- Advertisement -

Кооперативке көптің көңілі толмайды

26

- Advertisement -

Жарық жиі сөніп, жылу уақытында берілмей, үй маңында қоқыс жатса кімге және қайда барып шағымдану керек екенін қала тұрғындарының кейбірі білсе, кейбірі білмейді. Жалпы, бүгінде елімізде 3 мыңға жуық жекеменшік пәтер иелерінің кооперативі бар. Ал, қаламызда 23 жалпы мүлікті күтіп ұстау бойынша құрылған тұрғын үй кооперативі жұмыс істеп тұр. Олар 304 көппәтерлі тұрғын үйге қызмет көрсетуде. Тұрғындардың пәтер иелері кооперативіне төлейтін ақшасы ағымдағы жөндеу жұмыстары мен қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалады. Пәтер иелері кооперативі штатында төраға, бухгалтер, аула сыпырушы, сантехник және электрик болады. Аула тазалығы, жылыту маусымында туындайтын мәселелер, тұрғын үйлердегі кіреберістердің жөндеу жұмыстары бойынша жұмыс істейтін пәтер иелері кооперативінің қаламызда төрағаларының саны біршама. Әр шағынауданда өз кооперативі бар, кооператив қызметінен бас тартқан тұрғын үйлер саны жоқ. «Алма-бұлақ» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Алма Шолпанқұлқызы біраз жылдан бері төрағалық қызметінде екенін атап өтіп, бұл жұмыстың артықшылығы да, қиындығы да қатар жүретінін айтып өтті.

– Мен бұл жұмыс арқылы тұрғындардың мәселелерін естіп, көріп қана қоймай, балаларымыз ойнайтын, ата-апаларымыз демалатын аулаларды қоқыстан тазартып, ағаштар отырғыздым.

Келесі білек сыбана кіріскен жұмысым үйлерге жылуды уақтылы беріп, жаз айларында тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз ету болды. Жұмысшылар да қыстың қытымыр аязына, жаздың ми қайнатар ыстығына қарамай осы бағыттарда аянбай еңбек етуде. Пәтер иелері кооперативінің қызметіне жылына орташа есеппен әр пәтерден 20-30 мың теңге көлемінде ақша ұсталады. Жиналыста тұрғындармен ірі жөндеу жұмыстарын жүргізетін болып келіссек, не тұрғын үйдің шатыры тесіліп, су ағып, күтпеген жағдай орын алса, оған қаражат бөлек жиналады. Кейде тұрғындар осының бәрін артық шығын деп есептеп көңілдері толмай жататыны да рас, – дейді А.Шолпанқұлқызы.

Иә, пәтер иелерінің кооперативіне арыз-шағым көп түсетіні белгілі. Ал, олардың жұмысы тұрғындар үшін қаншалықты тиімді? Осы сұрақты Тараз қаласы, Төңкеріс көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің тұрғыны Данай Айзадаға қойып көрдік.

– Мемлекет үйлерді жөндеуге ақша бөліп отыр, бірақ кейін оның бәрін тұрғындар төлейтін болады. Біріншіден, жалпы жиналыс жасау керек. Пәтер иелері кооперативі менің ойымша тиімсіз, өз қалтамыздан ұйымның қызметкерлеріне ақша төлейміз, сонда да жылыту маусымында жыл сайын көптеген келеңсіздіктер орын алып жатады. Ауладағы арық, балалар ойнайтын алаң қоқыс пен шыны бөтелкеге толы.

Жаз айларында ыстық су тоқтайтыны да бәрімізге белгілі. Мен қазір тұрып жатқан мекенжайда пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетпейді, – деген көпбалалы ана кооператив жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.

Расында, сұрақ көп, жауап жоқ. Сол үшін де болар, ұйымның атын естігеннен төбе шашы тік тұратындар біршама. Ендеше, пәтер иесі кооперативінің міндеттеріне не кіреді, тұрғындар жинаған ақша қайда, қалай жұмсалады?

Пәтер иелері кооперативі шығындары тұрғындардың жиналысында бекітіледі. Сол себепті, үй тұрғыны ай сайынғы төлем алынатынын және пәтер иелері кооперативі қандай жұмыстарды орындайтынын білу үшін жиналысқа қатысуы тиіс. Үйлер, қабаттар, кіреберістер саны, құрылымдық ерекшеліктер, алаңдар және үй маңы аумағын көгалдандыру және құрылыстың өзге де жеке ерекшеліктеріне байланысты ортақ мүлікті күтіп ұстауға шығындар тізбесі ерекшеленуі мүмкін. Жарналар мөлшері үй иелерінің жалпы жиналысындағы әзірленген жобалық-сметалық құжаттама негізінде анықталады.

«Ынтымақ» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Айдар Төлепбергенов жылыту маусымында тұрғындардан шағым аз болмайтындығын айтты. «Айтуға оңай, бірақ бұл жұмыстың ауырлығын сезіну үшін осы тірліктің ішінде болып, тұрғындармен етене араласу керек. Қиыншылықтар көп болады. Көбінесе пәтер ішіндегі жылу құралдары (батареялары) ескірген, бітелген. Кейбір тұрғындар жылыту құралдарын ауыстырып, бұзылған кран қойғызады да оны ашық ұстау керек екенін білмейді. Мұндай жағдайда жұмысшылар пәтер аралап крандарды іздеп жүруге тура келеді. Кейбір пәтер иелері үйлеріне кіргізбейді. Жылу беру науқанында мамандардың жұмысына кедергі болмай, түсіністік танытып, тұрғындар да белсене атсалысса деймін. Бұл тек жылу беру кезеңінде кездесетін қиындықтар. Тағы бір айтқым келетіні, қазіргі жапырақ түсу науқаны аула сыпырушыларға да ауыртпашылық әкелетін оңай емес мезгіл. Кейбір тұрғындар қолындағы қоқысты есік алдындағы жәшікке апаруға ерінеді, үй бұрыштарына, арықтарға тастап кетеді. Мен өзім төрағалық ететін «Ынтымақ» пәтер иелері кооперативі тұрғындар үшін алдағы уақытта да аянбай еңбек ететін болады», – дейді Айдар Жанысбекұлы.

Пәтер иелерінің кооперативі ұйымының қызметіне тұрғындардың көңілі толмайтындығын жоғарыда айтып өттік. Қызметкерлерінің өз істеріне салғырт қарайтындығы да жасырын емес. Жергілікті тұрғындар коммуналдық төлемдердің жыл сайын өскен үстіне өсе түсетінін де ашына айтты. Төлемдердің бағасын пәтер иелері кооперативі өсіріп отырмағандығын білсе де, өз қаржыларының желге ұшқандай болып кететініне наразы. Қоқыстардың да өз уақытында шығарылмай, тау болып үйіліп жататынын, әсіресе жаз айларында иісі қолқаны қауып, қолайсыздық тудыратыны рас. Болашақта аталған келеңсіздіктерді болдырмауға пәтер иелері кооперативі жол бермейді деген ойдамыз.

 

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support