- Advertisement -

ТАЛАНТЫМЕН ТӘНТІ ЕТКЕН БИІК ТҰЛҒА Болат Бекжанның рухымен сырласу

15

- Advertisement -

Біз өзі көзіміз тіріде бір-бірімізге биік теңеуді қимайтын сорлы әдетіміз бар екенін мойындауымыз керек. Биікке шығудағы бәсекелестіктің жөні бөлек. Тек сол бәсекелестік шынайы пейілде, бақталастықтан ада болса екен. Биіктікті таудай талабымен, кісі тәнті болатындай талантымен бағындырғандарға қошемет білдіріп, құрмет көрсеткен ләзім. Болар елдің баласы солай жасайды. Солай жасауы керек те!

Менің өз пайымдауымда азамат, қаламгер, қайраткер Болат Бекжан биік тұлға екенін дәлелдеп кетті. Адамгершілігімен де, шығармашылығымен де, өмірдегі, өнердегі, қызметтегі қабілет- қарымымен де.

Зәуімен облыстық драма театрына соққанымда Жалғат келінге жолығып қалғанмын. Кәдімгі Болат Бекжанның үйіндегі Жалғат келін. Мал-жан, бала-шағаның амандығын сұраудан басталған әңгіме өткенді еске алған естеліктерге ұласқан. Сол әңгімелердің бірінің тұсында:

– Аға, тірі болғанда ініңіз биыл 65 жасқа толатын еді ғой, – деп қалды Жалғат келін қамығып. Үнінен сағыныштың сазы есіліп тұр. Қайтсін- ай, саналы ғұмырын бір шаңырақтың астында бірге өткізген, өмірлерін қосылған қос өзен секілдендіріп бір арнада тоғыстырған, бір мақсат, бір мүддемен тіршілік еткен, төрт перзентке өмір сыйлаған, тұрмыстың ауыр-жеңіл салмағын бірге көтеріп, қызық-қуанышын бірге тойлаған. Құдай қосқан қосағы ғой. Жалғат келін түгілі, мен де іштей егіліп, сағынып кеттім сені, Болатжан! Сен сағынуға, егіле еске алуға тұратын адам, азамат, іні едің ғой.

– Өмір ғой, – дедім жұбатқандай болып. Басқа не айта қоярсың ондайда.

Өмір ғой, әйтпесе, нағыз гүлдеп тұрған шағыңда өлімге қияр жан ба едің! Мен «гүлдеп» дегенді бекер айтып отырған жоқпын. Өмірдегі гүлдеу – дүниеге перзент әкеліп, оларды тәрбиелеп, өсіріп қатарға қосу, олардан немерелер сүю, жетістіктеріне сүйсініп, қуанышқа кенелу. Шүкір, сен өмірдің ондай сыйынан кенде болған жоқсың. Сен шығармашылықта да гүлдеп келе жатыр едің, Болатжан. Сенің кейде бір кезігіп қалған кезде еркелегендей «Болат көке» дейтінің бар еді, мен де сенің сол еркелігіңе марқайып «Болатжан» деуші едім. Осы мақаламда да солай атай берейінші. Менің айтқым келіп отырғаны – сенің шығармашылықтағы гүлдеуің жайлы.

Мен өзіңнен бұрын атыңды естіп риза болғаным бар, Болатжан. Сен 1979 жылы облыстық қазақ драма театры қойған драматург Әлдихан Қалдыбаев ағамыздың «Шаншар атай» драмасында басты рөл – Саматайдың бейнесін асқан шеберлікпен сомдап, сол кездегі КСРО бойынша Бүкілодақтық телефестивальдің лауреаты атанғаныңда. Сол кезде барлық жамбылдықтар сияқты сенің өнердегі жетістігіңе мен де қуанған едім. Қуанбағанда ше! Мәскеудің дәурені жүріп тұрған кезде мәртебелі теледидардың жеңімпазы болу, ол қойылымның КСРО секілді алып державаның барлық түкпірінде көрсетілуі – әркімнің маңдайына жазыла бермейтін бақыт.

