- Advertisement -

Ардагерлер алдыңғы шепте

57

- Advertisement -

«Қариясы бар елдің қазынасы бар», деп дана халқымыз айтқандай, егемен еліміздің еңсе тіктеп, жан-жақты даму жолында аймақ ардагерлерінің де қосар үлесі аз емес. Өңірдің аға буын өкілдері өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттауда да белсенділік танытып жүргені белгілі. Жуырда Бетқайнар ауылындағы «Дене шынықтыру» спорттық кешенінде асық ату, үстел теннисі, шахмат, дойбы ойындарынан ауқымды шара өтіп, оған ауыл ақсақалдары айтарлықтай атсалысты.

Айта кетсек, аталмыш спорт кешені 2021 жылы тұрғындардың сұранысы бойынша ел игілігіне берілген болатын. Ал, биылдан бастап кешенге Мәлік Адамбаев басшылық етуде.

Мәлік Жасболатұлы келгелі бері кешеннің тіршілігі жан-жақты жанданып келеді. Айналасы абаттандырылып, жасыл желекпен көмкерілді. Ауылдың сәніне айналған спорттық кешен аумағында қазір жеміс ағаштары алыстан көз тартады. Бір сөзбен айтқанда, ауласында бос жатқан жер жоқ, онда қауын, қарбыз, қияр мен қызанақ, күзде құлпыра гүлдейтін раушан гүлінің жұпар иісі де керемет сән беріп тұр. Осының бәріне күнделікті өз үлестерін қосып жүрген кешеннің техникалық қызметкерлерінің де еңбегі орасан. Қордай ауданының әр саласындағы жемісті істің басы-қасынан табылып жүрген ардагерлердің де орны бөлек. Сондай атпал азаматтың бірі – биыл 37 жыл толып отырған Украинадағы Чернобыль АЭС зардабын жоюға қатысқан Володя Корников. Ол дәнекерлеуші, майталман ағаш ұстасы. Ауылдастарына қолынан келгенше көмегін аямайтын ардагер жаңа спорт кешеніндегі футбол залының тақтайдай тегіс еденін қиыннан қиыстырып, оған қоса кешен ауласын әрлеу жұмыстарына да өзі атсалысқанын айрықша атап өткен жөн.

Осындай еңбекпен ел игілігіне айналған спорт кешенінде спорттың төрт түрінен ауқымды дода ұйымдастырылып отыр. Байқау нәтижесінде асық атудан Аймахан Исабеков алдына жан салмады. ІІ орынды Аймахан Көрпелдесов, ІІІ орын Қали Кеженбаевқа бұйырды.

Шахматтан І орын Аманғали Сәрсембаев, ІІ орын Рашид Исабеков, ал, ІІІ орын тұғырына Аймахан Көрпелдесов тұрақтады.

Дойбыдан Рашид Исабеков І орынды, Қали Кеженбаев ІІ орынды, Аманғали Сәрсенбаев ІІІ орынды иеленді.

Жалпы ойын барысында ұпай санын көп жинап жеңіске жеткен Рашид Исабек «алтын белгі», ІІ орыннан көрінген Аймахан Көрпелдесов «күміс белгі», ІІІ орынды иеленген Аманғали Сәрсенбаев «қола белгі» қанжығалады. Сайыс соңында спорт кешенінің бас директоры Мәлік Адамбаев жеңімпаздарға сәттілік тілеп, бағалы сыйлықтармен марапаттады.

 

Аймахан КӨРПЕЛДЕСОВ,

Ауған соғысының ардагері.

Қордай ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support