- Advertisement -

Кітап орталығы ашылды

40

- Advertisement -

Оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір, яғни руханият ордасының ашылу салтанатына «Қазақстан Республикасы баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар» қауымдастығының президенті Әділ Қойтанов пен орынбасары Алмас Ахметбекұлы, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы, жазушы-драматург Елен Әлімжан және өңірдің зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты.

Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударды. Президент кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Amanat» партиясы Президенттің осы бастамаларын қолдап, «Amanat» партиясы мен Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды және барлық өңірде «Кітап-Amanat» кітап дүкендерін ашуды қолға алды.

Бүгін осындай парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы, яғни «Кітап-Amanat» кітап орталығы партия Байзақ аудандық филиалы жанынан ашылды. Айта кетейік, республика деңгейінде алғаш рет аудандық деңгейдегі мұндай орталық біздің облыстан ашылып отыр.

Жиында «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов оқырмандарға есігін жаңадан ашқан «Кітап-Amanat» кітап орталығы тек кітап сататын орын емес, сонымен қатар, нағыз мәдени-ағарту орталығына айналуы тиіс екенін жеткізді.

– Алдағы уақытта бұл орталықта отандық жазушылар, авторлар, баспагерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар, жаңа кітаптардың тұсаукесері мен талқылаулары өтеді және тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылады. Кейінгі уақытта ғылыми және білім беру мазмұнындағы көп әдебиет қазақ тіліне аударылды. Бұл кітаптардың сапасы да, мазмұны да жақсы. Алайда, таралымы аз болған соң, оқырманның бәріне бірдей жете бермейді. «Кітап-Amanat» жобасы осы олқылықтың орнын толтырады. Осылайша, біз жазушылар мен баспагерлерге қолдау көрсетеміз, отандастарымызды кітап оқуға ынталандырамыз, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасы баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар» қауымдастығының президенті Әділ Қойтанов осыған дейін автор, баспахана, кітап дүкендері мен кітапхана арасындағы байланыс үзіліп қалғанын атап өтіп, «Amanat» партиясының «Кітап-Amanat» жобасы осы олқылықтың орнын толтырып жатқанын жеткізді.

– Осы жобаны партиямен бірге іске асырудағы мақсаттарымыздың бірі – оқырмандарды халықты жаңа кітаптармен таныстырып, кітапханаларымызды кітаптармен толықтыру. Киелі Әулиеата өңірінде ақын-жазушыларымыз жетерлік. Олардың еңбектері мемлекеттік тапсырыс аясында, жекелей және демеушілікпен кітап болып басылып шығарылуда. Осы шыққан кітаптардың барлығы жер-жерге жетпейді. Яғни, оның тамаша кітабы осы өңірде ғана қалып қояды. Басқа өңірге жетпей жатады. Сондықтан, біз әр облыс орталығынан осындай орталық ашып, сол жерде авторлардың кітаптары тұрса деп ойлаймыз. Аталған жоба аясында осы олқылықтың орнын толтырмақпыз. Бұл өз кезегінде авторға да, кітап орталықтарына да тиімді. Себебі, автордың кітабын осы орталық сатып беретін болады, – деді Әділ Қойтанов.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар» қауымдастығының вице-президенті орынбасары Алмас Ахметбекұлы бүгінгі қоғамда барлық дүниенің саудасы қызып тұрғанымен кітап саудасы мүлде жоқ екенін өкінішпен атап өтті. Сондықтан, ол «Кітап-Amanat» жобасы арқылы авторлардың кітаптарын өткеруге тамаша мүмкіндік туындап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, жазушы-драматург Елен Әлімжан, ақындар Үміт Битенова мен Қасқырбай Нарбатыров бұл бастаманың оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір болатынына сенім білдіріп, руханият ордасына айналғалы тұрған кітап орталығының алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Ал, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы «Кітап-Amanat» жобасының тиімді тұстарын атай келе, өзінің «Кітап» өлеңін оқып берді.

Мұнан соң «Amanat» партиясы Байзақ аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева кітап орталығының жұмысымен таныстырды. Оқырмандарға есігін енді ғана ашқан орталықта 1000-ға жуық кітап бар. Олардың арасында жергілікті авторлардың тың дүниелерінен бөлек, балалар әдебиетіне дейін қамтылған.

Айта кетейік, «Кітап-Amanat» кітап орталығы тек кітап сататын орын емес, сонымен қатар, нағыз мәдени-ағарту орталығына айналмақ. Ол үшін партия облыстық филиалы барынша жұмыс жасап, алдағы уақытта орталықта отандық жазушылар, авторлар, баспагерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар, жаңа кітаптардың тұсаукесері мен талқылауларын ұйымдастыратын болады.

 

«Aq jol»-Aqparat.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support