Артынша-ақ сол спектакльді облыстық драма театры сахнасынан тамашалап, қошеметпен қолшапалақтағандардың бірімін. Қойылым аяқталғаннан кейін сахна саңлағы Тұрар Ізбасаров ағаның (Шаншаратай) қолын қысып құттықтадық. Мүмкін, сенің де қолыңды қысып құттықтаған шығармыз. Ол жағы есімде жоқ.

Одан кейін жуық арада жолымыз түйісе қойған жоқ. Мен ол кезде Жамбыл аудандық «Шұғыла» газеті редакциясында бөлім меңгерушісімін.

Екеуіміз одан кейін 1990 жылы сен облыстық теледидарға режиссер болып келгеніңде кездескенбіз. Мен облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Аq jol») газетінде тілшімін. Сен теледидарда режиссер болғаныңмен, шығармашылығыңмен де көрініп, жақсы хабарлар ұйымдастырып жүретінсің. Сол хабарларыңның ішінде менің де, елдің де ерекше есінде қалғаны – 1992 жылы Адам-Алатау (Арғынбай Бекбосын ағамыздың теңеуі) Дінмұхамед Қонаевтың атақоныс Талас ауданына келген сапары туралы хабарың. Сен осы жолы өзіңнің журналистік қырыңды, шығармашылық әлеуетіңді танытқан едің. «Ауыл арасы» жақын болған соң, анда-санда бас қосып та қалып жүрдік.

Сен 1993 жылы «Ақ жолға» қызметке ауыстың да, әріптестік араласуымыз жиілеп, сыйластығымыз бұрынғыдан арта түскен. Сонда ғой сенің мені «Болат көке», менің сені «Болатжан» деп атайтыным.

Сенің кейде әріптестікпен «аттас» деген сөздің орысшасымен «тезка» деп атағаның екеуміздің арамызды бұрынғыдан да жақындастыра түсетін.

Сенің өте ақкөңіл, кешірімшіл мінезің ұнайтын. Бірде Лесбек екеуің (Марқұмның жатқан жері жайлы болсын) болар-болмас нәрсеге сөзге келіп қалған екенсіңдер.

– Болат көке, мына ініңізді неғылсам болады? Нетіп жіберейін бе осы! – дедің ашуланудан гөрі наздануың басым үнмен.

– Ешнәрсе де істеме! Ер шекіспей, бекіспейді, татуласыңдар, – дедім ағалықпен.

Жақсы адамның ашуы шай орамал кепкенше, Лесбек кешірім сұрады, сен кешірдің. Екі ерке інімнің ерегісі осымен тынғанына мен қуандым. Үлкен санап мені сыйлағандарыңа көңілім марқайып қалған жайы бар.

Бұл оқиғаны сенің азаматтығыңа мінездеме ретінде айтып отырмын.

Жамбыл ауданында редактор болып тұрғанымда «ағаның үйі – ақ жайлау, келіп қалдық» деп бір соққаның бар. Сонда «сіздің газетіңізге жараса» деп бір әзіл-сықақ әңгімеңді тастап кеткенсің. «Жарамағанда ше!» – деп алып қалдым да, артынша жарияладым да жібердім. Содан телефон қоңырауы жауып берсін.

– Бөке, мына авторыңыздың әзіл әңгімесі тамаша екен! Нағыз ауыл өмірі, нағыз біздің өміріміз, – дейді хабарласқандар.

– Болатты қызметке қабылдағансың ба? – деп жатыр сені танитындар.

Бұл – оқырман қошеметі, сенің шығармаңның шынайылығы. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған», оқырманға ұнаған соң, саған арнайы құда түсіп, тағы да екі-үш әңгімеңді сұрап алып газетте жариялағаным бар. Сен ол әңгімелеріңмен газеттің беделін көтеріп тастадың. Ашығы – осы.

Айтайын дегенім, сенің «жауынгер» жанр – сатираның нағыз сарбазы екендігің туралы. Сенің әзіл-сықақ әңгімелерің қоғамның кеселін дөп басушы еді. Ендеше, сенің қоғам дертін қалам-қандауырыңмен сылып тастауға қосқан үлесің зор.

