- Advertisement -

Туризмді дамытудың тиімділігі мол

39

- Advertisement -

Бүгінгі таңда облыс аумағында 3510 тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан. Оның 25-і республикалық дәрежедегі нысандар болса, 3480-і жергілікті маңызы бар ескерткіштер.

Сонымен қатар, 8 ескерткіш Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне, 27 ескерткіш микросакралды картасына, 3 ескерткіш өңірлік деңгейдегі туристендіру картасына, 2 ескерткіш Еуразиялық Экономикалық ынтымақтастық ұйымының дүниежүзілік ерекше туристік тартымды нысандарының тізіміне енген. Ал, 5 археологиялық ескерткіш, яғни Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас сарай кешені ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде тұр.

Одан бөлек, өңірде 200-ден астам ежелгі қалашықтар, 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ, ал тау бөктерінде 30-дан астам шатқал бар.

Қазіргі уақытта облыс аумағында 220 туристерді орналастыру орны, 434 тамақтану орны, 15 туристік ұйым, 11 балаларды сауықтыру лагері, 7 шипажай, 15 демалыс орны, 200-ден аса қолөнершілер мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқарады. Негізгі туристік нысандар саны 65-ті құрап, олар арқылы өтетін 45 туристік маршруттар әзірленген.

Бұл туралы облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен кезекті баспасөз турында мәлімдеді.

Сонымен қатар, басқарма басшысы Ұлттық жобаның жүзеге асырылу барысындағы негізгі 4 бағытқа кеңінен тоқталды. Олар: ішкі туристер санын, шетелден келетін туристер санын, бөлме қоры санын ұлғайту және туризм саласының негізгі капиталына салынатын инвестициялар көлемін арттыру.

Айта кету керек, соңғы жылдары облыстағы ірі туристік аймақтардың ашылуы, туристік бизнес өкілдерімен ұсынылып отырған қызмет түрлерінің кеңеюі, орналастыру орындары санының көбеюі, ішкі туристік ағындардың өсуіне өз септігін тигізіп, өңірімізге келіп жатқан туристер легінің өсу динамикасы байқалуда.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы облысқа 135 712 турист келген, оның ішінде резиденттер саны – 132 840, ал резидент еместер саны 2 872 адамды құраған.

Ал, осы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа 68 262 турист келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,5 пайызға артып отыр.

– Облыстың туристік әлеуетін жарнамалау мақсатында бірқатар имидждік іс-шаралар өткізілуде. Жыл басынан «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесі, «Жанды сабақтар» жобасы, «Көктем көркі – қызғалдақ» іс- шарасы, Тараз-Түркістан-Тараз бағыты бойынша «Taraz City bus» экскурсиялық бағдарламасы жүзеге асырылды. Маусым айында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облысқа саяхаттап келген туристерді ақпараттандыру мақсатында, туристер көп шоғырланатын орындар – «Маrt» сауда орталығы мен «Әулие Ата» әуежайында туристерге толық ақпарат беретін, анықтамалық қызметтің барлық ресурстары шоғырланған, бірегей туристік ақпараттық терминалдар орналастырылды. Бұл терминалдар арқылы әлеуетті туристерге облыстағы қонақүйлер, тамақтану орындары, көлік субъектілері, көрікті жерлер мен туристік маршруттар туралы толық ақпарат бір терезе қағидаты бойынша ұсынылуда. Туризм саласын дамытудағы негізгі мәселелердің бірі – білікті кәсіби мамандар даярлау. Мамыр айында туристік салада білікті мамандар даярлауға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, гидтер мен экскурсоводтар курстары ұйымдастырылып, 30 маман халықаралық дәрежедегі сертификат алды, – дейді Біржан Мықтыбекұлы.

Киелі Тараз ежелден Ұлы Жібек жолы бойындағы қолөнер және сауда орталықтарының бірі болған. Осыған орай, екі жылдан астам уақыт ішінде Тараз қаласын дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енгізу бағытында жұмыстар атқарылып, бүгінде Тараз дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне 56-шы қала болып енгізілді.

