- Advertisement -

«Сібір жарасы» ауруынан абай болайық

60

- Advertisement -

Сібір жарасы (қойда – топалаң, жылқыда – жамандат, ірі қарада – қараталақ, түйеде – ақшелек, қарабез) ауыл шаруашылығы және жабайы жануарлардың бациллус антрацис микробы коздыратын, жіті түрде өтетін, адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы ауру.

Өңірімізде әр жылдары тіркелген 189 сібір жарасы ауруының ошақтары бар. Сондықтан да облыс сібір жарасы ауруынан қолайсыз аймақ болып есептеледі.

Сібір жарасы өте кең тараған ауру. Оған ірі қара, қой, ешкі, жылқы, бұғы, түйе, сондай-ақ жабайы шөпқоректілер шалдығады. Шошқа сирек, ит пен мысық бацилламен өте көп мөлшерде залалданғанда ғана ауырады. Сақа жануарларға карағанда төл індетке біршама жиі шалдығады.

Сібір жарасы – маусымды індет. Ол әсіресе қуаңшылықты жылдары маусым-қыркүйек айларында жиі тарайды.

Сібір жарасы ауруына қарсы ем болмағандықтан, ең тиімдісі – алдын алу шаралары. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша жоспарға сай ауыл шаруашылығы жануарларына сібір жарасы ауруына қарсы егу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға да егілуі тиіс.

Сібір жарасы ауруына шалдыққан мал бағытсыз қозғалады, денесі құрысып, тісін қышырлатып, аузынан, мұрнынан, артқы ішегінен қанды көбік ағады және қаны ұйымайды. Індеттің жіті жағдайында малдың қызуы көтеріледі, мал қимылсыз күйзеліп, көзі қанталап, ауыз және тыныс кілегей қабығы көгеріп қан аралас тышқақтайды, көп ұзамай өледі.

Топалаңнан өлген малды сойған кезде оттегінің әсерінен қоздырғышы спораға айналатындықтан мұндай малды жарып көруге қатаң тыйым салынады. Спора әртүрлі химиялық заттар мен физикалық құбылыстарға аса төзімді, тіпті ол тікелей түскен күн сәулесінен 4 күнге дейін өлмей, шыдап басқа, қайнаған суда 45-60 минутқа, 140 градусқа дейін қызған ауада 3 сағатқа, 1 пайыз формалин мен 10 пайыз күйдіргіш натрий ерітіндісінде 2 сағатқа төзеді. Ол тұздалған теріде де тіршілік ете береді.

Ауру қоздырғыш ы сыртқы ортада сапрофит ретінде өмір сүріп, шаң-тозаң, ағынды су, қансорғыш кенелер арқылы бір жерден екінші жерге ауысып жаңадан індет ошағын құрайды. Сонымен қатар, қоздырғыштың таралуына етқоректілер мен жыртқыш құстар да себепкер болып, салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып арнайы мал өлекселерін өртейтін орындарға апару қажет. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Ауруды анықтағанда оның даму барысы, клиникалық және өлексе белгілері, эпизоотологиялық деректер негізге алынады, түбегейлі анықтау үшін микроскопиялық, бактериологиялық және биологиялық зерттеулер жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрінде ауру белгілері байқалған жағдайда дер кезінде жергілікті ветеринар мамандарға хабарлау қажет.

Облыс аумағында анықталған сібір жарасы ошақтары ветеринария мамандарының бақылауына алынған. Жыл сайын сібір жарасы көмінділерінен топырақ сынамалары алынып, ветеринариялық зертханада тексеріліп отырады. Сібір жарасы ошағы көмінділері «Сібір жарасы», «Қауіпті аймақ» деген ескертпе жазба тақтайшалары орнатылып, ережеге сәйкес қоршалып, бетондалған. Қоршалған жерлердің мемлекеттік жер актілері алынып, координаттары белгіленген. Облыс бойынша эпизоотологиялық жағдай тұрақты.

Облыс бойынша 2023 жылы ағымдағы уақытта жоспарға сәйкес сібір жарасы ауруына қарсы барлығы 4,8 миллион ауыл шаруашылығы жануарлары вакцинацияланды.

Облыс әкімінің жедел штаб отырысында берілген тапсырмасына сай қала аумағына келетін автокөлік жолдарына барлығы 5 тексеру бекеті және көрші облыстармен шекаралас орналасқан Мойынқұм, Қордай, Жуалы және Сарысу аудандарына қосымша тексеру бекеттері орналастырылып, мал және олардан алынатын өнімдерді тасымалдаушы көліктерді жіті бақылау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, ҚРАШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, Ветеринария бойынша Қазақ Ұлттық референттік орталығы, Республикалық ветеринариялық зертхана орталық аппараты және санитариялық эпидемиологиялық бақылау комитеті тарапынан құрылған мамандардың жұмысшы тобы аурудың көзін анықтау мен оның көзін жою бағытында зерделеу жүргізуде.

 

Талғатбек АЛТЫНБЕК,

облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support