Сен облысымызда алғаш ашылған «Ар-Ай» газетіне бас редактор болып тағайындалғаныңда қуана құптағандардың бірімін. Өйткені, мен сенің ұйымдастырушылық қарым- қабілетіңе, шығармашылық әлеуетіңе бек сендім. Ешқандай күмәнім болған жоқ. Сен сенімнен шықтың. Нағыз редактор екеніңді дәлелдедің.

Жасыратыны жоқ, сол тұста күмәнданғандар да болған. Сен өзіңнің талантыңмен, ұйымдастырушылық қарым-қабілетіңмен сол күмән- күдіктердің тас-талқанын шығардың. Редактор қандай болуы керек екенін көрсеттің. «Ар-Ай» жастардың ғана емес, бүкіл облыс оқырмандарының сүйікті газетіне айналғанына ел куә. Өзің іргетасын қалап, жақсы жолға салып кеткен «Ар-Айың» сол бағытынан айныған жоқ. Өзің тәлімгерлік жасап тәрбиелеген жас журналистер қазір нағыз шығармашылық даму үстінде. Алды бірқатар басылымдарда басшылық қызметте, аға газеттерге ауысқандары да бар. Қазақ журналистикасында «Шерханның шекпенінен шыққандар» деген қалыптасқан тіркес бар ғой, сол сияқты олар «Біз Бекжановтың мектебіненбіз» деп мақтанышпен айтып жүр.

«Ар-Ай» газетіндегі редакторлығың туралы әңгімелеп отырғанда, мына бір оқиғаны айтпай кетсем болмас.

Жұмыстан кештетіп келгенмін. Күләй жеңешең «Осынша кешігіп қайда жүрсің? Болат қайным келіп, біраз күтті де, сен келмеген соң, сенің альбомыңды ақтарып, бір-екі суретіңді алып кетті» деген хабармен қарсы алды. «Ағасын жарнамалап, қыз-келіншектермен таныстырайын деген де» деп әзілдедім де қойдым.

Содан «Ар-Айдың» алғашқы нөмірі жарыққа шығып, жұрт таңданыспен, ризашылықпен қабылдап, жапа- тармағай жабыла оқып жатты. «Іздеп жүріп оқыды» десем де, артық айтқаным болмас. Содан сол жастар басылымы жұрт іздеп жүріп оқитын газетке айналды. Сен, Болатжан, нағыз редактор екеніңді сонда көрсеттің, дәлелдедің.

Содан «Ар-Айдың» алғашқы нөмірі жарыққа шыққан күннің ертеңіне маған да құтты болсын айтып телефон шалғандар болды.

– Сендер жаңылыс хабарласып отырсыңдар. Жаппарұлы Болатты емес, редактор Бекжанов Болатты құттықтаңдар, – деймін ғой баяғы оларға газет редакторы сен екеніңді ескертіп.

– Сен жуудан қашпа. Газет өте тамаша болып шыққан, редакторы Болат Бекжанов екенін білмей отырған жоқпыз. Біз сол газетте жарияланған сенің мақалаң туралы айтып отырмыз, – дейді олар тақымдап.

Сөйтсем, мен аңғармаппын, сен сол нөмірге «Біз де студент болғанбыз» айдарымен менің кітабымдағы «Жапеке, жалғыз ұлың хат жолдайды» атты әзіл әңгімемді жариялап жіберіпсің. Ол бір мен бастан кешкен күлкілі оқиға баяндалған әңгіме еді. Кісі ішек-сілесі қатып күлмесе де, «мынау қызық болған екен өзі» деп езу тартуға жарайтындай. Жігіттердің «жуудан қашпа» деген себебін енді түсінгендеймін.

Айтайын дегенім, сенің ізденгіштігің, керек жерде қажет нәрсені көргіштігің туралы. Ерінбей- жалықпай үйге барып, альбом ақтарғаныңның сыры енді белгілі болды. Әйтпесе, студент шақта одан да қызық оқиғаларды бастан өткергендер бар ғой. Бұл жерде сен сол ізденісіңмен Болат көкеңнің беделін бір көтеріп, көңілін марқайтып тастадың. Бұл «болар елдің баласы бірін-бірі батыр деген» бауырмалдыққа келеді. Мен саған сол кезде де рақметімді айтқанмын. Қазір де осы естелікті қағазға түсіріп отырған сәтте рухыңа бас иіп, алғысымды айтып отырмын.

