Жаңа нысанның әлі жартысы да бітпеген

Жаңа нысанның әлі жартысы да бітпеген
ашық дереккөз
Жаңа нысанның әлі жартысы да бітпеген
Ауылдық жерлерге салынып жатқан мәдениет нысандарының уақтылы әрі сапалы салынуы маңызды. Жергілікті тұрғындардың өтініштерінен кейін былтыр жазда Жуалы ауданы, Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылында мәдениет үйінің құрылысы жаңадан басталған еді. Жалпы, Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылында екі мыңнан астам, Диқан ауылында мыңнан астам тұрғын бар. Мәдениет үйі сәтімен бітсе, екі ауылға ортақ қызмет етер еді. Алайда, бұл мәдениет үйінің «жыры» да, сыры да көп болып тұр. Қазақта «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген сөз бар. Мәдениет үйін салуды аманаттап алғандарға бұл қағиданың құны көк тиын сияқты. Жақында Қайрат ауылына арнайы барып, құрылысы жүріп жатқан мәдениет үйін көрдік. Көрдік те «мұндай да жауапсыздық бола береді екен-ау» деп жағамызды ұстадық. Құрылыстың басында күзетіп жүрген жан баласы жоқ. Тіпті, тілдесер адам таппадық. Қайта, мәдениет үйінің тыста ілініп тұрған төлқұжатынан біраз мәлімет алдық. 149 орындық мәдениет үйінің құрылысы 2022 жылы шілде айында басталған. Мердігер «ЕрК Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 8 ай мерзім ішінде бітіреміз деп уәделерін берген екен. Одан бері 16 айға жуық уақыт өтсе де, аталған нысан құрылысының 40 пайызы да әлі бітпеген. Жақында бұл нысанды облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиевтің бастамасымен облыстық мәслихаттың бірқатар депутаттары келіп көрген екен. Мәдениет үйінің құрылыс қарқыны халық қалаулыларына да ұнамаған. Олар нысан жұмысының сапасыздығынан бөлек, сәулеттік кескінінің өзі мәдениет үйіне ұқсамайтынын айтады. Ал, жергілікті тұрғындар нысан құрылысын қатардағы супермаркетке немесе тұрғын үй үшін салынған ғимараттардың біріне ұқсатады. Біз Жуалы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаевтан мәселенің нақты жауабын сұраған едік. Құрылысқа жауапты бөлімнің басшысы: «Қайрат ауылындағы 149 орындық мәдениет үйінің құрылыс-монтаждау жұмыстары 70 пайыз орындалған, «ЕрК Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарттың құны 194,878 миллион теңге. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың 13 шілдесінде басталып, 2023 жылдың 13 наурызында аяқталуы тиіс болатын. 2022 жылдың 26 желтоқсанында нысанның құрылысы барысында кемшіліктер орын алуы бойынша №10-700 хабарлама Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет- құрылыс бақылау басқармасына жолданды. Басқарма 2023 жылдың 30 қаңтарында нысанда тексеріс жүргізіп, кемшіліктерді анықтап, айыппұл салуға негіздеме құжаттарын толтырып, мердігерді құрылыс жұмыстарын орындау лицензиясынан айырды. Мердігердің басқарма жүргізген тексеру актісінің күшін жою бойынша сотқа талап арызы қанағаттандырылмаған. Басқарманың тексеруі кезінде және сот отырыстары барысында құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. 2023 жылдың 12 маусымындағы тапсырыс берушінің келісімшартты мәжбүрлеп аяқтауға міндеттеуге талап арызы бойынша, сот қарауында келісімшартты бұзуға нұсқау берілді. Қазіргі таңда мердігер лицензиясынан айырылуына қарамастан, құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып, ғимараттың ішкі инженерлік желілері жұмыстары орындалуда», – деп жауап берді. Ал, аталған аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева: Нысанның құрылысы аяқталғанша басқа бөлім жауапты. Соған қарамастан, түрлі комиссиялармен бірге салынып жатқан мәдениет ошағын біз де көріп, бақылап отырмыз. Мәдениет үйінің кескін-келбеті шындығында сауда орталықтарының кескініне келеді. Мәдениет үйінің құрылысы деуге келмей тұр. Мұны жергілікті тұрғындар да айтып отыр. Бізде мәселе жалғыз Қайрат ауылында емес. Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылындағы 149 орындық мәдениет үйі құрылысының мердігері «Dauren build» ЖШС өз тарапынан құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастамай, өндірістік кестенің мерзімінен кешіктіруіне байланысты, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына мердігерден аванстық төлемді қайтаруға, мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануға талап арыз дайындалуда», – деді. Облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев болса: «Жасыратын несі бар, Қайрат ауылындағы нысан мәдениет үйінің құрылысына келіңкіремейді. Оның үстіне кестеден сонша уақыт кешігіп жатыр. Қазір мердігерлер әуелі бір нысанды белгілі сомаға ұтып алады. Сөйтеді де екі-үш ай өткен кезде: «Ойбай, құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Қосымша қаражат бөлу қажет» деп шығады. Бұл дұрыс емес. Айтатын ақшасын басында зерделеп айтпай ма?», – деп қынжылды. Біз Қайрат, Диқан ауылдарын аралап, тұрғындардың да пікірін білдік. Ауыл тұрғыны Индира Қасымбекова: «Ауылдан мәдениет үйінің құрылысы басталғанға қуанып едік. Бұл мекемемен бірге қосымша 6-7 адамға жұмыс орны ашылады деп ойладық. Өзім мектепте кіші қызметкермін. Балаларымыз бар. Жұбайым жұмыссыз. Нысанның құрылысы аяқталса, жұбайым сол жерге күзетші болып жұмысқа кіреді деген жоспарымыз бар. Бұл жерде мәдениет үйі ғана емес, кітапхана да болады. Бірақ, қазіргі келбетіне ауыл тұрғындарының көңілі толмай отыр. Салынып жатқан құрылыстың сапалы болғанын қалаймыз», – десе, Ақсай ауылының ақсақалы, ардагер ұстаз Жамалбек Батагоев: «Қайратта екі мың, Диқанда мың тұрғын бар. Мәдениет үйі сапалы салынса, екі ауылға қуаныш сыйлайтын еді. Әзірге көңіліміз көншитін жұмыс болмай тұр. Түрлі комиссиялар келіп көріп жатыр деп естимін. Енді бір жөніне келетін шығар деген сенімім бар», – дейді. Біз де құрылыс нысанын көзімізбен көрдік. 8 айда бітеді деген құрылыстың іші әлі сыланбаған. Төбесіндегі жабындылар желменен қозғалып, ұшып кетейін деп тұр. Есік-терезелері де жоқ. Айналасына әрлеу, тас төсеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Бір сөзбен айтқанда, әлі бітпеген «ауы менен бауы» көп. Бірақ, жергілікті жауаптылар биылғы жылдың соңына дейін аталған мәдениет үйінің құрылысы толық аяқталады деп сендіріп отыр. Әрине, ол уақытқа екі ай ғана мерзім қалды. Кім біледі, мүмкін сол мерзімге дейін мұндағы құрылыс жұмыстары аяқталып та қалар. Бірақ, 16 айдың ішінде жарты құрылысы да бітпеген нысан ендігі екі айдың ішінде сапалы аяқталады дегенге сену қиын. Аяқталған күнде де сапасы сын көтере ала ма екен?! Мәселе сонда...  

Есет ДОСАЛЫ

Жуалы ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар