- Advertisement -

Ел мен елдің арасын жалғаған жәрмеңке

32

- Advertisement -

Жамбыл өңірінен бастау алған «Алқаптан сөреге» жобасы бірнеше жылдардан бері өзектілігін жоймай, дихандарға да, тұрғындарға да тиімділігін көрсетіп келеді. Ала жаздай тер төгіп, еңбектеніп жиған өнімін ешбір делдалсыз тұтынушыға саудалауға мүмкіндік берген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өткен сенбіде Тараз қаласының орталығында тағы да ұйымдастырылды. Бұл жолы өз облысымыздың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен қатар көршілес қырғыз елінің шаруалары да қатысты.

Жәрмеңкеге арнайы барып, ондағы тауар өндірушілермен де, тұтынушылармен де тілдескен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өзі де өнім сатып алды.

– Жәрмеңке баға нарқын тұрақтандыру үшін жасалатын іс. Мұнда кәсіпкерлер мен шаруалар өз өнімдерін сатылымға қояды. Яғни, ешқандай делдалсыз, халық та тікелей тауар өндірушінің өзімен сауда жасайды. Бұл – күнделікті сатылымдағы бағадан арзанға саудаланатын орта. Сонысымен де тиімді. Бұл жолғы жәрмеңкемізге көрші қырғыз ағайындардың да тауар өндірушілері өз өнімдерін біздің тараздықтарға ұсынып отыр. Сауда-саттық та екі ел арасындағы ынтымақты жалғауға негіз болады. Көршімен татулықты ұстанып, баға нарқын тұрақтандырып, тауар өндіруші мен тұтынушының арасында тікелей байланысты орнататын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі әлі де жалғаса береді, – деген облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы жәрмеңкеден талқан, бал сатып алды.

Қазақстан мен Қырғыз Республикалары арасындағы сауда-ынтымақтастық аясында өткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне Талас облысындағы Манас, Талас, Айтматов аудандары тауар өндірушілерінің өнімдері жеткізілген. Жалпы көлемі 20,4 тоннаны құрайтын тауарлардың ішінде сүт өнімдері, алма, картоп, сарымсақ, қызанақ, тәтті бұрыш, жұмыртқа, балық, бал және 615 дана тал мен жеміс ағаштары, 70 түп гүл түрлері бар.

Жәрмеңкеде қырғызстандық тауар өндірушілермен қатар өз облысымыздың Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі аудандары мен Тараз қаласының шаруалары да өнімдерін халыққа төмен бағада ұсынды. Жалпы құны 39,5 миллион теңгені құрайтын 54,2 тонна ауыл шаруашылығы тауарларының ішінде 9,5 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 2,5 тонна шұжық өнімдері, 4 тонна сүт өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 3 тонна макарон өнімдері, 0,6 тонна балық, 6 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 25,5 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.

– Шынын айтқанда, әр аптаның аяғында осы жәрмеңкені күтуді әдетке айналдырдық десек те болады. Тікелей ауылдағы азық-түлік өндіретіндердің өздерінен сатып алған бізге де көп тиімді. Біріншіден, қаладағы бағадан арзанға аламыз. Екіншіден, ешқандай қоспасыз таза екеніне сенімді боламыз. Өзім алған азық-түліктермен бағаны салыстырмалы түрде айтсам, күнделікті жиі сатып алатынымыздың бірі – сүт. Пастерленген сүтті қаладағы дүкендерден литрін 420 теңгеден алсақ, жәрмеңкеде ол 380 теңгеге сатылып тұр. Ауылдан табиғи өнім келіп тұрғанда пастерленген емес, қолдың сүтін алғым келді, ол біздің дүкендерде литрі 300 теңге болса, жәрмеңкеден 270 теңгеден алдым. Тағы бір жиі алатынымыз жұмыртқа, ол да қаладағы дүкендерден 34 теңгеге арзан, яғни 380 теңгеден алдым. Айта берсем, барлық азық-түлікте осындай баға айырмашылығы бар. Халыққа пайдасы бар осындай істі ұйымдастырып отырған билікке рақмет, осы секілді игі істер жалғаса берсін, – дейді тараздық тұрғын Айдана Бауыржанқызы.

Қазіргі күзгі жиын-терін уақытында бау-бақшадан алған көкөніс, жеміс-жидегін іріп-шірітпей дер кезінде ақшаға айналдыру – тауар өндірушілердің де басты мақсаты. Ал, қалалықтар құрамы таза, дала төсінде піскен немесе қауіпсіз әзірленген тағамды қолжетімді бағада сатып алуды қалайды. Екі жаққа да ұтымдысы ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі болып тұр.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support