Сен Болат Үмбетәліұлының қолынан үлкен істер келетінін одан кейін Тараз қалалық «Жамбыл- Тараз» газетін басқарғанда, «Театр» журналын шығарғанда тағы да көрсеттің, дәлелдедің. Пендеміз ғой, пенде болған соң іштарлық, қызғаныш, тіпті, көреалмаушылық та кездесетіні заңдылық. Сен осы қызметтерде тілеулес достарыңды шаттыққа бөлеп, әлгіндей қызғаншақтардың қызыл итін үргізіп, іштеріне қызыл шоқ түсірдің, Болатжан.

Басқа біреулер болса, «семіздікті қой көтередінің» керіне салып, кергіп шыға келер ме еді, кім білсін. Сен сол баяғы қалпыңнан айныған жоқсың. Сол баяғы Болат, сол баяғы кеңк-кеңк, ырқ-ырқ күлген қалпың, сол баяғы әр әңгімең бір-бір хикаятқа арқау болатын әңгімешілдігіңмен жүріп жаттың. Азаматтың баласы-ай, мен соныңа ризамын ғой. Мына құбылма заманда сен құбылған жоқсың. Еліңнің ашына айналып, тоғына толғана білдің. Егер әр оқырман сенің әзіл әңгімелеріңді, отаншылдық ойшыл сарындағы өлеңдеріңді ой жіберіп оқи қалса, қаламгер Болат Бекжанның әр шығармасы Отанына, еліне, халқына арналғанын, ол солардың жайын ойлап, толғанғанын аңғарар еді.

Сенің шығармаларыңнан менің қолыма бірінші тигені – «Шымылдықтың арғы жағы» атты кітабың. Өзің қолтаңбаңды жазып бергенсің. Кез келген кісі қызыға оқитын кітап. Өйткені, онда өнер тарландарының өмірлерінен алынған үзік-үзік оқиғалар, қайталанбас көріністер қара сөзбен шебер суреттелген. Қолды-аяққа тұрмайтын қолтоқпақтай қара бала Жамбыл облыстық қазақ драма театрында төрт жыл қызмет атқарған кезінде өзі көрген, араласқан, куә болған сахна саңлақтарының шынайы, пәндәуи өмірдегі мінез-құлықтары, қызық қылықтары туралы тамаша баяндаған. Сол кезде айналдырған 20 жастың о жақ, бұ жағындағы баланың зерделілігі ғой қайталанбас оқиғаларды ойында сақтай білгені. Ал, оны оқырманға қызықты, қызыға оқитындай етіп жеткізуі – нағыз шығармашылық шеберлігі.

Сен сол театрға, өзіңнің өнер жолың басталған театрға, 32 жылдан кейін директор болып қайта оралдың. Директор Болат Бекжанның Жамбылдағы қазақ өнерінің қара шаңырағында талай іс тындырғанына таласым жоқ. Соның ішінде ең ерекшесі – театрға өнер қайраткері, қайталанбас талант, ірі тұлға, режиссер Асқар Тоқпановтың аты берілуіне белсене атсалысқаның. Осы арманыңды тамсана отырып талай әңгімелегенсің. Ақыры жүзеге асырдың.

Театрда басшылық қызмет атқарған 6 жылда айта жүрерліктей істер тындырғаныңды өмірбаяндық жазбаңда жазыпсың. Өшпестей із қалдырғаныңды сен туралы естеліктер топтастырылған «Біздің Болат» атты кітапты оқып отырып білдім. Кітаптың атауын дұрыс қойған. Сен елдің Болаты едің. Кітапта ел азаматтарының естеліктері жарияланған.

Дүниеден озарыңнан біршама уақыт бұрын біздің мекемеге соққансың. Жаңабай ағаңның кабинетінде біраз отырып қайтып бара жаттың. Бәрін де көріп-біліп отырмын. «Япырмай, маған соқпай кетер ме екен» деген күдікпен есікке қарап елеңдеп отырғанымда, тұсымнан өтіп барып, бері бұрылдың.

