- Advertisement -

Ұрпағына ұлағатты әже

49

- Advertisement -

Жуалы ауданын генералдар елі деп те атаймыз ғой. Ел дамуына елеулі үлестерін қосып жүрген батыр әжелерді іздеп, Жетітөбе ауылдық округі Шымбұлақ ауылына жол тарттық.

Шымбұлақтық Қадіркүл Наурызова әжеміз 86 жасқа қарай аяқ басыпты. Дегенмен, айтары айқын, сөзі ширақ. Жолдасы Әби Наурызов көкпаршы, шабандоз кісі болғандықтан, балалары да шынығып, шымыр болып өсті. Әжеміз бұрынғы М.Горький атындағы ұжымшарда отыз жылға жуық сауыншы болып еңбек еткен. Озат сауыншы ретінде ертеректе есімі ауданнан асып, облыс көлеміне жайылған көрінеді. Тіпті, 3 сағаттың ішінде 28 сиыр сауғаны – нағыз еңбек. Қазір сиырдың желініне кигізіп қоятын сан түрлі аппараттар шықты. Ол кездегі еңбек адамдарының тартқан бейнеті басқаша еді.

Әби ата екеуі он ұл-қызды тәрбиелеп өсіріп, осы халге жеткізіпті. Балаларына тағылымды тәрбие де берді. Бала тәрбиесіне жастайынан көңіл бөлді. Қоғамдағы аналардың рөлін, олардың атқарар қызметін Қадіркүл әжей жақсы түсінді.

Ұлағатты анадан тәрбие алған перзенттер туралы бірқатар айтып өткеніміз артық болмас. Үлкен ұлдары Әбіш 1959 жылы өмірге келіп, көпшілікке жақсы мінезімен танылған еді. Бұл күнде бақилық болыпты. 1961 жылы өмірге келген қызы Нағима Тараздағы емханалардың бірінде мейірбике болып еңбек етеді. Нағима да гендерлік саясатқа өз үлесін қосып, түрлі қоғамдық істерде белсенділік танытып жүр. Келесі жылы 60 жасқа толатын Әден деген ұлы Астанада тұрады екен. Техникалық қауіпсіздік пәнінен сабақ беріп, қоғамда техника жүргізуге сауатты азаматтардың санын арттыру жолында аянбай тер төгіп жүр.

Одан кейінгі ұлы Әсет Шымбұлақта шаруа қожалық төрағасы, бес ұл-қыздың әкесі. Ләтипасы Тараз қаласында мұғалім болса, Әліш те Таразда тұрады, көкпаршылықпен аты шыққан. Насима Алматы қаласында жеке кәсіпкер, жекеменшік сауда маркеті бар. 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсіруде. Алтай Шымбұлақ ауылындағы клубта күзетші. Оның жары Аида үй шаруасымен айналысып, әжеге қарап келеді.

Қыздары Халима мен Салима Астанада жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Бұл әулетті немерелері де білім алу мен қызметте өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Әби атаның бір немересі Алдияр әскери салада қызмет етеді. Жақында шаңырақ көтеріп, әжесін, ата-анасын қуантты. Назым атты жас келіннің де Қадіркүл әжесінен алатын тәрбиесі көп. Әженің тағы бір немересі Дінмұхамед көркемсөз оқудан бірнеше байқаудың жүлдегері.

Ауылға ардақты әже Қадіркүл Наурызова: «Заманымызда ауыр бейнетті кештік. Қиын жұмысты атқардық. Сауыншылық жұмыс ол кезде өте ауыр болатын. Қазір де жеңіл емес қой. Перзенттерімізді жеткізу үшін еңбек еттік. Осы жасқа жеткеніме, осы күнге жеткеніме шүкіршілік деймін. Жастар аман болсын, заманымыз тыныш болсын. Ел басқарған азаматтарға Жаратушы күш-қуат берсін», – деп бүгінгі жас ұрпақтарға бата берді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support