- Advertisement -

Зәулім үй кімдікі?

61

- Advertisement -

Қазақ халқы – жомарт, кең пейілді, ақкөңіл жұрт. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. «Қонаққа жалғыз атын сойып беріп, жүген ұстап қалады ертеңіне» деген елміз. Ол, әрине жақсы қасиет. Бірақ, өзіміздің де заманға бейімделетін уақытымыз жеткен секілді.

Шу ауданында іссапарда жүрміз. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құттыбеков Жаңа жол ауылына бастап барған. Бір зәулім үйдің жанына тоқтады. Екі қабаттан тұратын, қызыл кірпіштен өрілген керемет сәнді үй. Маған неге екенін қайдам, ең әуелі бұл үйде қазақ тұрмайтын шығар деген ой келді.

Биік-биік сыртқы қоршауларының өзі сондай айбатты көрінеді. Әй, мұнда қазақ тұрса да шіреніп, ыңыранып қалған, материалдық байлыққа құл боп кеткен біреу шығар деп ойладым.

Ауласына кірдік. Арғы жақтан жүзі жылы, аңқылдаған, жетпістің ауылына жақындаған қазақ кісі келе жатты.

– Мен бұл азаматты танимын. Бұл өзіміздің ақын азамат. Мен де әйгілі Аяз Бетбаевтың шөбере інісімін. Руханиятқа, өлеңге жақын адамдар – менің досым, қонағым, – деп үйіне бастады отағасы.

Асығыс болсақ та, мынандай аңқылдаған пейілден аттай алмай, дәмге қарадық.

Бұл кісі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Жаңа жол ауылдық округінде жаңадан құрылған өндірістік кооперативтің төрағасы Жапарқұл Тәжиев екен. Зейнетке шықса да, кооператив басқарып, жастарға үлгі болып жүрген жайы бар. Қазір жаңашыл іске тәуекел етіп, құлшыныс танытатын жас азаматтар көп емес. Оларға жол көрсететін осындай тәжірибелі, алдыңғы буын ағалар керек. Осы ауыл халқы «Ауыл аманаты» бойынша несиесін алып, малын, егінін өсіріп, өркендесе деген ниетім бар. Мынау зәулім үйді ауылдың ішінен әдейі салдырдым. Қазақтар да жақсы үйде тұруы керектігін өз қандастарым көзімен көрсін дедім. Менің үйімді сыртынан көргендер: «Мынау үйде әзірбайжан тұра ма?» деп сұрайды екен. Мынандай үлкен үйді қазаққа қимағаны ғой. Ауылымызда біраз әзірбайжан ұлтының азаматтары тұрады. Олармен де әрине татумыз. Бірақ, неге жақсы үйде қазақ тұрмауы керек? Қазақтың кең, жомарт пейіліне орай біздің бауырларымыз да ең жақсы үйде тұруы керек, тұрмыс жағдайы жақсы болуы қажет. Қазақтар материалдық жағынан да, рухани да бай болуы қажет», – деп ақсақал ағынан жарылды.

Жапарқұл ақсақал өте дұрыс айтады. Менің айтайын деген ойым да осы болатын. Зәулім үйлерде неге қазақтар тұрмауы керек? Тұрмысы жақсы халық неге қазақ болмауы тиіс?

Ертеректегі бір жағдай еске түседі. 1993 жыл, Талас ауданы Ақкөл кеңшарында өткен малшылар тойына куә болған едім. Аталған жиында сол кездегі аудан әкімі Ералы Дадабаев сөз сөйлеп тұрып: «Қадірлі шопандар! Еңбек сіздердікі, мынау ұшы-қиыры шексіз кең дала сіздер мен біздердікі. Неге қазақ кедей болуы керек? Неге шопандар кедей болуы тиіс? Қазақтар бай болсын, шопандар бақуатты болсын. Біздің маңдайымызға кедейлік жазылып қойып па? Бай да бақуатты болыңыздар!», – деп толғанғаны есіме түсіп тұр. Марқұм Ералы ақсақал да дұрыс айтады. Неге қазақ кедей болуы тиіс?

Көңіліміз де кең, пейіліміз де кең. Баспанамыз да зәулім болсын! Сіз не дейсіз?

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support