– О, мұнда менің Болат көкем, аттас көкем отыр екен ғой, – деп қарлығыңқы дауыспен құшағыңды ашқан күйі ұмтыла бердің.

– Мен сені соқпай кете ме деп, – деп өкпемді айтып үлгердім.

– Өй, Болат көке-ау, сізге соқпай кетіп не көрініпті маған. Әдейі сіздің эмоцияңызды тексерейін деп өтіп барып бұрылдым. – Сен сөз тапқышсың ғой, тауып кеттің. Сен өте шыққан күнде де өкпелейтіндей өткізіп қойған ештеңем жоқ. Әншейін, ағалық наз ғой менікі.

Асығыстығыңды айттың да, «тағы да жолығамыз» деп кете бардың. Жолыға алмадық. Құдай жолықтырмады. Арада аз уақыт өткенде, сыйлас інім, қимас інім Болат Үмбетәліұлы Бекжанның жалған дүниені тәрк етіп, бәрін тастап, бақилық мәңгілікке аттанып кеткені туралы қаралы хабар жетті жүректі қайғы-мұңға батырып. Бұл сенімен соңғы жүздесуіміз, соңғы тілдесуіміз екен, Болатжан!

Міне, содан бері де үш жыл. Сен бірақ ұмытылған жоқсың. Таудың алыстаған сайын биіктей түсетініндей биіктеп барасың.

Сен қамшының сабындай қысқа ғұмырыңда көп тірлік тындырыпсың, Болатжан. Оған жауапты, лауазымды қызметтерде жүзеге асырғандарың дәлел. Еліңе, Отаныңа сіңірген еңбегің еленіп, алған марапаттарың дәлел.

Сен саналы ғұмырыңда шығармашылығыңмен дараландың. Соншалық қат-қабат тірліктің арасында қалам тербеуге уақыт тапқаныңа таңданамын. Риза боламын!

Сен әмбебап едің. Сен көптеген жанрда қалам тарттың. Өлеңдерің өрнекті, сатираң садақтың жебесіндей еді. Әр жүректің түкпірінен орын тепкен әндеріңді айтсаңшы!

Сенің анау-мынау адам батылы жетіп бара бермейтін күрделі жанр – драматургияда қалам тартқаныңа тәнтімін. Ол сенің актерлігіңнен, сахна тілін тамаша меңгергендігіңнен, тамаша білетіндігіңнен, сахна тілінде сөйлей алатындығыңнан. Әйтпесе, драматургия анау-мынау қалам ұстағандар бөктергіге бөктеріп кете беретін жанр емес. Бұл сенің «Абай-Ақмайыңды» оқығаннан кейін туған ой. Одан бөлек те, Айша бибі туралы, тағы басқа сахнаға арналған шығармаларың бар екенін білетінмін. Бірақ, Абай, ұлы Абай өмірінің бір сәті арқау етілген бұл шығармаң – өлмес шығарма. Оған тәуекел ету – ерлік. Сенің ерлігің.

Болатжан, Жалғат келінмен әңгіменің жалғасындай болған бұлестелікте біраз жайды қамтығандаймын. Айтылмай қалғандары қаншама! Әлі де айтылар сәті туар.

«Орнында бар оңалар» дейді қазақ. Ұрпағың – ұл-қыздарың ізіңді өшірмей, ісіңді жалғастыруда. Жалғат келін ошағыңның отын сөндірмей, түтінін түзу шығарып отыр. Шүкіршілігі осы.

Одан да үлкен шүкіршілік, сенің өлмес өмірің басталды, Болатжан. Ол – сенің шығармаларың. Әр оқырманның ойына орнығып, жүрегінен орын алған шығармаларың барда сен өлмейсің, өлген жоқсың, Болатжан!

Сен–оқырманыңды да, көрерменіңді де талантыңмен тәнті еткен биік тұлғасың, Болатжан! Сол биіктен түспейсің ешқашан.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support