- Advertisement -

Екі аудан әкімін халық сайлайды

107

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланатынын мәлімдеген болатын. Көп ұзамай пилоттық режимде қолға алынған саяси дода 5 қарашаға белгіленіп, еліміздің 3 қаласы мен 42 ауданында өтетіні белгілі болды. Өз кезегінде, Орталық сайлау комиссиясы өткен аптаның соңында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауға дайындық жұмыстарының қорытындысын шығарып, маңызды саяси науқан өтетін өңірлерді аралау басталғанын мәлім етті.

«5 қарашаға белгіленген пилоттық аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайлауын дайындау және өткізу шеңберінде инспекциялық сапармен аумақтық сайлау комиссияларына әдістемелік-практикалық көмек көрсету үшін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері барлық 17 өңірді аралауды бастады», – деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров. Ол сайлау процесінің ең маңызды кезеңдерінің бірі болып табылатын кандидаттарды ұсыну 5 қазанда аяқталғанын және бұл кезеңнің өте белсенді болғанын атап өтті.

Сондай-ақ, жұмыстардың қорытындысын жариялаған Орталық сайлау комиссиясы барлық өңір бойынша 45 әкім лауазымына 249 үміткер ұсынылғанын айтты. Бір орынға орта есеппен 5 үміткерден келеді. Дегенмен, өңірлерге байланысты бәсекелестік әртүрлі болған. Атап айтқанда, бір орынға 9 кандидат үміткер болған аймақтар бар. Солардың арасында біздің облыстың Жуалы ауданында да бір орынға үміткер болғандар саны көп болды.

Кандидаттарды ұсыну саяси партиялар арқылы және өзін-өзі ұсыну жолымен жүргізілді. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, тіркелгендердің 63 пайыздан астамы өзін-өзі ұсынғандар болса, 36 пайыздан көбі саяси партиялардың атынан сайлауға түсіп жатыр. Ұсыну барысында барлық тіркелген 7 саяси партия өз белсендігін көрсеткен. Үміткерлердің орташа жасы – 47. Кандидаттардың басым бөлігін ерлер құрайды, сонымен бірге арасында 13 әйел адам бар. Ұсынылған үміткерлердің 63,05 пайызы мемлекеттік қызметшілер болса, 6,83 пайызын уақытша жұмыс істемейтіндер құрайды. Қалғандары түрлі салаларда еңбек етіп жүрген азаматтар. Әкімдер лауазымына кандидаттарды тіркеу 10 қазанда аяқталды.

Біздің Жамбыл облысында пилоттық сайлау өткізуге екі аудан таңдалып алынған болатын. Яғни, 5 қарашада Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдері алғаш рет халықтың тікелей таңдауымен сайланбақ. Бүгінде аталған аудандарда алдағы саяси науқанға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұларда саяси доданың ашық әрі әділ өтуіне аумақтық сайлау комиссиялары жауапты болмақ. Өйткені, сайлауды жариялау, дайындау мен өткізу, ұйымдастыру және қорытындылау бойынша айрықша құзырет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына тиесілі. Орталық сайлау комиссиясының науқан шеңберіндегі құзыреті – әдістемелік және нормативтік тұрғыда қамтамасыз ету. Мұндай өкілеттіктерді бөлу «Сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген және 2021 жылдан бастап ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерін сайлау жөнінде өткізілетін науқандар барысында жүзеге асып келеді.

Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, бүгінде ауданда 39 сайлау учаскесі құрылып, таңдау жасауға құқылы 31620 сайлаушы тіркелген. Бастапқыда ауданда әкім болуға 9 кандидат ұсынылған. Олардың 2-еуін партиялар ұсынса («Аmanat» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы), 7-еуі өзін-өзі ұсыну тәртібін пайдаланды. Кандидаттардың 5-еуі мемлекеттік қызметкер, 2-еуі жұмыссыз, 1-еуі шаруа қожылығының басшысы болса, енді 1 үміткер партия төрағасы. Кейінірек 9 кандидаттың 3-еуі сайлауға түсуден өз еріктерімен бас тартып, 6-уы қалды. Ал, 10 қазанда аяқталған кандидаттарды тіркеудің қорытындысы бойынша сол үміткерлердің 4-еуі ғана, өзін-өзі ұсынғандар арасынан Нұржігіт Бөлекбаев, Ғани Жұбаев, Жәнібек Мырзалиев және «Аmanat» партиясы ұсынған ауданның қазіргі әкімі Жалғас Мұртаза саяси додаға қатысуға мүмкіндік алды.

Бүгінде өңірдің тағы бір ауданында сайлауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Т.Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Тілеповтің айтуынша, мұнда 35 сайлау учаскесі құрылып, барлығы 40611 тұрғын дауыс беру құқығына ие болып отыр. Бұл астықты ауданда әкім болуға 5 азамат өзін-өзі ұсынса, 1 үміткер «Аmanat» партиясы арқылы тіркелген. Дегенмен, 10 қазанда аяқталған кандидаттарды тіркеу қорытындысына сәйкес, алдағы саяси додаға 6 кандидаттың 3-еуі ғана, яғни өзін-өзі ұсынған Сапар Кулманов пен Бақытбек Аблазимов және партия атынан ауданның қазіргі әкімі Ернар Есіркепов қатысатын болды. Екі ауданда да ұсынылған кандидаттардың барлығы ер азаматтар екенін айта кеткен жөн.

Сонымен, жоғарыда аталған екі ауданның халқын алда үлкен саяси науқан күтіп тұр. Аудан әкімін таңдаудың осындай әдісі елімізде алғаш рет қолданылғалы отырғанын ескерсек, мұндай сайлау өткізу – өркениетке және демократиялық қоғамға қол созған реформалардың жемісі деуге болады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам жергілікті жерде бәсекеге қабілетті саяси орта қалыптастыруға жол ашады. Халықтың ортасынан оза шауып, тұрғындардың мұң-мұқтажын көтеріп жүрген азаматтардың саясат сахнасына шығуына мүмкіндік береді. Мұндай тәртіп сайлау алдында үйіп-төгіп уәде беріп, мансапқа қол жеткізген соң халықтың мұң-мұқтажын ұмытып кететіндердің қатарын азайтады. Халық арасынан сайланған әкім ел-жұрттың жауапкершілігі мен сенімін арқалай жүріп, ауыл-аймақтың шын жанашыры ретінде қызмет етеді деген сенім мол. Бұл ретте елдегі саяси партиялардың өз кандидаттарын ұсынуына, сонымен қатар жекелеген азаматтардың да өзін-өзі ұсынуы арқылы үміткер болуға мүмкіндігі болғанын айта кеткен жөн.

Біздің елімізде ауыл, қала әкімдерінің тікелей сайлауы екі жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келеді. Ендеше, халық 5 қарашада өтетін аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын да дұрыс қабылдайды және сайлау процесіне белсенді қатысады деп сенеміз.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support