- Advertisement -

Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер

78

- Advertisement -

Бірнеше жыл бұрын елімізде тек біздің облыста ғана жүргізілген пилоттық жобамен жеке кәсібін ашып, басқа жұмыссыз ауылдастарын да табыс көзімен қамтығандардың қатары көбейген еді. Нәтижелі жемісін көрсеткен жобаның игілігін көргендердің бірі – Т.Рысқұлов ауданындағы Құмарық ауылының тұрғыны Жанар Аязбаева. Ол өзінің «Адина» жеке кәсіпкерлігін 2,5 пайыздық несиемен өркендетіп, қазір отағасы Болатхан Жөкешовпен бірге мал шаруашылығының өрісін кеңейтіп отыр.

Болатхан Әлімбекұлы «Болатхан» шаруа қожалығын құрып, мал бағып, бордақылап, ет сатумен айналысатын. Жұбайы Жанар Өмірбайқызы пилоттық жобаның көмегімен жеке кәсіпкерлігін ашқаннан соң сүт бағытында бие асырауды да қолға алған.

– Осыдан екі жыл бұрын екі жарым пайыздық несие алып, 5 бас жылқы 20 бас ұсақ мал сатып әкелгенбіз. Қораны өз үйіміздің ауласынан салдық. Көктем шыққалы тек бордақылайтындарын ғана қорада қалдырып, басқаларын тауға жайылымға жібердік. Пилоттық жобамен алған малдардан бөлек, бұрыннан өзімде бар төрт түлігім де болды. Солардың ішінен қымызға байлайтын биелеріміз де, ет бағытында бордақылайтын жылқы, мүйізді ірі қара, қойларымыз да бар. Негізі жаңадан туған төлдерді борқадақылап, ет бағытында бағамын. Ал, сауынды малдардың сүтін өндіріп, сатылымға шығарамыз, олар жайылымда болады. Ет, сүт бағытын да жүргізіп отырмыз. Өзім бала күнімнен саудаға араласып, мектепті бітірген соң сауда-саттықпен айналысқанмын. Кейін мемлекет өз ісін бастауға ниеттілерге жәрдемдесетін бағдарламаларды шығарғаннан кейін, сол қолдауды пайдаланып, ауылда мал басын құрап, шаруа қожалығымды құрған болатынмын. Келіншегім жеке кәсіпкерлігін ашып, осы қожалықтағы биелердің қымызын дайындап, сатады. Осылай екеуміз бірігіп, еңбек етіп жүрміз. Әзірше көмекшілерім өз балаларым. Алдағы уақытта мал басын бұдан да көбейтіп, өз жерімізге егін сеуіп, малдарымның жем-шөбін өзіміз өндірсек деген ойымыз бар. Сол кезде, бәлкім қожалығыма жұмысшы да алармын, – деді Болатхан Әлімбекұлы шаруашылығын бізге таныстыра жүріп.

Ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің ортақ мүддесі – халқымыздың ертедегі бабалардан қалған кәсібін жалғап, өрісін төлге толтырып, халыққа таза табиғи азық, сусын өндіріп беру. Бүгінде олар қымыздың барлық түрін әзірлеп, сатады. Сонымен қатар, қолжетімді бағада бордақыланған малдың етін де саудаға шығарады. Әзірге табысын өз отбасының керек-жарағына жұмсап отырған олар келешекте кәсіпкерліктерін өркендетіп, ауылдастарын да жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Т.Рысқұлов ауданы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support