі үшін екі дүркін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталыпты.

Содан бір жолы кеңшарлар қой қырқудан жарысып жатады. «Коммунар» кеңшарынан Қоңыр Қаракесекова, «Жаңатас» кеңшарынан Мейрамкүл Қаракесекова жарысқа түсіпті. Бұл қырқын науқанының барысын сол кездегі Сарысу аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Мақашев қадағалап отырған екен. Мейрамкүл сол жылы қой қырқудан аудан чемпионы атаныпты. Коммунистік партияның тәрбиесінің әсері ме екен, өз кеңшарының абыройын анасының абыройынан артық көрген ғой.

Сол Мейрамкүл Қаракесекова өмір бойы адалдығынан, еңбеккештігінен танған жоқ. Бес рет ауылдық кеңеске, үш мәрте аудандық кеңеске депутат болып сайланып, көзге түсті. Депутаттық мінберлерде қарапайым елдің сөзін сөйлеп, халықтың мүддесін қолдады. Өзекті мәселелерді көтере біліпті.

Қазіргі таңда Мейрамкүл апаны барлық ауылдастары құрметтейді. Жұбайы Бұралқы Есмұрзаев екеуі ауданға сыйлы ақсақалдар.

Осыдан біраз жыл бұрын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың шешімімен «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» атанды.

Ақтоғай ауылында ардақты ана Мейрамкүл Есмұрзаевадан үлгі алатын жас келіндер көп.

 

Есет ДОСАЛЫ.

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support