Облыс жастары рекорд орнатты

Облыс жастары рекорд орнатты
ашық дереккөз
Облыс жастары рекорд орнатты
Тараз қаласында «Білімді ұрпақ – ел болашағы» атты оқушылар арасында облыстық пікірсайыс турнирі өтті. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған іс-шараға қала мен аудандардан 160 топ, яғни 320 оқушы қатысты. Атап айтқанда, «Atameken», «Аманат», «Зияткер жастар», «Республика», «Лордтар» және «Ұшқын» сынды топтар бүгінгі күннің басты талабы – жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру тақырыбы төңірегінде бақ сынасты. Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне ықпал еткен бас төрешісі, Ұлттық пікірсайыс федерациясының облыстағы директоры, облыстық «Пікірсайыс қозғалысы» жобалық штабының төрағасы Дархан Өмірбековтің айтуынша, бұл дебат ойыны елімізде бұрын-соңды болмаған дода. Республикада ең ауқымды турнирге 102 топ жиналған. Ал, біздің облыста 160 топ қатысып, еліміз бойынша рекорд орнатып отыр. Егеменді еліміздің белсенді жастарының тәуелсіздік құндылықтары мен мәңгілік ел идеясы төңірегіндегі ойларын бір арнаға тоғыстыру мақсатында ұйымдастырылған пікірсайыс турниріне қаладағы университет пен колледждерден 47 төреші қазылық етті. «Жаңа Қазақстан» идеясын жастар арасында кеңінен насихаттаған дебат ойындарын көрермен ретінде білім алушылар мен волонтерлер, БАҚ өкілдері тамашалады. Турнир барысында туған тілдің тағдырына қатысты өткір ойлар, нақты ұсыныстар да айтылды. Атап айтқанда, дебатшылар қазақ тілін дамыту, ана тіліндегі ақпаратты көбейту, әлеуметтік желі және медиаконтентті мемлекеттік тілде жүргізу, әдеби кітаптарды, әлемдік әдебиеттерді қазақ тіліне көбірек аудару, жас отбасыларды және болашақ ата-аналарды қазақша кітаптар оқу арқылы тәрбиелеуге қатысты пікір білдірді. Жастар Ата Заңға енгізілетін өзгерістер, референдумға байланысты сұрақтарға орай жауаптарын әділетті қоғам құру, тәуір тұрмыс, жарқын өмір сүрумен байланыстырды. Мемлекеттік қызметкерлер мен жастар арасында байланыс орнатып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында өткен турнир қорытындысы бойынша «Альфа» лигасында I орынды – Бекжан Қуанышбек пен Жігер Сейдахмет, II орынды – Алихан Нұрболат пен Бақытжан Көркембай иеленсе, жүлделі III орынды – Гаухар Құдайберген мен Амина Жанабек қанжығаларына байлады. Ал, «Бетта» лигасында I орынды – Диана Тайтанова мен Жадыра Аликова, II орынды – Әлихан Даулетұлы мен Нұрболат Ізтілеу ұтып алса, Арслан Жұман мен Нұрасыл Реймбай – III орын иегерлері атанды. Сондай-ақ, Нурила Камаладин мен Амина Қылшабай пікірсайыс турнирінің «Үздік спикерлері» атағына ие болды.  

Назерке СӘНДІБЕК

Ұқсас жаңалықтар