- Advertisement -

Халық қауіпсіздігі мен салауаттылығы басты назарда

40

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, коронавирус індетін тезірек тоқтату мақсатында Отар елді мекенінде биофарм зауыты бой көтерген болатын. Іргетасы екі жыл бұрын қаланған нысанға сол кезеңде мемлекеттік бюджеттен қосымша 8 миллиард теңге бөлінген. Жалпы, зауыттың қуаттылығы жылына 30 миллионнан 60 миллионға дейін доза шығару. Бұл жерде негізінен ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері жұмыс істейді. Апта соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Қордай ауданына жасаған жұмыс сапары осы биофарм зауытының тыныс-тіршілігімен танысудан басталды. Атап өтерлігі, тиісті өндірістік практиканың (GMP), ветеринариялық және медициналық мақсаттағы талаптарына сәйкес келетін иммунобиологиялық препараттар шығаруға негізделген.

Бұдан кейін, аймақ басшысы Гвардейск қалашығындағы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан субстанциялар өндіру цехына (BSL-3) атбасын бұрды. «Тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкес келетін иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық жобаның құны 24,2 миллиард теңгені құрайды. Жауапты мердігер – «КА-Строй ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Негізгі мақсат – биозауыттың өндірістік қуатын айына 500 мыңнан 2 миллион дозаға дейін ұлғайту.

Бүгінгі таңда Гвардейск әскери қалашығында 8 мыңға жуық тұрғын бар. Оның ішінде 5 мың тұрғын әскери қызметкерлер болса, өзгесі түрлі саладағы мамандық иелері. Қалашықта әскерилерге арналған 180 пәтерлі жатақхана мен спорт кешені бой көтерген. Мұндағы негізгі проблема – ауыз су мәселесі. Аудан әкімі Бекзат Болатбековтің айтуынша, қалашықтың инфрақұрылымын жаңғырту бойынша келер жылға жоспарланған жобалар бар. Әскери гарнизондағы ифрақұрылымға қатысты мәселелерге қаныққан аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Облыс әкімі бұл ретте мемлекеттік- жекеменшік әріптестіктің маңызы зор екеніне тоқталды.

Елімізде мал етінен кейін ең көп тұтынылатыны – құс еті. Мұның бір себебі – құс етінің өзге еттерден бағасының салыстырмалы түрде төмендігі болса керек. Ауданда құс етін өндіруді «ECO CHICKEN» құс фермасы бастап, бұл жобаны «Қордай-Корм» серіктестігінің басшысы Талғат Сәрсенбаев қолға алған. Құрама жем өндіру нарығында жемісті еңбек етіп жүрген серіктестік нарықты зерттей келе құс өсіру ісін бастаған. Жоба 2018 жылдан бері қолға алынған болса, 2019 жылдың қараша айында «сэндвич-панельдерден» құрастырылған алғашқы модуль іске қосылды. Аталған серіктестіктің жұмысымен танысқан аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев мұндағы модульді құс фермасының құрылысын көзбен көрді.

Айта кетейік, шаруашылық бас-аяғы 21 модульді құс фермасын салса, қазіргі таңда онда 40 мың құс өсірілуде. Ал, жыл соңына дейін қосымша тағы 10 модульді құс фермасы орнатылып, жоба қуаттылығы 1 мың тонна құс етін өндіруге жетеді деп көзделуде. Бұл аудан тұрғындарын құс етін тұтыну көрсеткішінің 10 пайызын құрамақ.

Жалпы, мұнда 2025 жылға дейін қосымша 100 модульді құс фермасын салу жоспарлануда. Атап өтерлігі, 27 шағын құс шаруашылығын біріктірген кооператив мүшелері «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық несиемен қаржыландырылған. Ербол Шырақпайұлы құс шаруашылығының жұмысын оң бағалап, өнімнің тұтынушыларға жеткізілу барысын сұрады. Сондай-ақ, кооперативтің инфрақұрылымға қатысты мәселесін тездетіп шешу мүмкіндігін қарастыру бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Тұрғындарының саны мен жер көлемі жағынан облыс аудандары арасында көш бастап тұрған Қордай ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – айрықша маңызға ие. Бұл ретте ауданға қарасты Масаншы және Сортөбе ауылдарында осыдан үш жыл бұрын орын алған қайғылы оқиға баршаға сабақ болуы тиіс. Себебі, көпұлтты аймақта татулық пен достық салтанат құрған жағдайда ғана өңір дамудың даңғыл жолына түспек. Ал, қоғамның тыныштығы мен құқықбұзушылықтың алдын алуды қамтамасыз етуде полицейлерге артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Мұны ескерген жергілікті билік өткен жылдың тамыз айында Қордай ауылында 150 адамға арналған полиция бөлімшесінің қазығын қаққан болатын. Құрылысқа «ҚазМұнайҚұрылыс» мердігер компаниясы жауапты. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Атап өтейік, бүгінде Сортөбе ауылында да 75 орындық полиция пунктінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. «Компания Сырым Блеке» серіктестігі қолға алған құрылыс жұмыстары өткен жылдың желтоқсан айында басталған. Қос нысанның жұмысына қаныққан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қордайлық атқамінерлерге ең бірінші кезекте халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрғындарға мінсіз қызмет көрсетуге барынша назар аудару керектігін ескертті. Сондай-ақ, бұл күні аймақ басшысы Қордай ауылында жуырда ғана пайдалануға берілген халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Бұдан кейін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қарасу ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген дене шынықтыру және сауықтыру спорт кешенінің ашылуына арнайы қатысып, ауылдықтарды қуанышымен құттықтады. Жалпы құны 342 миллион теңгені құраған нысан құрылысын «Тараз-ҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Мұнда ауыл тұрғындары спорттың 10-ға жуық түрімен айналысатын болады. Салтанатты шара барысында Ербол Шырақпайұлы спорт саласындағы жемісті жұмыстарға тоқталып, өңір аумағында бұл саланың дамуына ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді.

Сонымен қатар, осы күні облыс әкімі Қарасу және Сортөбе ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Кездесу соңында бірқатар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 

 Есен ӨТЕУЛІ

Қордай ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support