Осы статусты сақтап қалу үшін қолөнер саласы екі жылда бір аккредитациядан өтуі міндетті. Сондықтан, жыл сайын Тараз қаласында халықаралық деңгейде іс-шара өткізумен қатар, жергілікті қолөнершілердің басқа елдерде өткізіліп жатқан көрмелерге қатысуын қамтамасыз ету қажет.

«Тараз шаһарын Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енгізудегі басты мақсат – өңірдің әлемге танымалдылығы мен туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында тәжірибе алмасу, бәсекелестікке төтеп беру және жоғалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтап қалу және қайта жаңғырту. Бұл бағытта Таразда екі халықаралық қолөнершілер көрмесі өткізіліп, оған облыстық, Қазақстанның барлық өңірлерінен және 16 шетел мемлекеттерінен келген, жалпы саны 450 қолөнерші қатысты», дейді басқарма басшысы.

Әрі қарай облыс әкімдігінің туризм басқармасы және облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің бірлесе ұйымдастыруымен өңірдегі туристік нысандарға экскурсия ұйымдастырылды.

Әуелі БАҚ өкілдері қолөнер және туризм орталығында орналасқан көрме залымен танысты. Мұнда «Шебер Шаңырақ» мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің қолдан жасаған қолөнер бұйымдары көрмеге қойылған. Айта кету керек, қоғамдық бірлестік 2021 жылы құрылған. Төраға және негізін қалаушы –қолөнерші Анар Бексұлтанова. Бұл қоғамдастықта шамамен 150 қатысушы бар. Олар ұлттық киім мен аксессуарлар жасаумен айналысады.

Бұдан соң, «Әулие-Ата» халықаралық әуежайында орналасқан сенсорлы терминалдың жұмысы таныстырылды. Ақпараттық терминалдың міндеті – туристік объектілермен, қонақүйлермен, қоғамдық тамақтандырумен, туроператорлармен және такси қызметтерімен сондай-ақ, өңірдің көрікті жерлерімен танысу процестерін үш тілде автоматтандыру.

Сонымен бірге, журналистер Жамбыл ауданына қарасты Айша бибі ауылындағы «Айша бибі» кесенесінде орналасқан ақпараттық дүңгіршектің жұмысын көріп, толық ақпарат алды. 2020 жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс әкімдігінің туризм басқармасы Тараз қаласына келген туристерге толық мәлімет беретін ақпараттық дүңгіршектер орнатқан. Дүңгіршектің басты міндеті – Тараз қаласы және оның туристік әлеуеті туралы ақпаратты қалыптастыру, тарату, туристерге әдістемелік және консультациялық көмек көрсету, өңіріміздегі туристік өнімді ұсыну.

«Алмалы» демалыс аймағының жұмысымен танысқан экскурсия қатысушылары туристік аймақта туристерге спорттық және сауықтыру, мәдени және ойын-сауық қызметтерінің толық спектрі ұсынылатыны туралы мағлұмат алды. Кешен құрылымында шағын қонақүйлер, монша, бассейн, балалар ойын-сауық алаңы, әкімшілік ғимараты, автотұрақ қарастырылған. Кешен құрылысының бірінші кезеңі биыл сәуір айында аяқталып, іске қосылған.

Кәсіпкерлік субъектілер шығындарының бір бөлігін субсидиялау қағидаларына сәйкес, жыл басынан бүгінгі күнге дейін облыста 12 санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауға субсидиялау жұмыстары жүргізілуде. Ал, өткен жылдың қорытындысы бойынша субсидия алған санитарлық-гигиеналық торап саны 9 болған.

Осындай республикалық мәндегі жолдың бойында орналасқан санитарлық-гигиеналық тораптардың біріне атбасын бұрған тілшілер қауымы жеке кәсіпкер Айдын Байнатасованы сөзге тарттық.

Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, жылдам тамақтанатын орында ыстық тамақ та, шай, кофе және тағы да басқа сусындар сатылады. Одан басқа, мұнда түрлі тәтті бәліштер де сатылымға қойылғанын көзіміз шалып қалды. Сонымен қатар, бұл нысанда арнайы жуынатын бөлме және әжетхана бар. Жолда тоқтаған жолаушыларға толық жағдай жасалған десек, артық айтқандық емес.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support